«Бұл дилемманы бірігіп шешу керек»

Тимур Құлыбаев қаржы көздерінің шағын және орта бизнес үшін қолжетімсіздігін реттеуге уәде берді.

02 Маусым 2018 00:51 Автор:
«Бұл дилемманы бірігіп шешу керек», Тимур Құлыбаев, Атамекен, бизнес, қаржыландыру, Қызылорда

Шағын және орта кәсіпкерлікті екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландыру – өзекті мәселенің бірі. Аталған түйткілді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Қызылорда облыстық өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің жиынында көтерді.

Бұл ретте, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкімет, Ұлттық банк және «Атамекен» бірігіп, шағын және орта бизнесті қаржыландыру мәселесін шешуді қолға алмақ.

«Бұл жағдайды бірлесе шешуіміз керек. Аталған түйткілді жақын арада өтетін палатаның қаржы секторы комитетінің отырысында қарастырамыз. Әрине, бизнес даму жолында банк қаражатына мұқтаж. Нормативті реттеуде мәселе барын, Ұлттық банк тарапынан белгілі бір қатаң талаптар орнатылғанын түсініп отырмыз. Бірақ, бұл дилемманы бірігіп шешу керек», – деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» басшысы қаржы қолжетімділігі мен қаржыландырудың ақылға қонымды мөлшерін сақтаудың арасында сенімді теңгерімді қамтамасыз ету үшін нақты және сараланған стратегия қажет деп санайды.

«Басқа елдермен салыстырғанда біздің кәсіпкерлерге бәсекелік артықшылықты қамтамасыз ету үшін қаржы мөлшерлемесі ақылға қонымды болуы керек. Ресейде агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру арнайы мемлекеттік банктер арқылы төмен мөлшерлемелермен жүзеге асырылады. Мемлекет тарапынан қосымша субсидия да беріледі. Сондықтан онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер біздің шаруаларға қарағанда анағұрлым артықшылыққа ие», – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуы жергілікті атқарушы органдарымен орнаған қарым-қатынасқа да байланысты екенін айтты. Осы ретте Қызылорда облысы – үлгілі өңірдің бірі. Өйткені мұнда жергілікті әкімдік пен ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі бірінші гео-ақпараттық онлайн-орталықты ашқан болатын. Осы арқылы бизнес рұқсат қағаздары мен қажетті техникалық талаптарды бір-екі күн ішінде онлайн форматта ала алады. Бұрын бұл процедураларға бірнеше ай жұмсалатын.

«Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі отырысында мемлекет басшысы осындай форматтағы қызметтер бүкіл ел көлемінде көрсетілуі керек екенін айтып, қызметтеріңізге оң баға берді. Бұл жақсы тәжірибе. Дәл осы жерде толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бірі құрылды. Бизнес пен әкімдік арасында да тиімді байланыс орнаған. Қырымбек Елеуұлы, (Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев – ред.) бизнес өкілдерінің атынан сізге әрі командаңызға кәсіпкерлерге көрсетіп жатқан қолдауыңыз үшін алғыс білдіргім келеді», – деді Тимур Құлыбаев.