"БҰҰ алаңында криптовалютаға қатысты ортақ ереже бастамасы жүзеге асырылуға тиіс"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2413

Нұрсұлтан Назарбаев XI Астана экономикалық форумында осындай бастама көтерді.

"БҰҰ алаңында криптовалютаға қатысты ортақ ереже бастамасы жүзеге асырылуға тиіс" Фото: Мария Матвиенко

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев XI Астана экономикалық форумының жалпы отырысында алпауыт елдердің арасындағы түсініспеушіліктің себебі мен салдары жаһан жұртын алаңдатып отырғанын айтты.

"Астана экономикалық форумына қатысу жақсы дәстүрге айналып келеді. Келген қонақтарымызға, жалпы біздің азаматтарға зор рахметімді айтамын. Форум 11-ші рет әлемдік экономиканың инвестициялары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңына айналды. Былтырғы басқосудан бері біз әлемдігі орасан зор өзгерістердің куәгері болып отырмыз. Жаңа текетірестер, конфронтациялар пайда болуда, мемлекеттер арасында келісімге келу қиындап бара жатыр. Әсіресе үлкен мемлекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсы тараптың ұстанымын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан басшысы қиындық туғызып отырған мәселелерді ушықтырмай, дер кезінде сабырмен шешу қажеттігін алға тартты.

"Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге тиімді жауап іздеуге бағытталған. Осыған орай форумға жаһандық деңгейдегі айтулы тұлғалар мен білікті мамандар жиналып отыр. Біз олардың ойын білуге, сөзін тыңдауға алаң ұсынып отырмыз", – деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда ұзақ өмір сүру индустриясы әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналғанына тоқталды.

"Ғаламшар тұрғындарының саны жылдам өсіп келеді. Соңғы онжылдықтағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері адам өмірінің орташа ұзақтығын ұлғайтты. Бүгінге дейінгі 70 жылда адам өмірінің ұзақтығы 23 жылға, 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш тәуелсіздік жылдарының ішінде 65-тен 72,5 жасқа дейін ұлғайды", – деді елбасы.

Президенттің пікірінше, демографиялық дүмпу адамзаттың алдына нақты міндет қойып отыр. Ғасыр ортасында 10 млрд тұрғынды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қазірден бастап 60%- көп өнім өндіру қажет болады. "Базалық ресурстардың шектеулі екенін, әсіресе тұщы су тапшылығының артып отырғанын ескерсек, бұл оңай міндет емес", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, қауіптің алдын алу үшін ауыл шаруашылығы саласы жоғары технологиялық салаға айналуға тиіс.

Қазақ басшысының байламынша, XI Астана экономикалық форумы адамзат баласына ортақ маңызды әрі өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр.

"Бұл форум мемлекеттердің мүдделері мен пікірлерін үйлестіріп қана қоймай, нақты әрекет етуге ықпал етеді. Мәселен осы алаңда келесі тақырыптарды талқылауға болады. Біріншіден, тұрақты даму мәселелері, кедейлікпен, аштықпен күрес, су жетіспеушілігі мәселесі, экологиялық апаттарға қарсы күрес. Екіншіден, экономикалық теңсіздікті қысқарту, табыстар арасындағы айырманы төмендету, әлемдегі әлеуметтік әл-ауқатқа тең дәрежеде қол жеткізу. Осы ретте экономикалық өсімді ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әдіснама әзірлеу маңызды қадам болар еді", – деді президент.

Елбасы адамдар мен мемлекеттер арасындағы теңсіздікті тілге тиек етіп, бұдан шығудың жолын айтты.

"Қазіргі таңда әлемдегі ең бай 62 адамның активтері жер жаһандағы кедей халықтың жартысының, яғни 3,5 млрд адамның табысымен теңесті. Бірқатар халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, өткен жылғы байлықтың 80%-ы әлемдегі халықтың 1%-на ғана тиесілі болып отыр. Парадокс, бірақ, адамдардың өмірін жақсартуға тиіс технологиялық төңкеріс теңсіздіктің жаңа бағыттарына жол беріп отыр. Осы мәселелердің барлығын шешу үшін жаңа тиімді механизмді құрудың, мемлекеттер арасындағы диалогты күшейтіп, білім алмасуды реттеудің уақыты келді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан кейін мемлекет басшысы халықаралық сауда контурының жаңа ережелерін әзірлеудің уақыты келгенін баяндады.

"Бізге жалған ақпараттардың таралуын жан-жақты талқылау керек. Жалған ақпараттардың таралуы мемлекеттер мен ұлттар арасындағы келіспеушілікті туындатады. Үкімет, азаматтық қоғам институттары, БАҚ өзінің жауапкершілігі тұрғысынан бір келісімге келуі керек. Криптовалюталарды реттеу қажет. Көптеген мемлекеттер криптовалютаны қаржылық жүйелердің ағымдағы конфигурациясына бейімдеуді ойластырып жатыр. Бұл ретте ортақ ереже құруды бастау керек. Айта кетерлігі, Global бастамасында бұл ретте сарапшылық және институционалдық қолдау бар. Халықаралық ұйымдар бұл туралы G20 саммитінде бірнеше рет айтты. 8 мамырда Ислам Ынтымақтастық Ұйымы сыртқы істер министрлерінің кеңесі бұл бастаманы қолдауға бағытталған қарар қабылдады. Халықаралық бірлестіктердің араласып отырғанын есепке ала отырып, мен осы бастаманы БҰҰ алаңында жүзеге асыруды ұсынамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің пайымдауынша, әлемде мүлде жаңа формация қалыптасып жатыр. Уақыт өте келе адамзат қаласа да, қаламаса да жұмыс күшін роботтар алмастырады.

"Жақын арада әдеттегі еңбек күшінің 80%-ы роботтандырылған жүйеге көшеді. Кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің болуы маңызды болады. Дамушы елдердегі өндіріс орындары дамыған елдерге кері қайтарылып жатыр. Мұның барлығы ұлттық экономикалар мен әлеуметтік жүйелер үшін үлкен сын-қатер", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мәселенің түйінін тарқату үшін білім беру жүйесі реформалануға тиіс. Бұл туралы елбасы: "Білім беру практикасынан креативті ойлау, қажетті ақпаратты тауып, оны ұтымды пайдалана білу қабілеттерін үйретуге көшу қажет. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта тиісті жұмыс атқаруда. Біз бұған дайындалдық және әлі де дайындала береміз", – деді.

Сөз арасында мемлекет басшысы қазақ жастары "Болашақ" бағдарламасының жемісін жеп отырғанын алға тартып, 25 жылда 13 мың қазақстандық мемлекет есебінен әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алғанын, қазір 70 мың шәкірт шетелде білім алып жатқанын айтты.

"Біз әлемдік жоғары деңгейдегі өз университеттерімізді де аштық, олар: Назарбаев университеті, ҚБТУ, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институты, халықаралық ақпараттық жүйелер университеті. Мұнда біліктігі жоғары мамандар даярланып жатыр. Мемлекет грант санын көбейтіп жатыр, студенттердің өмір сүру деңгейін жақсартуға күш салуда. Өткен жылы жастарға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасын іске қостық. Жастар алғашқы мамандығын алып, жұмысқа орналасады, әрі қарай өз өмірін жоспарлайды. Әлемдік деңгейдегі студенттерді әзірлеу үшін Қазақстан мектептеріне де реформа жасалып жатыр. Қазақстанда әзірге халықаралық аккредитациядан өткен 20 зияткерлік мектеп бар және қалған мектептерді де сол деңгейге жеткізу көзделген", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы әлемдік экономикаға цифрландыру процесінің қалай әсер ететіні жайлы да сөз қозғады.

"Цифрландыру адам өмірінің барлық аспектілерінің бірінші мегатренді болып отыр. Біздің көз алдымызда қарқынды түрде экономиканың жаңа моделі құрылуда. Бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның барша өмірі цифрландырылған. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы базалық факторларды өзгертеді. Өндірістерді қадағалайтын әрі жақсарта алатын, өзін-өзі жетілдіретін электронды жүйелер үйреншікті құбылысқа айналды. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 трлн долларға арттырады. Сарапшылардың пайымынша, 500 ірі компанияның 200-і алдағы онжылдықта жойылып кетеді. Сонымен бірге, цифрландырумен қатар киберқылмыс та ілесіп жүреді. Яғни киберқылмыс 2017 жылы бизнес үшін ең қатерлі қауіп ретінде танылды, алайда бұл қылмыс түрі бір жыл бұрынғы тізімде тек бесінші орында тұрған еді. Әрине, осы және өзге де факторлар елдердің цифрлық провинцияда қалып қоймауы талпынысын ескертеді. Біз де бұл шынайылықтарға бейімделудеміз. Бұл тұрғыда Цифрлық Қазақстан бағдарламасы іске қосылды. Оны жүзеге асыру цифрлық инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз етеді", – деді президент.

Айта кетейік, ХІ Астана экономикалық форумында бірыңғай экономика әлемі, жаһандық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі, жаңа адамзат әлемі, қалалар әлемі, цифрландыру әлемі, болашақ ақшасы әлемі, жаһандық қауіпсіздік әлемі және сингулярлық әлем деген 11 жаһандық тақырып күн тәртібіне қойылып жатыр. Форум TED talks, инновациялық презентациялар, воркшоптар мен нарықтың болашақта дамуын болжай алатын және оған әсер ете алатын сарапшы-визионерлердің баяндамалары тыңдалуда.

Форумның жалпы отырыста алдағы екі күнде адамзат өмірін сан түрлі қатерлерден аман алып қалудың жолдарына қатысты әлемдік көшбасшылар мен ойшылдардан, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары сондай-ақ іскерлік орта өкілдерінен құралған 500-ге жуық спикер пікір білдіретіні жария болды. Бұл АЭФ-тің рекордтық көрсеткіші. Топ-спикерлердің арасында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер, физик, футуролог Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы Джим О'Нил, Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк сынды тұлғалар бар.

Қатысушылар форум нәтижелі болатынына бек сенімді. Себебі осыған дейінгі форумдарда ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізілген. Мысалы 2012 жылғы ұсыныстар БҰҰ бас ассамблеясының пленарлық сессиясында таныстырылып, БҰҰ бас хатшысы Пан Гу Мунның, БҰҰ бас ассамблеясының 66-сессиясының президенті Ан-Насердің оң бағасын алған. 2013 жылы форум аясында БҰҰ бас ассамблеясының қолдауымен І дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция ұйымдастырылған. Қорытындысында Астана декларациясы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған әлемдік дағдарысқа қарсы жоспардың жобасы бекітілген. Ал 2014 жылғы басқосудан соң БҰҰ-ға мүше елдерге арналған дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданған.

Еуразияның басты экономикалық конгресіне биылға дейін әлемнің 150 елінен шамамен 50 мың делегат қатысты. Олардың қатарында Нобель сыйлығының 20 лауреаты болды. Астана экономикалық форумдарының нәтижесінде 20 млрд АҚШ долларын құрайтын сомаға 300-ден астам келісім жасалды. Бұған қоса еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының астаналық клубы құрылды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу