«Қайрат» пен «Тобыл» жол тапты, жеңіске де, голға да

Еліміздің екі клубы Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі бірінші ойындарын өткізіп, екеуі де жеңіске жетті.

27 Шілде 2018 09:28 Автор: Маруан Түсіп
«Қайрат» пен «Тобыл» жол тапты, жеңіске де, голға да, футбол, UEFA Еуропа лигасының екінші кезеңі, іріктеу кезеңі, Чемпиондар лигасы

UEFA Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі алғашқы ойындарын «Қайрат» пен «Тобыл» өз алаңдарында өткізген. Алматылықтар азуы алты қарыс «АЗ Алкмаар» (Нидерланды) клубымен кездессе, Қостанай клубы Арменияның «Пюник» командасын қабылдады. Қос командамыз да қарсыластарын тізе бүктіріп, отандық футбол жанкүйерлері мен мамандарын қуанышқа бөледі.

«Қайраттың» қарсыласы шынымен де азулы еді. Құрамындағы ойыншыларының да  деңгейі жоғары болатын. Мәселен немістің беделді transfermarkt.de басылымының дерегіне сүйенсек, дәл қазір «Қайрат» клубының нарықтықтық бағасы (барлық ойыншыларының) – 17,55 млн еуро. Ал «АЗ Алкмаар» құрамындағы ойыншылардың бағасы әлдеқайда жоғары  – 52,08 млн  еуро.

Әйтсе де, іс жүзінде бәрі де керісінше болды. «Қайрат» Нидерландының екі дүркін чемпионын тізе бүктірді. Алматы клубының украиналық шабуылшысы Адеринсола Эсеола құйындай орап соғып, «АЗ Алкмаар» футболшыларының екі аяқтарын бір «етікке» (бутсыға деген дұрыс па еді) тықты. Екі гол соғып, үнемі қауіп төндірумен болды. Қонақтардың қорғаушылары оған ілесе алмай, қара терге түсті.

Ең бастысы «Қайрат» бұл ойында өз қақпасына гол жіберген жоқ. Осы ретте команда сапына жақында қосылған Беларусь қорғаушысы Сергей Политевичті бөле-жара атап өтуге болады. Ол серіктерімен тізе қоса қимылдап, алматылықтардың орталық қорғанысының топсасын берік ұстап, осал тұсының «жігін» білдірмеуге тырысты.

Сөйтіп «Қайрат» өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қарымта матч бір аптадан кейін «Қызғалдақтар елінде» өтеді. Алматылықтар бүгінгідей жоғары қарқында ойнап, түзде бір гол соқса, «АЗ Алкмаар» клубының жағдайы қиындай түседі (Онда оларға төрт гол соғу керек болады). Қалай десек те, Бауыржан Исламхан бастаған қайраттықтар Голландияның солтүстігінде ірі есепен ұтылмайды деп үміттенеміз.

«Тобыл» болса, Арменияның «Пюник» клубын қабылдаған. Бұл команданың легионерлеріне виза алу қиямет-қайымға соғып, Арарат аңғарынан кешігіп келді. Қостанайға келулері біршама «жыр» болған ұжым алаңға шыққанда бәрін ұмытты. Алаң иелеріне дес бермей, тайталасып бақты. Тіпті матч соңында бір гол соғып, есепті қысқартты. 

Бір қызығы, «Пюник» сапында бұған дейін Қазақстанда ойнаған екі футболшы бар. Атап айтқанда иварулық Дидье Кадио «Жетісу» мен «Шахтердің» намысын қорғаса, оның жерлесі Мохамел Конате «Қайрат А» командасында өнер көрсеткен болатын. Екеуі де негізгі құрамда алаңға шығып, Ереван клубының белді ойыншыларына айналғандарын дәлелдеуге тырысты.

48 минут бойы «Пюниктің» қақпасына гол сала алмай, діңкелеген «Тобылды» Максим Федин желпіндірді. Оның доғаша иіп, қақпа ішіне дәл түсірген әдемі добы жанкүйерлерді де дүр сілкіндірді. Бұдан кейін қонақтардың қақпашысы өрескел қателік жіберіп, Азат Нұрғалиев есепті еселеп кетті.

Өкінішке қарай, соңғы минутта «Тобылдың» тарланбоздары босаңсып, кібіртіктеп қалып, Армения клубының есепті қысқартуына мүмкіндік беріп қойды. Енді түзде қиындау болады. Абзалы, ұтылмау керек. Қостанай клубы Еревандағы Вазген Саргсян атындағы стадионда «Пюникке» дес бермей, келесі кезеңге өтеді деп үміттенеміз.

«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – «АЗ Алкмаар» (Нидерланды) – 2:0 

Голдар: Эсеола, 12. Эсеола, 50.

«Қайрат»: Плотников, Сүйімбаев, Бато, Политевич, Вороговский, Фелипе, Қуат (Парагульгов, 85), Исламхан, Аршавин (Жуков, 90+1), Исаэль, Эсеола (Эппель, 78).

«АЗ Алкмаар»: Бизот, Оуведжан, Влаар, Хацидиакос, Свенссон,  Мидтше, Сентьенс, Тил, Боаду (Бель-Хассани, 72), Идрисси, Фрайдей.

«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) - «Пюник» (Ереван, Армения) – 2:1

Голдар: Федин, 49 (1:0). Нұрғалиев, 80 (2:0). Корян, 90 (2:1).

«Тобыл»: Непогодов, Дмитренко, Кассай, Мирошниченко, Жулпа, Быстров (Нөсербаев, 68), Федин, Канкава, Квеквескири, Нұрғалиев (Жарынбетов, 90+1), Лескано (Тұрысбек, 72).

«Пюник»: Кобозев, Григорян, Кадио, Жестоков, Дмитриев, Айрапетян, Трусевич, Аракелян (Овсепян, 62), Войнов (Богатырев, 81), Конате (Корян, 69), Аветисян.

Маруан Түсіп