«Қазақмыс» өңірлердегі өндірісін әртараптандырмақ

Мыс корпорациясы өзінің өндірісі орналасқан облыстардағы ілеспелі салаларды отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу арқылы өсіріп отыр.

26 Маусым 2018 10:39 Автор: Данияр Сериков
«Қазақмыс» өңірлердегі өндірісін әртараптандырмақ, Қазақмыс, жергілікті қамту, қазақстандық қамту ШОБ, сатып алулар

«Қазақмыс» компаниясы соңғы тоғыз жылда жергілікті сатып алу үлесін екі есе, яғни 36 %-дан 76,8%-ға дейін өсірген. Бұл туралы корпорацияның 2017жылы қазақстандық қамтуды дамыту қорытындысы бойынша жасалған сараптамалық есебінде айтылды. Мемлекет басшысы 2009 жылы жергілікті өндірісті дамытуға тапсырма берген болатын. Осы кезден бастап «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тау-кен өндіруші компанияларының алды болып тауар өндірушілерді қолдау, жаңа өндіріс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуды арттыру мәселелерімен кешенді және жүйелі түрде айналыса бастады.

Былтыр «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-ы жер қойнауын пайдалану операцияларын есепке алғанда 222,89 млрд теңгеге тауар, жұмыс пен қызмет сатып алған. Қазақстандық фирмалардан сатып алу үлесі 171,18 млрд теңгеге жеткен.

«Қазақмыс» компаниясының ең ірі шығыс бабы «Құю зауыттарының өндірістік бірлестігі» ЖШС іске асыратын ұнтақталған өнімді жеткізу болды. «Мэйкер» ЖШС немесе Қарағанды шойын құю-машина жасау зауыты мыс корпорациясын монтаж, сервистік қызмет көрсету, технологиялық жабдықты жөндеу, құрылыс-монтаж жұмысы және машина жасау өнімімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС қарағандылық «Интеллпром» ЖШС кәсіпорнынан кеннен металл алуға қажет реагент- ксантогенттің үлкен көлемін сатып алады.

ШОБ-дан  қолдау
2011 жылы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС бастамасы бойынша Жезқазған өңірі мен Балқаш қаласының кәсіпкерлері мен өндірушілерінің одағы мен қауымдастығы құрылды. Олардың қызметі қамтылған өңірлердің халқын жұмыспен қамтуды арттыруға, жергілікті өндірушілерге көмектесу және өндірістік кәсіпорындардың бәсекегеқабілеттілігін арттыруға бағытталған. «Қазақмыс» және дамыту институттарымен байланыс жасай отырып осы қауымдастықтардың күш салуымен жұмыс орындары құрылып, өндіріске жұмылдырылған аумақтардың экономикалық әлеуеті өсіп келеді.

Бір айта кетерлігі, Жезқазған өңірі мен Балқаш қаласының кәсіпкерлері мен өндірушілерінің одағы мен қауымдастығы құрылған жылы тауарлар мен жұмыс және қызметті жеткізу сомасы 4,4 млрд теңге болған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша бұл сома 10 млрд теңгеден асқан. Бүгінгі таңда бизнес-палаталардың құрамында жалпы саны 3725 адамды құрайтын 80 компания бар. «Қазақмыс» компаниясы қауымдастық пен одақтағы кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасай бастаған уақыт аралығында оларға 2 млрд теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетті. Осының арқасында «Самға» ЖШС, «Ютария ЛТД» ЖШС, «Гелисханова Л.М.» ЖШС, «Баян компаниясы» ЖШС, «Балқашсүт» ЖШС сияқты компаниялар аяқтарына нық тұрып, өздерінің тауарлар мен қызмет көрсету өндірісін ретке келтірген. Нәтижесінде Жезқазған мен Балқаш өңірлеріндегі корпорация қызметі белдеуінде арнайы киім шығарып және оның күтімі жолға қойылып, ауызсу өндірісі қайта жаңғыртылып, темір-бетон өнімдерін, тау-кен-шахталарындағы конвейерлерге роликтің тірек пен кен байыту жабдықтарын шығаратын зауыт жаңғыртылды,

Корпорацияның осы жетістіктерінің барлығы жыл сайын өтетін «Қазақстандық өнім жасаймыз» тауарөндірушілер форумында көрсетіледі. 2017 жылы форумға Қазақстанның басқа да тау-кен-металлургиялық компаниялары қатысып, жергілікті қамтуды дамыту ниеттері бар екенін көрсетті. Форумды бірлесіп өткізу – Қазақстанның тауарөндірушілерімен ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылау, жаңа жобаларды таныстыру, энерготиімділік мәселелері бойынша шешім, жеткізілетін өнімнің құнын төмендету, сондай-ақ қазақстандық жеткізушілердің ішкі және сыртқы нарықта тауарлар, жұмыс пен қызмет көрсету бәсекегеқабілеттілігін арттыру сияқты маңызды мәселелерді қарастырудың жаңа форматын құруға мүмкіндік берді.

Аутсорсинг – тиімдірек
Салалық емес бизнес-процестерді аутсорсингке беру – «Қазақмыс» жұмыс жасайтын өңірлердегі шағын және орта бизнесті қолдаудың тағы бір тірегі болды. Осы саладағы кәсіпорындармен жұмыс жасаудың үлкен бөлігі – темір жол және автокөлік тасымалы, тамақтану, клининг қызметі, арнайы киім айналымы, мұнай өнімдерін жеткізу, ксантогенат өндіруге тиесілі.

«Қазақмыс» әртүрлі қызмет саласындағы 14 аутсорсингтік жобаны іске асырады, бұл шамамен 8,4 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Аутсорсинг компаниялармен жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 65 млрд теңгеден асады»,– деп көрсетілген корпорацияның отандық қамтуға қатысты баяндамасында.

«ПИК Ютария Ltd», «КМ Транко», «Вираж Сервис Қарағанды» және «Alpar Group» сияқты тиімділігі жоғары компаниялар «Қазақмыстың» салалық емес қызмет түрлері аутсорсингінде сенімді серіктесі болды. «Ютария» компаниясы корпорацияға арнайы киім шығару, логистика, оны жұмыскерлерге бергенге дейін тазалау, өңдеу бойынша толық кешенді қызмет көрсетеді. Ал «КМ Транко» компаниясы болса темір жол тасымалы саласы бойынша қызмет көрсетеді. «Вираж Сервис Қарағанды» автологистика мәселесін дер кезінде, сапалы шешеді, «Alpar Group» компаниясы ЖЖМ-ды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.

Қайта жарақтандыруға арналған импорталмастыру
«Қазақмыс» компаниясы ШОБ-ке тек өздерінің тапсырыстары арқылы ғана қолдау көрсетіп отырған жоқ, сонымен қатар өңірлердің экономикасын әртараптандыратын жаңа өндіріс орындарын ашумен де көмек көрсетіп отыр. Корпорация шетелден келетін тауарлар импортын едәуір алмастыру үшін оларды құруға қатысты жобаларға белсенді қатысады.

Осындай импорталамастырушы өндірістердің бірі – «ҚазБелАз» кәсіпорны. Карьерде қолданылатын техниканың басым бөлігі Қазақстанға сырттан әкелінетіні және ол көп жағдайда валюталық, бағалық индексацияға байланысты болатыны белгілі. Сол себепті 2011 жылы корпорациямен бірлесіп, Қарағанды шойын құю-машина жасау зауыты базасында «ҚазБелАз» Қазақстан-Беларусь кәсіпорны құрылды. Қазір бұл өндірістік алаң БелАз машиналарына арналған түйіндер мен агрегаттарды шығарып жатыр. Сондай-ақ ірі габаритті карьерлік техникаларды сервистік алып жүру және жөндеу бойынша қызмет көрсетеді. Мұндай технологиялық саты шетелдік жеткізушілерге тәуелділікті және отандық тау-кен өндіру саласын дамытуды ұстап тұрған қауіпті азайтады. Сондықтан 2013 жылдан бастап 42-45 тонна жүк көтеретін БЕЛАЗ-7547 карьерлік самосвалдарын шығару қолға алынды. Бүгінгі күні «ҚазБелАЗ»БК ЖШС 16 карьерлік самосвалды дайындап сатқан.

Корпорация өзінің машина жасау дивизонын техникалық қайта жарақтандыруға бар күшін салады. Импорталмастыру мақсатында Қарағанды шойын құю-машина жасау зауытында қазір жаңғырту жобасы аяқталып жатыр. Бұған 60 млн доллардан артық ақша жұмсалған. Жоба аяқталғаннан кейін зауытта тау-кен металлургиялық өнеркәсіпке арналған қосалқы бөлшектер мен жабдықтарды дайындау мен әзірлеудің толық циклы ұйымдастырылады. Сатып алынған цифрлық бағдарламамен қамтамасыз етілген 35 механикалық өңдеу және металл кесетін жабдық әртүрлі мөлшердегі детальдарды жоғары дәлдікпен және өнімділікпен өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы зауыттың өнімділігі екі есе өседі, ал бұл 70-тен астам жаңа жұмыс орнын құрып, оның қызметкерлеріне шамамен 15 мың өнім шығару құзыретін береді.

«Қазақмыс» компаниясы өзінің өндірістерін күшейтумен қатар Қарағанды және Павлодар облыстарындағы кәсіпорындарға импортты алмастыратын өнімді шығаруға және қажет жабдықты сатып алуға қаражат бөледі. Соңғы жылдары корпорация бұл мақсатқа 1,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған. Осылайша машина жасау, кабельді-өткізу өнімдері, киім мен тамақ өндірісі саласындағы кәсіпорындар басты қолдауға ие болды.

Мағыналы қолдау
«Қазақмыстың» сатып алу стратегиясына тоқталғанда оның ашықтық пен айқындылыққа мән беретінін айтып кеткен жөн. Корпорацияның сатып алулары тауарлар, жұмыс пен қызметтерді сатып алудың бекітілген ережесіне сай umts.kazakhmys.kz, www.reestr.nadloc.kz, www.comex.kz сияқты көпшілікке қолжетімді ақпараттық жүйелерде іске асырылады. Бұлардың біріншісі «Қазақмыстың» жеке электронды сауда жүйесі болып табылады. Онда компанияның барлық сатып алулары туралы ақпарат бар. Екінші сауда алаңы мемлекеттік «Тізім» ақпараттық жүйесіне қызмет көрсетеді. Ол жерде жер қойнауын пайдалану операциялары бойынша сатып алулар іске асырылады. Ал «Каспий» www.comex.kz тауарлық биржа веб-сайтында ағымдағы тауарларды сатып алу жүргізіледі.

Мұндай ашық реттеме сапа мен бағаға қатысты талаптарды ескере отырып, тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін арттыруды көрсетеді. Сонымен қатар ол ұзақмерзімді келісімшарттар жасауға арналған мүмкіндіктерді барынша пайдалануға жол ашады. Бұл отандық өндіріс өкілдерін бірлескен жобаларға қатысуға тартады.

«Қазақмыспен» өсу
«Қазақмыстың» инвестициялауымен жергілікті қамту мақсатында туындаған көптеген кәсіпорынды келешекте тапсырысты арттыру мәселесі қызықтыратыны түсінікті. Отандық тауармен қызмет жеткізушілердің күткендерінен асып түсу үшін «Қазақмыс Холдингте» 2017-2025 жылдарға арналған арнайы капиталдық шығын бағдарламасы әзірленді. Осы уақыт ішінде корпорацияның өндірісін жаңғырту мен ұлғайту бағдарламасына 217,5 млрд теңге жұмсалады, оның 14 млрд теңгесі жаңа технологияларды енгізуге бағытталады. «Қазақмыс» кеніштер, байыту фабрикалары, мыс қорыту зауыттары мен электростанциялар секілді өзінің өндірістік кәсіпорындарын модернизациялаудың арқасында тимділікті арттыруды көздеуде. Жаңарту процесі өндірісте заманауи ақпараттық технологияларды қолдану және IT-жүйені енгізумен іске асатын болады, ал ол компаниядағы барлық бизнес-процестерді басқаруды автоматтандырады.

Тау-кен өндірісінде қатардан шығып қалған қуаттылықтардың орнын толтыру және өндірудің қазіргі деңгейін ұстап тұру үшін корпорация Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы жұмыс істеп тұрған кеніштерді ұлғайту мен жаңа кеніштер салу шараларын жоспарлап отыр. Бұған 54,9 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар кен өңдеу көлемін өсіру, шығарылатын өнімнің түрлерін ұлғайту мен сапасын арттыру үшін «Қазақмыстың» үш бірдей кен байыту фабрикасы ауқымды жаңғыртудан өтеді. Оны қаржыландыру көлемі 50,8 млрд теңге болады деп көрсетілген компанияның сараптамалық есебінде.

Корпорацияның металлургиялық өндірісінде зауыттардың өнімділігі мен пайдалану мерзімін арттыру үшін қазақстандық өнімге тапсырыс беруге, сондай-ақ экологиялық жүктемені төмендетуге күш салатын болады. Жаңғыртудан ең алдымен Балқаш мыс балқыту зауыты өтуге тиіс. Оның технологиялық қуаттылықтарын жетілдіруге және Жезқазғандағы гидрометаллургиялық ілеспе жобаға капиталдық шығынның 33,0 млрд теңгесі жұмсалады.

Сонымен қатар корпорацияның электростанциялары да жаңғыртудың кезегінде тұр. Қазір онда өндірісті арттыруға арналған негізгі жабдыққа жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұған 66,4 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса, 11,3 млрд теңге қаражат салынған машина жасау өндірісін техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы және 1,1 млрд теңге сомаға бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша бірқатар жоба іске асырылып жатыр.

Осылайша, корпорацияның инвестициялары техникалық тұрғыдан тек өсетін болады, ал бұл қазақстандық қамтудың үлесі ұлғаяды деген сөз. Өткен жылдардың динамикасы «Қазақмыс» импорталмастыру деңгейін тұрақты өсіріп келе жатқанын көрседі. Яғни алдағы жеті жылда өздерінің машина жасау кәсіпорындары, ШОБ, аутсорсингтегі бизнестердің тауарлар, жұмыс және қызметті сатып алу көлемі айтарлықтай өседі дегенді білдіреді.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков