"Кино түсірушілер қаптап кетті"

Сәния Сүлеймен Сәния Сүлеймен
7914

Кәсіби тұрғыдан қарасақ, олар кино түсіретін мамандар емес. Ондайлар өз ісімен айналыссын.

"Кино түсірушілер қаптап кетті"

"Қыз-Жібек", "Менің атым Қожа", "Тақиялы періште", "Бандыны қуған Хамит" және т.б. қазақ кино тарихындағы алтын әріптермен жазылған дүниелер еді. Қанша көрсек те жалықпай, анда-санда мейрамдарда ғана жылт еткен өнер жаухарларын әр қазақ қозғалмай көретіні белгілі.

Ал қазір қалай? Қазақ кино өнерінің жағдайы әркімді қызықтырары анық. Осыған орай, "Астаналық цирктің" бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, "Парасат" орденінің иегері Ерік Қалиұлы Жолжақсыновты әңгімеге тартқан едік.

- Ерік аға, ең алдымен біз үшін алтын уақытыңызды бөлгеніңізге үлкен рахмет! Сұрағымды төтесінен қойсам, бүгінгі қазақ киносының кемшілігі неде деп ойлайсыз? Қазақтың нанын жеп, қамын жемейтіндер туралы білсек.

- Білесіз бе, қазір тас лақтырсаңыз режиссердің басына түсетін заман болды. Кино түсірушілер көбейіп кетті. Егер кәсіби тұрғыдан қарасақ, олар кино түсіретін адамдар емес. Негізі олар өз мамандығымен айналысуы керек еді. Ең алдымен осылай деп ойлаймын. Ақшасы бардың бәрі кино түсіреді. Құдай-ау неше түрлісін түсіреді. Айтуға ұят! Сондықтан кино түсіру үшін заң керек, заң болған жерде лицензия алады. Мінеки, сол кезде кәсіби тұрғыдан қаншалықты сай екендігіне шек қоюға болады. Тосқауыл да қоюға болады. Ал қазір қалай? Емін-еркін. Кейде кино көріп шыққаннан кейін не көрдік деп саралаймыз. Кино түсіру оңай емес. Кәсіби, керемет режиссерлердің өздері кейде байланыстыра алмай жатады. Оған кәдімгідей тәжірибе жинау керек. Ал тәжірибе бүгін-ертең келе қоятын дүние емес! Тәжірибеге өміріңді, денсаулығыңды, уақытыңды жалпы алғанда өзіңді арнаумен келетін қасиет. Мысалы Ақан Сатайдың ауқымды-ауқымды "Анаға апарар жол", "Жаужүрек мың бала" атты еңбектері жарық көрді. Шыны керек, мен танитын режиссерлер саусақпен санарлық. Олар Ақан Сатай, Рүстем Әбдірәш, Ермек Тұрсын және енді бастап келе жатқан жас режиссер Ахат Ыбыраев. Қазір кім не түсіріп жатқанын білмеймін. Мүмкін шақырмағандықтан болар? Оның үстіне сериал түсіру де оңай емес. Басы, аяғы дұрыстап жобалап жасамағаннан кейін көрерменге түсініксіз болып қалады. Осы үшін режиссер оқып келеді. Киноның құндылығын біз экраннан мән-мағынасына қарап айта аламыз. Мынау жақсы, мынау жаман деп. Әрине, оған технологиясы, қаржысы, жинаған тобы сай болуы керек. Ең бастысы, сценарист пен режиссер. Егер сценарий нашар болса, режиссер алып шығады, режиссер нашар болса, актер алып шығады.

- Кезінде Досхан ағаның "Бандыны қуған Хамит", "Қаладан келген қылжақбас" спектаклі, Сіздің "Заман-ай", "Кек" және өзге фильмдерінде сомдаған бейнелеріңіз әлі де көрерменнің көз алдында деп ойлаймын. Сіздер ойнағанда актердің күліп-жылағанына кәдімгідей беріліп толқып отыратынбыз. Ал қазіргі актерлердің бойында жасандылық қалыптасқан. Шынайылық жоқ. Неге?

- Ол рас! Мен келісемін Сізбен. Жақсы сұрақ қойдыңыз. Бұл емін-еркін, қалай болса солай рөлдерді беріп жатқандықтан болар?! Жасалған рөлін жеңіл-желпі шығара саламын дегені шығар?! Білесіз бе, Кеңес заманында кезінде цензура болды. Шынында ұлттық дүниелерді біз түсіре алмасақ та, бірақ өйтіп-бүйтіп түсіріп жатқан кезде "Кремль" келіп, "Мынау ұлттық дүние, артық болады" деп кесіп тастайтын. Кино құндылығы жоғары болды. Актерлердің жүрекпен ойнауы қандай еді?! "Окно в Европу" деп, шетелге ашылып кеттік. Мүмкін соларға еліктегендіктен болар?! Біз үнді фильмін көріп өстік. Олар сияқты ойнай алмаймыз. Олардың жүйесі басқа. Тіпті төбелесіп жатқанда жарты метр қолдары тимей қалса да қарсыласы құлайды. Соған қарап күлетінбіз. Бұл олардың өзіндік қолтаңбасы. Мен Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтын тәмамдадым. Сондай керемет ұстаздарды көрдім, білім мен тәлім-тәрбие алдым. Өкініштісі жастар қазір рөлді өте оңай алады. Біз жоғары оқу орнын бітіріп келгенде Әзірбайжан ағамыздың өз әртістері болды. Аға буын, орта буын, кіші буыны біз болдық. Осы кісілерге қарап өстік. Сөйтіп жүріп массовкада қарап жүріп, кішкене-кішкене рөлдерде ойнап үйренген едік. Ол кезде кіші зал деген болды. Әзірбайжан ағамыз сол кіші залдан ойнатып, алдымен баптап алатын. Содан кейін үлкен залға шығаратын. Көрдіңіз ба мен мұның бәрін неге айтып отырмын?! Есіктен кіре сала, жауапты рөл ойнаймын деген болмайды. Ол – жауапты іс. Жауапкершілік. Мүмкін, сол кездегі аға буынның жасаған еңбегі тарих бетінен өшпестей қалуы осыдан болар?! Мәңгілік десем болады. Қазір келе сала Гамлетті, Абайды ойнаған жастарды көріп таңғаламын. Үлкен тұлғаларды ойнау үшін қанша дегенмен өмірде шыңдалған, сол рөлге ене алатын актер ойнағаны абзал. Оның да заңдылығы бар емес пе?! Шыңдалмаған актер образдың не екенін түсіне ме? Оның үстіне кино театрдан да қиын. Театрда қайта-қайта ойнап шыңдаласың, ал кинолентаға түскен соң түзету мүмкін емес. Тарихта қалды деген сөз. Орнына келтіре алмайсыз. Қазір өнерге деген немқұрайлылық бар. Негізі көркем кеңес, цензура, критика деген кино өнерінің айналасында болуы қажет! Кино бір күндік дүние емес, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын нәрсе.

- Жақында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Мысалы, телеарнада таңғы 3 пен 5 арасында қоясыздар, сол сияқты кинотеатрлар таңғы 7 мен 10-да қояды. Былай қарасаңыз, заң орындалып жатыр. Олар айтады, бізде болып жатқан фильмнің алтауының үшеуі қазақша, таңғы 7 мен 10 аралығында келіп көріңіздер!" дегенін естіп едік. Түнгі 3-те немесе таңғы 7-де халық кинотеатрға барады деген ой қаншалықты саналы деп ойлайсыз? Сол аталған мекеме осындай көрсету кестесін жасағаны қазақ киносының беделін түсірді-ау деп ойламайсыз ба?

- Ия, қазір біз өзіміздің кино өнімдерімізге дұрыстап жол аша алмай отырмыз. Неше күннен бері заң туралы шуылдап жатырмыз. Мәдениет министрлігі бар, біз бар айқайымызды премьер-министрге жеткіздік. Енді кино туралы заңды қарамақшы. Оған әлі уақыт керек. Егер біздің құқығымызды қорғайтын заң болмаса, дәрменсізбіз. Өзге елдің киноларына шектеу қоя алмаймыз. Заң болмағандықтан, тайраңдап жүргені жасырын емес. Кино – әлемге өз елін таныстыратын мықты индустрия. Киноиндустрия ақшаны талап етеді, бірақ егер жақсы шықса, ол неше есе болып өзіңізге қайтады! Осы кино арқылы экономикасын, әл-ауқатын көтеріп жатқан елдер бар. Жасыратыны жоқ елбасы бізге, өнерге жақсы көмек беріп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, әлі олқылықтарымыз бар. Егер заң болса, біз басқаларға "кешіріңіз!" деп айта аламыз. Мен Сізге бір қызық айтайын, мен Астана циркін бірнеше жылдан бері басқарып келемін. Ресейдің циркі біздің аймақтарды еркін аралап жүр. Ал біз өкінішке қарай Ресейге кіре алмай отырмыз. Неге? Тағы міне заң жоқ. Біз Ресейге кірсек, "стоп" дейді. Ресейде заң бар. Ал бізде ше, ит-құстың бәрі Қазақстанда қыдырып жүре береді. Біздің цирктің қасына дельфинариді қойып қойды. Мен "неге оны қояды?" десем, олар "заң жоқ, сондықтан қойдық" дейді. Құқық жоқ бізде. Министрлікте отырыстарда осы сұрақты қоямын "Мен осы қай елде жүрмін? Неге өз елімде аяғым бұғауланады?" деймін. Ресей тұрмақ, Қостанайға, Павлодарға, менің өңірім Шығыс Қазақстан облысына барып, Астаналық циркті көрсете алмадым. Әкіммен келісіп, барып тұрып, көрсете алмадық. Мен ол жердегі басшылыққа неге оларға тосқауыл қоймайсыздар десем, "Заң жоқ" дейді. Ал өзге елдің цирктері болса, "Міне, бізге тосқауыл қойды. Шектеді. Қуып жатыр" деп байбалам салады. Ал отырған көкелеріміз "Әй, бұл ұлттық мәселе болып кетті!" деп ауыз аша алмады.

- Өткен жылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа "Ақ жол" партиясының депутаттары Алаш үкіметінің 100 жылдығын кең көлемде атап өту туралы депутаттық сауал жолдады. Олар: "Алаштың 100 жылдығын ел өміріндегі маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп санап, оның дайындығына Үкіметті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырамыз", – деді. Айтыңызшы, Алаш туралы фильм экранда көрініс тапса, деген ой мазаламай ма Сізді?

- Алаш туралы кино түсіру жоспарда бар. Менің өз жоспарымда да бар. Ол – арман! Қаншама елдің алдында ЭКСПО көрмесін жеңіп алдық. Оны өткізіп алмай, қиын бола ма деймін. Оның мәселесін әлі қарастырады. Уақыт керек. Алаш туралы түсіру қаншама азаматтың арманы. Ресейге қарасақ қаншама ұлттық, тарихи кино түсіріп жатыр. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу үшін Алаштың азматтары туралы түсіруіміз керек. "Алжир" дейміз тарихи дүние. Оған дейін қаншама Алащтың азаматы күйіп, құрбан болды, елі мен жері үшін. Бүгінгі егемендігіміздің өзі солардың арқасында келді емес пе?! Қаншама қан төгілді. Осы Алаштың азаматтары туралы кино заңды түрде түсірілуі керек. Кеше Кейкі батырдың бас сүйегін алып келді. Ана жақта Кенесары атамыз әлі жатыр. Оны да алып келуге тырысып жатыр. Неге осы кісілер туралы түсірмеске? Сәкен Сейфулиннің "Тар жол тайғақ кешуі" қандай керемет дүние. Неге ол кісі туралы түсірмеске? Бейімбет, Сәкен қайсібірін айтсаң да тарихи тұлғалар. Неге Мұхтар Әуезов атамыз туралы түсірмеске?! Осы ұлттық құндылықтарымызды түсіріп, сақтап қалмасақ болмайды. Сонда ғана мәңгілік ел боламыз. Тарих ұрпақ үшін керек!

- Аға, біздің ұлттық құндылықтарымыз осы кино, өнер, әдебиет арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табады. Қайтсек жоғалтып алмаймыз?

- Ия, ұлттық құндылықтарымыз үшін күреспесек болмайды. Қазақ театры, киносы кімге, не үшін керек? Ойнамасақ аспаптарымыздың керегі не? Дәстүріміз Наурыз неге керек? Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу үшін кино түсіруіміз керек. Мысалы Ресейде жылына 200 кино түсіреді екен. Ал бізде жылына 10-20-ға жете ме, жетпей ме? Қазір киноның құны кетіп қалды. Негізі қазақ киносы кәсіби тұрғыдан, ұлттық нақышта, сараланған түрде түсірілуі керек. Ал қазір ондай жоқ, кімнің ақшасы бар, сол түсіре береді. Бизнес болып кетті. Өзіңіз білесіз, "Қыз Жібек" және өзге кинотуындыларда қазақтың ұлттық киімдері, салт-дәстүрі, ырымдары бәрі баяндалған. Қандай керемет! Ұрпақ өзінің кім екенін, қайдан шыққанын білуі міндетті!

- Бірде әлеуметтік желіде сәби үшін цирктің 10 пайдалы жағын көзім шалды. Онда баланың ой-өрісіне, қоршаған ортамен араласуына, логикалық ойлауына, қиялына, әдемілікке, түстерді ажыратуына және т.б. пайдалы қырлары айтылған. Жалпы қазір кішкентай көрермендеріңіздің циркке келуі қалай?

- Ия, менің көрермендерім кішкентай періштелер! Мен осы каникул кезінде 2000 адамға қайырымдылық шарасын өткізіп, шақырдым. Оның ішінде жетім-жесір, мүгедек, ауру балалар, қариялар бәрі бар. Бәрін кіргізуге тырыстым. Бәрі кірді. Ол кісілерді алып келетін үлкен кісілер. Сондықтан мен циркке келушілер азайып кетті деп айта алмаймын. Мына дағдарысқа байланысты "1000, 5000 теңгеге циркке барғанша, балама сүт, нан алайын" деген жағдайлар да кездеседі. Сәбилер театрға бара қоймайды, барғанмен түсінбейді. Сол бізге келгенде неше түрлі аң-құсты көріп, сана-сезімінің дамуына қандай жақсы әсер береді. Мысалы биыл ЭКСПО-ға Дю Сюлей циркі келеді дейді. Елбасымыз ашып берген, Астаналық цирк тұрғанда Дю Солейдің не керегі бар? Мен өзіме сенімдімін. Сол Дю Солей әдірәм қалады. Неге? Ол шоу. Оның лазері, костюмі, музыкасы бар. Ал жан-жануары жоқ. Ал менде бар! Мен сол хайуанаттарыммен қатырамын. Бүкіл бала-шаға маған келеді. Ал анаған балалар қарамайды да. Секіреді, ән айтады сол шығар кереметтігі?! Ал біздің балаларға, әсіресе қала балаларына жан-жануар өте қызықты деп ойлаймын. Мен оның не керектігі бар деп едім... Бірақ ол да бір саяси жағдай шығар?!

- Сіз кино мен театр төрінде өзіндік із қалдырған актерсіз. Жаңа қарап тұрмын Сізді танып қол алысып, суретке түсіп жатқан кісілер. Бұл Сізге деген құрмет! Халқыңыздың есінде қалатындай, тағы бір тарихи тау тұлғаларды ойнасам деген ойыңыз жоқ емес те шығар?

- Әрине, өнерге өмірімді арнағанмын. Неге Алаштың азаматтарын ойнамасқа деген көкейімде тұрады. Мысалы "осы Кейкі батырды ойнаңыз!" деген ұсыныс түсіп жатыр. "Ұқсастығыңыз бар" дейді. Болат Қалымбетовтің киносына түскенімде тақырлатып шашымды алып тастады, сақал-мұртымды өсірдім. Кейкі батырмен бір ұқсастық бар екенін байқаған болар?! Венгриядан өңін алып келді ғой, содан қандай кісі болған деп зерттей келе, ұқсастық тапқан шығар. Тарихи тұлғаны сомдау – әр актердің арманы. Арман көп. Бірақ оның бәрін біз шеше алмаймыз!

- Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу