«Қоңырдың жүрегі қазақ деп соқты»

Түркітанушының жары екеуінің шаңырақ көтеруіне ақын Олжас Сүлейменов көмектескенін тілге тиек етіп, күйеуінің  өлімі жұмбақ күйінде қалғанын айтты.

16 Ақпан 2018 13:17 Автор: Гүлназ Кәрімжанқызы, Атырау облысы
«Қоңырдың жүрегі қазақ деп соқты»,  Түркітанушы, Қоңыр Мандоки, Оңайша Мақсұмқызы

Мажар және күллі түркі халықтарының  бауырлас  ел екенін дәлелдеген  түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің зерттеуінше, ІХ ғасырда 40 мыңға жуық қыпшақ моңғолдардың 1239 жылғы шапқыншылығынан кейін Мажарстанға қоныс аударған. Аbctv.kz тілшісі Венгрияға жасаған сапарында түркі әлемінің терең зерттелуіне өлшеусіз үлес қосқан белгілі венгр ғалымының жары Оңайша Мақсұмқызы Мандокимен сұхбат құрып қайтты.

– Қоңыр Мандокидің түркітілдес халықтардың тілін, салт-дәстүрін зерттеуіне не себеп болды?

– Осыдан VІІ ғасыр бұрын өмірден өткен арғы аталарының өсиетін әке-шешесі Қоңырға айтып кеткен. Олар: «Біз мажар болып кеттік, негізі арғы тегіміз қыпшақ. Мүмкіндігің болса, ата жұртыңды іздеп, тап» деп айтып отырады екен. Кішкентай кезіңде Қоңыр өте зерек бала болыпты. Ол уақытта қариялар өзара басқосып, сөйлесіп отырады ғой. Қоңыр үлкендердің  әңгімелерін тыңдап өсіпті. Кейде олар Қоңырға бейтаныс, қыпшақ  тілінде сөйлейді екен. 10 жасар Қоңырдың сол кезден бастап қыпшақтарға деген қызығушылығы оянады. Ол қазақ тілін меңгеру қажеттігін түсінеді. Сөйтеді де Қарсақ қаласының қасында орналасқан кеңес әскерінің құрамындағы қазақ жігітімен танысып, содан қазақша үйренеді. Жалпы, Қоңырдың жүрегі қазақ деп соқты. Ол қазақ үшін отқа да, суға да түсуден тайынбады. 

Қоңыр Мандоки  бірнеше тіл білген жоқ па еді?

– Ол ағылшын, француз, неміс, түрік, мажар тілдерінде еркін ойлап, еркін жаза білді. Бұдан бөлек 30-ға жуық түркітілдес халықтардың тілінде қарым-қатынас жасай алды. Құмыққа барса – құмықша , қазаққа барса – қазақша, өзбекке барса – өзбекше сөйлеп жүре беретін. Қоңыр бар күшін тілдік қорын байытуға жұмсады және әр елдегі сөздердің бір-бірімен ұқсастығын табуға тырысты. Мәселен, 1993 жылы жарық көрген «Кун тілінің Мажарстандағы ескерткіші» еңбегінде мажар мен қазақ тіліндегі сөздердің сәйкестігін тап басты. Мысалы арқан – arkany, ұнтақ – ontak, шолақ – csollak, қанжыға – kangyik, пышақ – bicska.

 Қоңыр Мандокимен қалай таныстыңыз?

– Біз 1978 жылы таныстық. Алматы қаласына аспирантураға түсіп, қазақ академиясында кіші қызметкер болып жұмыс істеп жүрген кезім еді. Қоңыр Будапештен Алматыдағы қазақ ғылым академиясына келді. Сол жылдары қазақ ғылым академиясы мен Мажарстандағы ғылым академиясының арасында ынтымақтастық бар еді. Екі елдің арасындағы туыстық байланысты зерттеу үшін «қыпшақтану» деген тақырыппен ғылыми жұмыс жүргізілген. Қоңыр осы мақсатпен біздің елге  келген екен. Қоңырды алғаш көргенде мен оны шетелдік деп ойлаған жоқпын. Қазақ тілін шұбарламай сөйлейтін. Біздің ұлттың барлық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өте терең меңгерген жан болды. Ол менімен алғаш танысқанда: «Кіші жүздің қызысың ба, адайсың ба?» деген сұрақтар қойды. Қоңыр мені қазақилығымен баурап алды.

Өзге ұлт өкілімен отбасын құруда кедергі болды ма?

– Иә, Қоңыр екеуміз шаңырақ көтергенде кеңес үкіметінің дәурені жүріп тұрды. Шетелге шығу мұң болатын. Мажар еліне келуімізге Олжас Сүлейменов ағамыз көп көмектесті. Ол кісі сыртқы істер министрлігіне, басқа да ресми органдардың барлығына телефон шалып: «Осы екі адамға өзім жауап беремін» деп, біз үшін басын бәйгеге тіккен. Қоңырдың Атыраудың Құлсары қаласына мені айттырып баруына да Олжас ағамыз мұрындық болды. Ол ұшақтың билетіне дейін өзі алып берді. Елге барсақ, туыс-туғандарым күйеу баламыздың ұлты негр екен деп, көмірдей қара адамды күтіп отыр. Есіктен енген бойда бізге қарап, таң-тамаша болды. Бақсақ, Қоңырдың ұлты венгер дегенді негр деп түсінген екен. Сөз саптауына, жүріс-тұрысына риза болып, ата-анам келісімін берді. Мажар еліне келгенде де Қоңырдың тусықандары мені жақсы қабылдады.

 Қоңыр Мандокидың арманы қандай еді?

– Ең үлкен арманы –  бүкіл түркіхалықтарының басын біріктіру еді. Ол өле-өлгенше түркітілдес  бауырлас елдердің қарашаңырағы –  қазақ елі деп есептеді. Ал екінші арманы – Қазақстанға біржола қоныс аудару болды. 1990 жылдардан бастап осындай шешім қабылдады. Елге келіп, қырдың басына киіз үй тігіп, атқа мініп, шұбат ішіп, бірінен соң бірі бірнеше том кітап жазу туралы ойлады. Бірақ мүшел жасында Қоңыр кенеттен дүниеден өтті. Қоңыр қайтқаннан кейін ғана оның еңбектерін кітап етіп шығардық. Туындысы «Мажар тілінде сақталып қалған Қыпшақ ескерткіштері» деген атаумен шықты. Негізі диссертациясының тақырыбы да осы еді. Бұдан бөлек газетте, ғылыми журналдарда жарияланған мақалаларын біріктіріп, кітап қылып шығардық. Башқұрт, татар, ұйғыр, өзбек, құмық, болгар тілдеріне аударған әңгімелері бар еді. Оны да бір шығармалар жинағы етіп біріктірдік. Қоңыр қыпшақ тілін жаңартуды көздеді. Бірақ оған қолы жетпей, арманда  кетті. 2006 жылы қазақ-мажар бірлескен антропологиялық экспедициясы Торғай өңірінде тұратын қазақтар мен мадиярлықтардың  арасындағы генеологиялық деректерін жинақтап, антропологиялық өлшем жасады. ДНК үлгілері алынып, нəтижесінде мажарлықтар  мен қазақтардың арасындағы туыстық байланыс дəлелденді. Демек Қоңырдың еңбегі зая кеткен жоқ.

Қоңыр Мандокиидің қазасы туралы алып-қашпа әңгіме көп. Ғалымның жұмбақ өлімі көп адамның қабырғасын қайыстырды. Сіз не дейсіз?

– Ол қорқақ жігіттің - Отаны, елі болмайды деген қағиданы ұстанып өтті. «Мен шетелдікпін, шындықты қазақтар айта алмаса, мен айтайын. Көп болса, елге бара алмай қалармын» дейтін. Ол қай жерде жүрсе де тек шындықты айтатын. Ол қазақтарға: «Неге орыстанып  бара жатырсыңдар? Сендердің тілдерің бай. Қазақтан ұлы халық жоқ. Қазақтың марқасқа ақындары, жазушылары, тарихшылары, өте білімді ғалымдары көп. Солар арқылы қазақтың кім екенін барлық әлемге дәлелдеуіміз қажет», – деп отыратын. Мұндай сөз кімге ұнайды?! Қоңыр Кавказда жүргенде өмірден озды. Ол кезде кавказ халқының арасына іріткі салып жүрген адамдар көп болды. Қоңыр осындай жағдайда 500 адамның алдында түркі халқын қорғап, сөз сөйлеген. Жергілікті газетте мақаласы жарық көрген. Ол қорықпай орыстардың басқа ұлттарды қанап отырғанын ашық айтқан. Ал орыс журналистері Қоңырды «Паң түрік» деп атап, газеттің бір бетінде жерден алап, жерге салған. Менің ойымша, Қоңырды сол кезде көздеген болу керек. Әрине нақты дәлеліміз жоқ, оған у берген сияқты. Қоңыр соңғы күні қайтарының алдында, теңізден шыққанда құлап қалған екен. Жүрегі тоқтап қалды деді. Дені сау адамның кенеттен өмірден өтуі... Бұл жерде бір гәп бар. Қоңырды жерлерде экспертиза жасау ұсынылды, мен келіспедім. Қоңыр  елге қоныс аударамыз деп айтқан күні «Мен ақиқатты айтуға тайсалмайтын жанмын, кім біледі, егер ана дүниеге кетіп жатсам, мені елге апар. Шыққан тегім, қарашаңырағым, туған жерім – Қазақстан» деп айтатын. Қоңыр сезген болар. Мен Қоңырдың аманатын орындадым.

– Қоңырдың жолын жалғастырушылар бар ма?

– Мен негізі көп нәрсеге Қоңырдың көзімен қараймын. Қоңырдың артында оның мұрасын жалғастырып жүрген адам аз. Қазіргі жастарда намыс, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихын, мәдениетін білуге деген құштарлық, оны терең зерделеуге деген құлшыныс некен-саяқ. Қоңыр үнемі: «Қазақ халқының тілі жоғалмаса, халық болып қалады. Қазақтар қыздарын дұрыстап тәрбиелеуі керек. Сонда ғана қазақ халқы ешқашан жойылмайды. Қыз бұзылса, онда халық та бұзылады. Ұрпақтың сана-сезімі түгелімен өзгереді», – деп отыратын. Қазір таң қаламын, барлығын қалай біліп айтқан?

­– Қазақстанда Қоңыр Мандоки кітапханасының ашылуына кім ұйытқы болды?

– Ол өмірінің соңына дейін 22 мың кітап жинап үлгерді. Мен Қоңырдың аманаты бойынша, барлық кітабын туған еліне жібердім. Менің ойымша, қазақтың жас ғалымдары сол кітаптарды пайдаланып, әрі қарай Қоңырдың мұрасын зерделеуі қажет. Бүгінде түркі халықтары  академиясындағы кітапханаға Қоңыр Мандокидің есімі берілген. Олар Қоңырдың  қолжазбаларын реттеп, бірнеше кітап шығарды.  

– Атамекенге жиі ат басын бұрасыз ба?

– Жылына бір рет барамын. Сіздер елде жүргенде сезіне бермейсіздер, сыртта жүргендер елді қатты сағынады. Болашақта елге біржола көшіп баруды жоспарлап жүрмін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлназ Кәрімжанқызы