«Куба қабыландары» «Астана Арландарынан» айласын асырды

Бокстан WSB жобасының финалы басталып, бірінші күнгі жекпе-жектерде қазақ елінің боксшылары «Куба қабыландары» есе жіберіп алды.

26 Қыркүйек 2018 21:11 Автор: Маруан Түсіп
«Куба қабыландары» «Астана Арландарынан» айласын асырды ,  бокс, «Астана Арландары», «Куба қабыландары», WSB жобасы

Бүгін Қытайдың Сямынь қаласында WSB (Бүкіләлемдік бокс сериясы) жобасының финалы басталды. Бірінші күнгі бес жекпе-жектің үшеуінде Бостандық аралы жігіттері жеңіске жетті. Өкінішке қарай, «Астана Арландары» 2:3 есебімен ұтылып қалды. Енді жұма күні қалған бес жекпе-жек өтеді. Үмітімізді әлі үзбейміз.

Бірінші күнгі жекпе-жектер қорытындысы:

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Дамиан Арсе Дуарте – 50:45, 49:46, 49:46

Куба командасының бұл боксшысы көпшілікке беймәлім еді. Нағыз төбелескіш, тек алға ентелей беретін көзсіз батыр екен. Қоян-қолтық айқасқа бейім болып шықты. Теміртас ара қашықтықты сақтай отырып, дәл соққы жұмсауға тырысты. Ринг ішінде желіп жүріп, екі жағына алма-кезек тайқып кетіп жұдырықтасты. Әрі қарсыласы үшінші раундтан кейін титықтап та қалғандай болды. Жүсіпов мол тәжірибесінің арқасында басым түсті. 

56 келі: Ілияс Сүлейменов – Освель Давид Кабальеро Гарсия – 47:48, 45:50, 46:49

Ілиястың да қарсыласы бізге белгісіз боксшы еді. Ол да ештеңеден қаймықпайтын қайсар жігіт екен. Сүлейменов жекпе-жекті тәп-тәуір бастады-ақ. Бірақ екінші раундтан бастап, қарсыласымен алысуы көбейіп кетті. Алысып жүріп қабағы да жарылды. Қарсыласы рингте өзін еркін сезініп, төрешілер жеңісті бірауыздан Куба боксшысына берді. 

64 келі: Ділмұрат Мижитов – Энди Крус – 49:46, 45:50, 47:48

Бұл жұптағы Куба боксшысы 2017 жылғы әлем чемпионы болатын. Бірақ Ділмұрат та есесін жіберген жоқ. Екеуі де бір-бірінің аңдысын аңдап, өте сақ болуға тырысты. Әрі соққыларын бар күштерімен жұмсап, дәл тигізуге талпынды. Ділмұрат Мижитовтің де қабағы жарылды. Әйтсе де, айылын жиған жоқ. Төрешілер шешімі екі айырылып, жеңісті Энди Крусқа берді.  

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Ослейс Иглесиас Эстрада – 49:46, 49:46, 49:46

Әбілхан жеңіске жетпесе, жағдайымыз тығырыққа тірелер еді. Абырой болғанда, соққысы қуатты Әбілхан Аманқұл сенімді ақтады. Бойы өзінен биіктеу, қолдары ұзын Ослейс Иглесиас Эстраданы шойын жұдырығымен тықсыра білді. Рингті шыр айнала шегінген қарсыласына бірнеше соққысын дарытты. Күмәнсіз жеңіске жетіп, жалпы есептегі таразы басын теңестірді.

91 келі: Нұрбол Алтаев – Эрисланди Савон – 44:50, 44:50, 43:50

Тәжірибесі мол кіші-Савонды жеңу өте қиын екенін әу баста-ақ сезгенбіз. Өткен жылғы әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эрисланди Савон үстемдік танытып, Нұрболдан басым түсті. Үшінші раундта тіпті нокдаунға түсірді. Бапкерлер алқасының бұл салмақта неліктен Василий Левитті шығармағандарын түсінбедік.    

Шыны керек, «бірінші күнгі жекпе-жектердің кемі үшеуінде біздің боксшыларымыз басым түсіп, жалпы есепте алға шығамыз» деп үміттенген болатынбыз. Алайда бәрі де керісінше болды. Куба қабыландары таразы басын өздеріне аударып кетті. Енді, 28 қыркүйек күні шаршы алаңға шығатын жігіттерімізге сенеміз.

Маруан Түсіп