«Қызыл» жобасының қызығын Polymetal көреді

Қазақстан жеріндегі барлық алтын 40 жылға ғана жететіні анықталды.

24 Шілде 2018 10:15 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
«Қызыл» жобасының қызығын Polymetal көреді, Қазақстандағы алтын өндірісі, «Бақыршық» кен орны, Polymetal компаниясы «Қызыл» алтын өндірісі жобасын сатып алды

Бұл туралы мәліметті Инвестициялар және даму министрлігі жария етті. Болашақ ұрпақ осы метал бойынша өзге елдерге, соның ішінде Ресейге тәуелді болып қалуы ғажап емес.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген байырғы даналықты мықтап ұстанған Қазақстан еліміздегі алтын бойынша негізгі кен орындарын белсенді игеруде. Мәселен өткен жылдың қорытындысында алтын өндірісі 19%-ға артты. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да жоғарылайды деп күтілуде.

Бұл ретте кейінгі жылдары барланған жаңа кен орындары төмен сапалы болып шыққандықтан, өндірілген қордың орнын толтыра алмады. Нақтырақ айтсақ, министрліктің дерегінше, 2017 жылы жер қойнауын пайдаланушылар қаражаты есебінен жүргізілген геологиялық жұмыс нәтижелері бойынша Қазақстанның алтын қоры 35 тоннаға ұлғайған. Салыстыру үшін айталық, 2016 жылы еліміз 60 тоннадан астам асыл метал шығарды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 85 тоннаға дейін жетті.

Сарапшылардың айтуынша, кейінгі жылдары Ұлттық банк Қазақстанда өндірілген барлық алтынды тазарту-аффинаждан кейін 100% көлемде бір өзі сатып алуда. Бұл еліміздің алтын резервін толықтыру мақсатында жасалуда. Яғни Қазақстан алтын экспортын тоқтатты. Ал «асыл тас» өзімізде сарқылған соң, қаржылық реттеуші де өзге елдерге күні қарап, шетелдік нарыққа жүгінуіне тура келетінге ұқсайды.

Алтынның барланған және өнеркәсіптік қорларының саны бойынша Қазақстан әлемде әзірге 14 орында тұр. Инвестициялар және даму министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің мәліметінше, еліміздің мемлекеттік балансында 343 алтын кен орны (386 нысан) бар.

Қазақстан алтынының баланстық қоры бүгінде 2 мың 418,1 тоннаны ғана құрайды. Олардың 75%-ы қарқынды түрде пайдаланылуда. Тағы 21%-ы -барлану үстінде. 3%-ы – лицензияланбаған, демек инвесторларға беру үшін аукционға салына алмайды.

Бұл қорлардың 85%-ы еліміздің Шығыс, Солтүстік және Орталық өңірлерінде шоғырланған. Қалған 15%-ы Қазақстанның Оңтүстік және Батыс облыстарында «шашылып» жатыр.

Тұтастай алғанда, 2007–2016 жылдары, яғни он жыл ішінде 483,2 тонна алтын шығарылды. Келешекте осы өндіріс тек еселеп арта береді.

«Қазір әлемде долларға тек алтын ғана балама болып қалуда, сондықтан сатып алушылар көп. Алтын нарықта да жақсы бағалануда, құны алапат құбылып жатқан жоқ. Біздің еліміз бұл асыл металдың жылына шамамен 100–150 тоннадайын өндіре алады, яғни Ресейді қуып жете аламыз. Бірақ бұл үшін инвестиция қажет, әрі бұған дейін жер қойнауын пайдалану құқығы берілген нысандар іске қосылуға тиіс. Әйтпесе қазіргі кезде бекітілген контрактілердің 80%-ы жұмыс істемейді», – деді «Қазақстанның құрметті жер қойнауын барлаушысы», бірқатар кен орындарын тұңғыш рет ашқан тұлға Юрий Вязовецкий.

Егер еліміз осы ірі межеге аяқ басса, мұндай «екпін және тепкінмен» қазақ жерінің астындағы алтыны жиырма жылдай уақытқа ғана жетері сөзсіз. Бірақ жауапты министрліктің болжамы біржама оптимизмге толы: «Елдің алтынның барланған қорларымен қамтамасыз етілуі шамамен 40 жылды құрайды» дейді ведомство.

Жуырда Қазақстан өзіндегі ең ірі алтын кен орнын игеруге білек сыбана кіріспек. Бұған дейін еліміз «берік тіректі руданы байыту» секілді түйткілді мәселесі шешілмегендіктен, бұл істі бастай алмай келген-тін. Бұл проблеманың түйінін тарқататын технологияның келуі ең ірі «Бақыршық» алтын кен орнын және бірқатар ұқсас объектілерді пайдалануға мүмкіндік берді.

Шығыс Қазақстанда 1953 жылы ашылған «Бақыршықта» негізгі кенді өндіру 1997 жылы аяқталған болатын. Содан бері мұндағы қалған алтынды игеруге әртүрлі отандық және шетелдік инвесторлар құлшынып көрді. Бірақ жұмысты жолға қоя алмаған. Мұндағы руда жоғары беріктігімен дараланады, ал алтыны бар негізгі минерал «арсенопирит» болып табылады. Мамандардың түсіндіруінше, оның кристалдық торшасын бұзбай, алтынды «бостандыққа» шығару мүмкін емес. Бірегей кен орны бөлек технологияны, ерекше көзқарасты, инновациялық шешімдерді қолдануды күтіп, он жылдай уақыт жатты.

Енді оны ресейлік инвестор қолға алып отыр. Ірі алтын мен күміс өндіруші Polymetal компаниясы Қазақстандағы «Қызыл» алтын өндірісі жобасын Sumeru атты жеке компаниядан 618,5 млн долларға сатып алды. Ал осы «Қызыл» жобасына Бақыршық және Большевик секілді екі кен орны кіреді.

Джерси аралында тіркенген «Полиметалл» тобының бас атқарушы директоры Виталий Несис «Қызылдағы» барлық құрылыстардың кестеден оза отырып, аяқталып қалғанын хабарлайды. Негізгі құрал-жабдықтар мен инфрақұрылымды, атап айтқанда, байыту фабрикасының жабдықтарын, уатқыш құрылғыны, талдау лабораториясын орнату жұмыстары биылғы І тоқсан ішінде толық аяқталған. Енді іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан мұндағы бірінші концентратты алу алдағы 1 тамызға жоспарлануда.

Виталий Несистің мәліметінше, полиметалл алғашқы 12 ай ішінде өндірілетін барлық концентратты сатып алушы сауда серіктесін тапты, онымен келісімге де қол қойыпты. Осының арқасында компания Бақыршықта өндіріс бастала салысымен, одан бірден пайда табуға кіріседі.

«Бақыршық – реликт, байырғы дәуірлерден қалған биологиялық нысан болып табылады, мұндай бай кен орындары әлемде өте аз қалды. Оны сатып алу Polymetal-дың бүкіл қорын бірден 50%-ға арттырды. 2014 жылы біз мұнда геологиялық барлау жұмыстарын аяқтадық. Нәтижесінде, 280 тонна алтын барлығы, оның көлемі бір тоннада орташа есеппен 7,7 грамнан келетіні анықталды. Біздің компания осыған ұқсастау руданы игеру бойынша көпжылдық тәжірибеге ие. Олар Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі «Албазино» және Чукоткадағы «Майское» кен орындары. Бұған дейін кейбір сарапшысымақтар «Бақыршық алтыны байытылмайды» дейтін. Біздің мамандар мұны жоққа шығарып отыр», – дейді «Қызыл» жобасының бас директоры Юрий Овчинников

Алтынын оңайшылықпен бермегенімен, «Бақыршық» – әлемдік деңгейдегі актив болып есептеледі. Енді мұнда да кең ауқымды өнеркәсіптік өндіріс іске қосылуда. «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнында» шамамен мың жұмысшы еңбек етуде. Олардың 40%-ы жуық маңдағы елді мекендердің тұрғындары көрінеді.

2019 жылы жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 10,5 тоннадан астам алтын өндіретін болады. Алғашқы он жылда бағалы метал ашық әдіспен өндірілмек. Яғни шаңы да көп болатын сияқты. Ары қарай жер астындағы өндіріске көшу жоспарлануда.

Айтқандай, 2018 жылдың маусым айының соңында Қазақстанда жаңа «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс күшіне енді. Бұл құжат елімізде азаматтардың өз бетінше алтын өндіруіне де рұқсат етті.

Кейбір сарапшылар «старательдер» қызметіне кең жол ашылуын тіксіне қабылдап, бұл онсыз да көп емес бағалы метал қорын рәсуа етуге әкелуі ықтимал деп қауіп білдіреді.

«Старательдерді» заңдастыруға мемлекет мәжбүрліктен де баруда. Степногорлық «Kazakhaltyn» тау-кен металлургиялық комбинаты мамандарының айтуынша, «қара старательдер» кеңес одағымен бірге күйреген өндірістерде жарылғыш заттар қолданып, қаза тауып жатады. Жалғыз Степногорскінің өзінде жыл сайын «забойларда» шамамен бес адамның мүрдесі табылады. Бүкіл ел бойынша жыл сайын 250-дей «қара старатель» мерт болады. Тәуелсіздік жылдары бойында олар заңсыз шығарған шамамен 200 тоннадай тазартылмаған алтын Қытай мен Ресейге әкетілген.

Енді бұлардың қызметін заңды жолға қойып, салық төлеттіріп, тәртіпке келтіру көзделген. Сөйтіп салмақты өндірушілерді тарту және ірі қуаттылықтарды тұрғызу ұтымсыз деп саналған кеніштер мен шағын объектілер солардың «талауына» тасталады деп жоспарлануда.

Бақыт Көмекбайұлы