"Мұз бетіндегі Чернобыль"

3634

Әлемнің бірінші жүзуші АЭС-і ресейлік Арктика мұнайшыларын электр қуатымен қамтамасыз етпек.

"Мұз бетіндегі Чернобыль"

Ресей шалғайдағы Арктикада мұнай ресурстарын игерушілерді электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында дүниежүзінде алғаш рет жүзіп жүретін атом электр станциясын құрастырды. Алайда экологтар мен сыншылар оған "мұз бетіндегі Чернобыль" деген айдар тағып үлгерген.

Санк-Петербургте жасалған "Академик Ломоносов" АЭС-сі Мурманск жағалауында "тұсаулы" тұр. "Франс пресстің" хабарлауынша, мұнда оған ядролық отын салынады. Содан кейін станция Шығыс Сібірге жүзіп кетуге тиіс.

"Росатом" компаниясының басшысы Алексей Лихачев оркестр орындауындағы ұлттық гимнің ырғағымен қоңыр түсті бекетті көршілікке сенбі күні таныстырды. Оның сөзінше, мұндай кешен бұрын-соңды дүниежүзінің бірде-бір елінде салынған жоқ және де арктикалық АЭС "Росатом" мен Ресейдің ғаламдық ядролық энергия саласында көш басында тұрғанын сөзсіз дәлелдеп берді.

"Бұл – Арктика үшін айтулы күн. "Росатом" өзгеге бағыт көрсете отырып, көлемі орташа, жылжымалы атомдық кешендердің алдағы онжылдықтарда сұранысқа ие болатынын күні бұрын болжап отыр", - дейді Лихачев.

Ұзындығы 144, ені 30-метрлік баржада екі реактор орналасқан. Және де сол реакторлар мұзжарғыш кемелердегідей 35 мегаваттық екі ядролық реактормен жабдықталған.

"Академик Ломоносов" Ресейдің солтүстік-шығысындағы табиғаты ең қатал Чукотка автономиялық аймағындағы Певек портына 2019 жылдың жазында жеткізіледі.

Шағын әрі жылжымалы
Баржа 200 мың тұрғыны бар қаланы энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда, Ресейдің ең теріскей қаласы - Певекте бес мыңдай адам ғана тұрады. Ол мұндағы үйлерге жарық беріп қана қоймай, Арктикадан мұнай мен газ іздеушілерге де электр тогы мен жылу жіберуі керек.

"Ресейлік Арктикаға электр қуаты соншалықты көп қажет емес. Сондықтан, осындай шағын әрі жылжымалы кешендер мұндай жерлерде қолдануға қолайлы. Оған балама ретінде көмір де, газ да, дизель де бар. Бірақ, дизель қымбат, ал газды сұйылтып жеткізу керек", - дейді Мәскеудегі Энергетика және Қаржы институтының зерттеушісі Сергей Кондратьев.

"Росатомда" жүзуші ядролық станция құрылысына жауапты қызмет атқарған Виталий Трутневтің сөзінше, бұндай бекеттер шалғайдағы аудандарға электр қуаты мен жылу беріп қана қоймай, өсім мен тұрақты дамуға да септігін тигізе алады. Сонымен қатар, оның мәліметінше, су бетінде жүзіп жүретін станциялардың реакторлары жылына 50 тоннадай көмірқышқылы газын ауаға таратпай, сақтап қалады екен.

"Академик Ломоносов" келешекте Чукоткадағы ескірген ядролық реактор мен көмірмен жұмыс істейтін энергетикалық станцияның орнын басуы керек.

"Ядролық Титаник"
Трутневтің айтуынша, бұл баржа әлемдегі ең соңғы үлгідегі қауіпсіздік жүйесімен және ешқандай қатер төндірмейтін атомдық реакторлармен жабдықталған. Бірақ, оның айтқанына "Гринпис" экологиялық тобы илана қоймастан, жылжымалы Атом электр станциясын халықаралық бақылауға алуға шақырып отыр.

Қоршаған орта жанашырларының ойынша, "Академик Ломоносов" күндердің күнінде "ядролық Тинаникке" немесе 32 жыл бұрын Кеңес одағын атомдық апатқа душар еткен "мұз бетіндегі Чернобыльға" айналып кетуі мүмкін.

"Гринпистің" Ресейдегі өкілі Рашид Алимовтың пікірінше, апаттар кез-келген атом электр станциясында болуы мүмкін. Ал, мұндай жүзіп жүретін баржалар - "дауылдардың, экологиялық феномендердің және терроризм қаупі алдында мейлінше осал". Сонымен қатар, оның сөзінше, бұндай шағын реакторлардың көбеюі ядролық материалдардың тарау қаупін күшейтуі ғажап емес.

"Гринпистің" атомдық сарапшысы Ян Хаверкамптың мәлімдеуінше, "Академик Ломоносовқа" Арктика арқылы өтпес бұрын, 300 мың тұрғыны бар Мурманск қаласының маңында отын толтырылады.

"Оның реакторлары Арктиканың қатал климатында халыққа ғана емес, шырайы кетпеген табиғатқа да қатер төндірмек", - дейді Хаверкамп.

Баржаға ядролық отын әу-баста Санкт-Петербургте салынуы тиіс еді. Бірақ, мұндай жағдай Балтық теңізі жағалауындағы елдерді алаңдататын болғандықтан, жылжымалы АЭС-ті Мурманск жағалауына жеткізуге тура келді.

Дегенмен, Мәскеу Энергетика және Қаржы институтының ғалымы Кондратьев "Гринпис" тобы өкілдерінің пікірімен келіспейді. Оның ойынша, аталған баржаның қауіпсіздік ережелері ядролық мұзжарғыштар мен су асты қайықтарына қойылатын талаптармен бірдей.

"Бұл – жаңа жабдық. Қарапайым халық алаңдауы мүмкін. Бірақ, атом электр станцияларымен салыстырғанда онда қосымша қауіптің бары рас", - дейді Кондратьев.

"Росатом" басшысы Лихачев сенбі күні мәлімдегендей, ол жетекшілік ететін корпорация мұндай баржаларды тағы да құрастырып, олар үшін Азияның энергияға мұқтаж Индонезия, Филиппин тәрізді шалғай елдерінен клиент табуға үмтті.

"Кейбір жағдайларда жүзгіш атомдық энергия станциялары өзге электр бекеттерімен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі. Оның өз орны бар", деген пікірде Кондратьев. Және де оның айтуынша, қазір Қытай да суда жүзетін АЭС салып жатыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу