«Негізгі капиталға инвестиция салынбаса, өндірісте даму жоқ деген сөз» – Бақытжан Сағынтаев

Негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша төрт өңір ғана республикалық деңгейден жоғары тұр.

11 Қыркүйек 2018 12:50 Автор: Фархат Әміренов
«Негізгі капиталға инвестиция салынбаса, өндірісте даму жоқ деген сөз» – Бақытжан Сағынтаев, үкімет, премьер-министр, Бақытжан Сағынтаев, өндіріс, инвестиция

Үкіметтің бүгінгі отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің қаңтар-тамыз аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірлерде экономиканың оң өсімі сақталып отыр. Алайда, премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бұл пікірмен келіспейді.

«Тимур Мұратұлы, айтқан сөзіңіздің бәрі жақсы. «Жалпы алғанда өңірлер оң нәтижені сақтап отыр» деп баяндадыңыз. Бірақ, өндірісті қараңыз. 11 өңір республикалық деңгейден төмен тұр. Сонда сіз қайдағы оң нәтижені айтып отырсыз?! Құрылыс саласы да дәл солай. Негізгі капиталға салынған инвестицияны қараңыз. Төрт-ақ өңір республикалық деңгейден жоғары тұр. Егер негізгі капиталға инвестиция салынбаса, демек өндірісте даму жоқ деген сөз. Қалайша сіз мұны нәтижелі деп санайсыз?!» – деді министрдің баяндамасына көңілі толмаған Бақытжан Сағынтаев.

Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, сегіз айда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8%-ды құраған. Инфляция деңгейі жыл басынан бері 2,9%-ға тең болды. Ал жылдық инфляция – 6%. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 87,3 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың активтері – 56,5 млрд АҚШ долларына тең.

«Соңғы 8 айда өнеркәсіп өндірісі 0,4 проценттік тармаққа бәсеңдеп, 4,7%-ды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 0,1 проценттік тармаққа төмендеп, 4,8%-ға тең болды. Нысаналы көрсеткіш – 5,1%. Фармацевтика (2,5%), құрылыс материалдары (1,5%), сусын (0,8%) және киім (0,2%) өндірісінің төмендеуіне байланысты нысаналы көрсеткішке қол жеткізілмеді. Сондай-ақ кен өндіру өнеркәсібінің өсу қарқыны 5,4%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді. Мұнай өндіру қарқыны 0,8 проценттік тармаққа және табиғи газ - 0,5 проценттік тармаққа дейін қысқарды», – деді Тимур Сүлмейменов.

Министрдің сөзінше, негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,4%-ға өскен. Дегенмен, бұл бағытта бәсеңдеу байқалып отыр.

«Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында өнеркәсіп өнімдері өндірісінің төмендеуі байқалды. Алматы, Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары республикалық деңгейден төмен орналасып отыр. Бұл өңірлерде мұнай мен газ конденсатын, уран кенін өндіру, жүк вагондарын және ұн өндірісі қысқартылды», – деді министр.

Тимур Сүлейменов атап өткендей, Астана қаласы мен Павлодар облысында құрылыс қарқыны бәсеңдеген. Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері бойынша өзге өңірлерден артта келеді.

«Соңғы жеті айда экспорт 26%-ға, импорт 10,3%-ға өсті. Экономиканы кредиттеу баяу қарқынмен өсуде. 1 тамыздағы жағдай бойынша кредиттеу жыл басынан бері 1,9%-ға немесе12,9 трлн теңгеге дейін өсті. Тұтынушылық кредиттер 8,8%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. Қаңтар-шілдеде орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгеге тең болды. Нақты мәнде 2,3%-ға артты», – деді Тимур Сүлейменов.

Фархат Әміренов