"Номад" – Құрлық кубогының күміс жүлдегері

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1740

Минскіде шайбалы хоккейден клубтық Еурокубок додасы аяқталып, былтырғы Қазақстан чемпионы екінші орынға ие болды

"Номад" – Құрлық кубогының күміс жүлдегері Фото: sport.tut.by

Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы ұйымдастыратын клубтық Құрлық кубогында биыл біздің елдің намысын "Номад" (Астана) клубы қорғаған. Бұл додаға Қазақстан чемпионы үшінші іріктеу кезеңінде қосылды. Әрі Италияда өткен "Е" тобы бәсекесінде топ жарып финалға шыққан.

ХХІ Еурокубоктың финалдық додасы Минскіде өтіп, оған "Кәртамыс ғаламның" ең үздік төрт командасы қатысты. "Номад" әуелі Англияның "Шеффилд Стилерс" клубымен кездесіп, 5:1 есебімен үстем түсті. Голдарды Әсетов (екеу), Михайлис (екеу) және Гурин соқты.

Бұдан кейін Италияның "Риттен Спорт" клубымен кездесіп, 3:2 есебімен тек буллитте жеңісті жұлып алды. Голдарды Михайлис пен Гренц соқты. Жеңіс буллиті Ждахиннің еншісіне жазылды. Осы ретте айта кетерлігі, "Номад" бұл клубты Құрлық кубогының үшінші іріктеу кезеңінде, Ренон мұзайдынында 3:1 есебімен тізе бүктірген болатын.

Соңғы матчта "Номад" пен "Юность" (Беларусь) кездесті. Жеңіске жеткені Құрлық кубогының жеңімпазы атанатын болғандықтан, матч өте тартысты өтті. Алайда өз айдынында ойнаған Минск клубының бағы жанды. Есеп – 5:2. "Барыстың" фарм-клубы күміс жүлдеге ие болды. Үшінші орын Англия клубына бұйырды.

Сөйтіп, "Номад" былтырғы "Бейбарыстың" жетістігін қайталап, екінші орынға ие болды. Бұл – Қазақстан клубының үшінші рет жүлдеге ілігуі. Осыдан 10 жыл бұрын, 2008 жылы "Қазцинк-Торпедо" қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

Жалпы, 1997/1998 жылдар маусымынан бері өткізіліп келе жатқан Құрлық кубогында төрт рет Швейцария, Словакия және Беларусь командалары топ жарды. Ресей мен Франция клубтары екі реттен жеңімпаз атанды. Финляндия, Украина, Норвегия, Австрия және Ұлыбритания командалары аталмыш кубокты бір реттен жеңіп алды.

Биылғы Құрлық кубогының финалдық додасына "Номад" мына құрамда қатысты:

қақпашылар – Владимир Крамарь, Дмитрий Мальгин

қорғаушылар – Мадияр Ибрайбеков, Артемий Лакиза, Владимир Гребенщиков, Сергей Егоров, Роман Рачинский, Александр Пелевин, Георгий Дульнев, Александр Долгушев.

шабуылшылар – Әлихан Әсетов, Никита Михайлис, Дмитрий Гренц, Валерий Гурин, Павел Ждахин, Иван Верещагин, Дмитрий Гурков, Илья Ковзалов, Антон Некряч, Егор Петухов, Дмитрий Преснов, Андрей Яковлев.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу