«Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуында кемшілік көп

Министрліктер мен жергілікті атқару органдарының жүйесіз жұмысының салдарынан жыл соңында 50 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін.

04 Шілде 2018 14:32 Автор: Бұлбұл Болат
«Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуында кемшілік көп ,  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, 50 млрд теңге, мемлекеттік бағдарламаның игерілмеген ақшасы

Үкімет мүшелері «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына түзету енгізіп, бағдарламаның жаңа жобасын қабылдады. Бұған бағдарламаны заман  талабына қайта икемдеу мен алдағы уақытта қаржының игерілмей қалу қаупі себеп болды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, бағдарламаға барлық қаржыландыру көздерінен 829,5 млрд теңге бөлінген. Бүгінге дейін оның 21%-ы, яғни 167,1 млрд теңгесі жұмсалған.

Министрдің мәлімдеуінше, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға барлығы 745,5 млрд теңге қарастырылған. Жарты жылда 129,9 млрд теңге игерілген.

«Темір жол көлігін дамытуға және жаңғыртуға осы жылы 90,8 млрд теңге көзделген. Бұл ақшаның 39,1 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 51 млрд теңгесі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан бөлінді. Алты айдың қорытындысында көрсетілген соманың 33,1 млрд теңгесі жұмсалды», – деді  үкімет отырысында Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, республикалық бюджетті нақтылау кезінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту үшін 38,9 млрд теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 18,4 млрд теңге жұмсалған.

«Жалпы алғанда соңғы алты айда ақша жоспарға сай игерілді», – деді ұлттық экономика министрі.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, биыл бағдарламаға республикалық бюджеттен 474,6 млрд теңге бөлініп, есептік кезеңде 129,1 млрд теңге игерілген. Яғни жылдық жоспар 27,2%-ға орындалған.

«Осы уақытқа дейін 5,1 млрд теңгенің жұмысы атқарылмаған. Автомобиль жолдарын дамыту бойынша 4,7 млрд теңгенің төлемі жасалмаған. Бұған қатысты қаржылық операция  5 шілде күні орындалады. Осыны ескеріп, қаржының игерілуі - 99,7% деп айта аламыз», – деді Бақыт Сұлтанов үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.

Оның баяндауынша, өңірлерге 34,5 млрд теңге аударылып, 31,6 млрд теңге игерілген. Ал 2,7 млрд теңге жұмсалмай қалған.  

«Есептік кезең жылдық жоспардың 56,1%-ы орындалғанын көрсетті. Қабылданбаған міндеттемелердің ең көп сомасы келесі министрліктерге қатысты болды: индустрия және даму министрлігі - 21,7 млрд, білім және ғылым министрлігі - 7,2 млрд, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі - 6,9 млрд, ұлттық экономика министрлігі - 2 млрд және ауыл шаруашылығы министрлігі - 1,9 млрд теңге. Уақытында қабылданбаған міндеттемелер жыл қорытындысы бойынша қаражаттың игерілмеуіне және игерілген жағдайда  бюджеттік бағдарламаның нәтижелеріне қол жеткізбеуге әкелуі мүмкін. Мәселен «Қазақстан даму банкі-Лизинг» АҚ  арқылы жолаушылар вагон паркін жаңартуға берілген 12,5 млрд теңге қараша айына жоспарланған. Индустрия және даму министрлігінің мәлімдеуінше, қазір қаржы-экономикалық негіздеме түзетіліп жатыр. Білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика және ауыл шаруашылығы министрліктерінің халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыратын жобаларында да кемшілік бар», – деді қаржы министрі.

Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, қазіргі көрсеткіштер жыл соңына дейін 50 млрд теңгенің игерілмей қалу қаупін туғызып отыр.

«Игерілмеген қаржы республикалық деңгейде 39,7 млрд теңгені құрап отыр. 27,9 млрд теңге индустрия және даму министрлігінің дүниежүзілік банкпен келісімді ратификацияламауы және ислам даму банкімен мәміле жасамауынан, 5,8 млрд теңге білім және ғылым министрлігінің ұзақмерзімді рәсімдерді аяқтамауынан, 4,7 млрд теңге еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дүниежүзілік банкпен жасалуға тиісті келісімді дер кезінде рәсімдемеуінен, 1,3 млрд теңге ауыл шаруашылығы министрлігінің  жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу мерзімін ұзаққа созу салдарынан республикалық бюджетке жағымсыз жағдай туғызуы ықтимал. Жергілікті атқару органдарында жыл соңына дейін 10,3  млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін. Бұған конкурстық рәсімдердің созылып кетуі әсер етеді деп болжануда», – деді қаржы министрі.

Бақыт Сұлтановтың сөзінше, есептік кезеңде мемлекеттік бағдарламаның 24,7 млрд теңгесіне қатысты 11 аудиторлық шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде 1,8 млрд теңгеге қатысты құқық бұзу фактісі анықталған.

«Тексеріс кезінде 0,3 млрд теңгеге қатысты заң бұзушылықтың алды алынды. Қалған қаражатқа қатысты тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Камералдық бақылаумен 19,1 млрд теңгені құрайтын 26 мемлекеттік сатып алу рәсімі тексерілді. Іс барысында құны 9,5 млрд теңгені құрайтын 16 сатып алу рәсіміне қатысты заңсыз әрекет әшкереленді», – деді ол.

Бұлбұл Болат