"Нұрлы жол" не берді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4084

Биыл мемлекеттік бағдарламаға 488,5 млрд теңге бөлініп отыр.  

"Нұрлы жол" не берді

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдегендей, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты – автожол саласын дамыту аясында былтыр 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Себебі, бұған дейінгі жылдары орташа есеппен жыл сайын 2 мың шақырым жол ғана жаңғыртылып келген болатын. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, биыл 4 мың шақырымнан астам жолды жаңғырту жоспарланып отыр. 

Екінші бағыт – логистикалық жобаларды жүзеге асыру аясында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін Құрық теміржол паром терминалы іске қосылды. Аталған жобаның нәтижесінде жүкті ауыстырып тиеудің жоспарлы көрсеткіші 50%-ға артығымен орындалып, 1,5 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар, өткен жылдың желтоқсан айында Құрық портында автокөлік паром терминалы тестілік режимде іске қосылды. Оның толық құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.

"Нұрлы жол" бағдарламасының үшінші бағыты – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында былтыр инженерлік жүйенің 765 шақырымы жанғыртылды. Осылайша, инженерлік желілердің тозуы 67%-дан 60%-ға төмендеген. Биыл шамамен 800 шақырымдық инженерлік желіні салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде желілердің тозу көрсеткіші тағы да 3%-ға төмендемек. 2018 жылдың соңына дейін 800 шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру инженерлік желілері салынып, қайта жаңғыртылмақ. 

Төртінші бағыт – апатты мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою аясында былтыр 73 мектеп салынды. Ал жоспар 76 мектеп еді. Қалған үш мектептің құрылысын аяқтау 2018 жылға ауыстырылған. Нақтырақ айтсақ, осы жылдың бірінші тоқсанында аяқталуға тиіс. Жалпы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жылдарында 108 мектеп салынған.

Бесінші міндет – шағын және орта бизнесті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету аясында былтыр шағын және орта бизнес саласындағы 20 жоба қажетті инфақұрылыммен қамтамасыз етілді. Бұл бағытқа 410 млрд теңге инвестиция тартылған.

Бағдарламаны іске асыру аясында өткен жылы жылы 98,3 мың жұмыс орыны құрылған.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, "Нұрлы жол" бағдарламасына бөлінген қаржының (472,3 млрд теңге) 99,9%-ы игерілсе, жергілікі бюджеттерден қарастырылған қаржының (127,4 млрд теңге) 98,7%-ы кәдеге жаратылған. 

Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 488,5 млрд теңге бөлініп отыр.  

Сонымен қатар, отырыста елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013–2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қорытындысы шығарылды. Аталған бағдарламаға 98 млрд теңге жұмсалған.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің айтуынша, бес жыл ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті елімізде жоспарланған 38 терактінің алдын алған. Мәселен, 2016 жылы 12, ал былтыр 11 теракті "тұншықтырылды". Сондай-ақ, қауіпсіздік талаптарына сай келетін нысандардың саны артқан.

 "Өздеріңіз білетіндей халықаралық террористік ұйымдар Сирия мен Иракта жеңіліс тапты. Сондықтан ондағы содырлар отбасыларымен бірге басқа жерлерге, соның ішінде өз елдеріне қоныс аударуда. Қазіргі уақытта Қазақстанға 125 азамат қайта оралып, олардың 57-сі сотталды. Қалғандары бақылауда. Қайтып келгендер радикалдық көзқарасты ұстануда", – деді Нұрғали Білісбеков.

Деректерге сүйенсек, 2014-2017 жылдар аралығында экстремистік және террористік іс-әрекеттері үшін 425 қазақстандық сотталған.

Сонымен қатар, 2013-2017 жылдары шетелдегі күмәнді діни оқу орындарынан 384 студент елге қайтарылды.

"Экстремизм мен терроризмді насиxаттау қарқыны қоғамда радикалдануға себепші болатындай жоғары деңгейде сақталуда. Сондықтан осы және басқа да факторлар терроризм мен діни экстремизмге қарсы мемлекеттік күрес жүйесін одан ары дамыту қажеттігін көрсетіп отыр", – деді Нұрғали Білісбеков.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2013–2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалуына "орташа" деген баға берілген.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары үкімет отырысында 2018–2022 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламаның жобасын таныстырды.

Нұрғали Білісбековтің сөзінше, жаңа бағдарламада профилактикаға басымдық берілген.

Ал бағдарламаны 5 жыл ішінде жүзеге асыру үшін 270 млрд теңгеден астам қаржы керек. Яғни, алғашқы бағдарламаға бөлінген қаржыдан үш есе артық.

Бағдарлама аясында 80 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Министрлер кабинеті діни экстремизм мен терроризмге қарсы күреске арналған бесжылдық бағдарламаның жобасын бірауыздан мақұлдады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу