«Оқжетпес» пен «Тараз» премьер-лигаға оралды

Футболдан бірінші лигадағы ел біріншілігінің аяқталуына екі тур қалғанда премьер-лига жолдамасының иегерлері анықталды.

24 Қазан 2018 09:52 Автор: Маруан Түсіп
«Оқжетпес» пен «Тараз» премьер-лигаға оралды, футбол, премьер-лига, Оқжетпес, Тараз
Фото: fctaraz.kz

Биыл еліміздің 1-лигасында 12 команда додаға түсті. Олар үш айналымдық жүйемен 33 ойыннан өткізіп шығулары керек болатын. Алайда 31-турдан кейін бірінші және екінші орынға ие болатын клубтар белгілі болды. Себебі «Оқжетпес» пен «Таразды» енді басқа командалар қуып жете алмайды. Яғни аталған екі ұжым келесі жылы премьер-лигада ойнайтын болады.

Негізі, «Оқжетпес» пен «Тараз» былтыр ғана премьер-лигада ойнаған болатын. Бірақ Ақмола және Жамбыл облыстарының футболшылары былтыр кіл мықтылар арасында көштен қалып, 12 және 11 орындарға табан тіреген. Сөйтіп, бірінші лигаға түсіп қалған болатын. Ал биыл төмегі топта үздің шығып, жұптарын жазбай премьер-лигаға қайта оралып отыр.

Әзірше Көкшенің «Оқжетпесі» 31 ойыннан 68 ұпай еншілеп, бірінші орында тұр. Сергей Попков жаттықтыратын көкшетаулықтар 21 ойында жеңіске жетіп, бес матчта тең түсті. Бес рет жеңілістің кермек дәмін татты. 54 гол соғып, өз қақпаларына 26 доп жіберіп алды. Команданың сұрмергендері – Санат Жұмаханов (16 гол) және Никита Баженов (14 гол).

«Тараз» 66 ұпаймен екінші орынға орналасқан. Нүркен Мазбаевтың шәкірттері 31 ойынның 19-ында жеңіске жетті. 9 матчта тең түсіп, үш-ақ рет ұтылды. Доп айырмасы: 61-26. Тараздықтар бірінші лигадағы ең көп гол соққан команда болғанымен, құрамында командаластарынан қара үзген сұрмерген жоқ.

Айдос Тәттібаев команда құрамына сәл кейінірек қосылды (7 гол). Әлішер Сүлей де кейіннен қосылып, алаңға көп шыққан жоқ (15 ойында – 7 доп). Абзал Таубай мен Сағадат Тұрсынбай да 7 голдан соқты. Константин Дудченко 6 доп салды. Бұл команда сапында бәсекелестіктің жоғары екендігін меңзейтіндей.

«Оқжетпес» пен «Тараз» әзірше екі рет кездесті. Бірінші айналымдағы, Көкшетауда өткен матчта алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші айналымда «Тараз» есе қайтара алмады (1:1). Үшінші ойын алдағы сенбі күні тағы да «Оқжетпестің» алаңында өтеді. Себебі екі айналымнан кейінгі ел біріншілігі кестесінде Көкше клубы «Тараздан» жоғары орналасқан болатын.

Осы ойында бірінші лигамыздың жеңімпазы анықталуы ықтимал. Негізі, екі команда да негізгі мақсаттарына қол жеткізіп, премьер-лига жолдамасын жеңіп алған. Енді бірінші орын үшін бар күш-жігерлерін салулары тиіс. Жалпы, бірінші лига додасы 4 желтоқсан күні мәресіне жетеді.

Дәл қазір бірінші лигада үшінші орын үшін бәсекелестік қызып тұр. Себебі 3-орынға ие болған команда премьер-лигада 10-орынға табан тіреген клубпен «өтпелі матчта» бақ сынайды. Ал осы ойында жеңіске жеткені... келесі жылы премьер-лигада ойнайтын болады. Әзірше мұндай мүмкіндікке «Қыран» (Шымкент) командасы ие болып отыр. Бірақ «Алтай (ШҚО) клубының да дәмесі бар, мүмкіншілігі әлі түгесіле қойған жоқ.

Бірінші лигада сұрмергендер көшін «Қыран» командасының шабуылшысы Абылайхан Махамбетов бастап тұрғанын айтпай кету, мүмкін емес. 27 жастағы шабуылшы биыл бірінші лигада 27 ойын өткізіп, 20 гол соқты. Оның екеуін пенальтиден енгізді. Ал біздің премьер-лигамызда отандық шабуылшылар өте аз. Сондықтан, Абылайхан өз бағын Қазақстан чемпионатында да сынап көрсе деген арман-тілегіміз бар. Кім біледі, мүмкін тіс қаққан легионерлерімізбен де тайталасатын болар.

Маруан Түсіп