"Отандық киноиндустрияны масылдық психологиясынан арылту қажет"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
13477

Кино мемлекетпен емес, бизнеспен серіктес болмайынша іс алға баспайды. 

"Отандық киноиндустрияны масылдық психологиясынан арылту қажет"

Қазақ жерінің табиғи көріністері әлемдік кинопрокаттың төріне шықса, голливуд киноларында табиғат көрінісі ретінде пайдаланылса деген арман алдағы уақытта орындалып қалуы әбден мүмкін. Себебі мәдениет және спорт министрлігінің шақыртуымен "NBS Universal "  голливуд компаниясының вице-президенті Ричард Смоткин мен "CEO of Global Policy Initiatives" компаниясының президенті Джей Керри Футлик  Алматыға келіп, Медеу мұз айдынын, Шымбұлақ тау шаңғы курортын, Шарын шатқалын аралады. Сонымен қатар олар "Қазақфильм" ұлттық кинокомпаниясының жұмысымен танысты.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының мәлімдеуінше, қазір жоғарыда аты   аталған компаниялардан өзге "Warner Bros. Entertainment, Inc", "Motion picture", "20 th Century Fox", "The Walt Disney Company", "NBC Universal" сынды компаниялармен қосымша келіссөз жүргізіліп жатыр.

"Бұл бізге не береді?" деген сұраққа Арыстан Мұхамедиұлы: "Шетелдік киноиндустрияға шығуға, елдің мәдени имиджін танытуға мүмкіндік ұсынады" деген жауап қайырды.

Мамандар Голливуд  компанияларымен мәдениет және спорт министрі арасындағы мәміле әлі талқылау деңгейінде болса да, мәселе қозғалды деп отыр. Себебі шағын Венгрия үкіметі инвесторларға 30% жеңілдік беру арқылы,  киноиндустрияға инвестиция ретінде 100 млн АҚШ долларын тартыпты.

Киносыншы, продюсер Галина Соловьева кино индустрия мен туризмнің мүмкіндігін біріктірсек, уақыттан да, қаржыдан да ұтатынымызды айтады. 

"Біз кино арқылы өз елімізді әлемге таныстырудың іскерлік  сипатына көшуіміз керек, – деді Галина  Соловьева.

Оның сөзінше, әлемдік киноиндустрия  жаңа есім мен тың саундтрек күтіп жүр.

"Әлемдік  алпауыт  киностудиялар жаңа идея мен жаңа көріністің құнын қымбат бағалайды", – дейді Галина  Соловьева.

Әлемдік киноиндустрия қазақ даласында  әлемдік тарихқа ықпал еткен  оқиғалар туралы  америкалық "Ағайынды Вайнштейн " компаниясы түсірген Марко Поло сериялы арқылы білді. Марко Полоның Шыңғыс ханның ұрпағы Құбылай ханға кеңесші болып Орталық Азияда  өмірінің 17 жылын өткергені тарихтан белгілі.  2015 жылы АҚШ-та  ресми таныстырылған  сериалдың   22 күні Қазақстанда, Шарын шатқалында түсірілді.  Фильмнің режиссерларын  Қазақстанға алып келгендер  қазақстандық танымал режиссер Тоқтар Қарсақбаев пен оның жұбайы Майра Қарсақбаева. Олар АҚШ режиссерларымен  екі мыңыншы жылдардың басында Алматыда кездескен. Бірігіп  кино түсіру туралы идеясы сол кезде туған.

"Атақты киностудиялардың өнімдерінде қазақ табиғатын  қосымша көріністерде пайдалану үшін келісімге келу киноиндустрияны ғана емес, туризмді де дамытады.  Бұл үшін ең алдымен қазақ киносын батыс елдері киноиндустриясы арасындағы интеграциялық байланысты іскерлік сипатта дамыту қажет. Батыстың іскер азаматтары елге келсін, жермен таныссын. Қаржыландыру жағын олардың өзі шешеді. Меніңше, бұл заманауи байланыстың жетілдірілген түрі. Себебі шетелден артист шақырып, қазақтың атын шығару идеясы ескірді. Бизнесмендер киноның іскерлік сипатына назар аудара бастады", – деді Майра Қарсақбаева.

Киноға инвестор боламын деп ниеттенген кәсіпкер режиссерды тамыр-таныс арқылы емес, оның түсірген киносының нәтижесіне қарап таңдайды екен.  Галина Соловьева кино мемлекеттің асырауымен күн көріп отырғанын айтады. Бұл жағдай инвестордың киноға деген жолын байлап тұр. Киноиндустрия үшін инвестиция тарту № 1 мәселе. Кино  мемлекеттің саяси беделін ғана емес, әлемдік тарихи үдерістерге ықпалын да танытады. Сондықтан дамыған елдерде киноға мемлекет емес, бизнес, жекелеген алпауыт компаниялар инвестор болуы қалыпты жағдай.  Мысалы жоғарыда сөз болған "Ағайынды Вайнштейн" компаниясының "Марко Полосын"  АҚШ-тың федералды бюджеті емес, "HETFLIХ"  интернет каналы қаржыландырған.

"Отандық киноиндустрияны масылдық психологиясынан арылту қажет. Басқаша айтқанда, қазақ киносы  сақалы шыққанша анасының омырауына жабысып отырған бала сияқты болмауы керек. Кино мемлекетпен емес, бизнеспен серіктес болуы керек. Сол кезде ғана екі тарап бір-бірінің жауапкершілігін түсінеді. Инвестордың  ақшасын шашпайтынын түсінген  сценарист пен режиссер кез келген тақырыпқа ойланып барады", – деді Галина  Соловьева.

Оның сөзінше, инвесторлардың киноға деген ықыласы әншілердің клиптерін қаржыландырып, сән-салтанаты келіскен сарайларын теледидар арқылы көрсетуден аса алмай жүр. "Біздегі кино мен бизнестің байланысы шоу бизнес деңгейінде қалып қойды.  "Инвесторға киноға қаржы салыңыз" деген ұсыныс іскерлік емес, жалыну деңгейінен әрі аспай жүр, – деді Галина  Соловьева.  

Осы тұста киносыншы көркем фильмге  қаржы  салғысы келген кәсіпкерлерге қосымша құн салығынан босату сияқты жеңілдік қарастырылуы тиіс екенін алға тартты.

"Мемлекет кинокартинаның 30%-на субсидия берсе, шетелдік инвесторлар отандық киноиндустрияға сөз жоқ бет бұрады. Бізде қазір шетелдік киножобаларды табиғи көріністермен көркемдеуге барлық мүмкіндік бар. Киножобаның құны табиғаты әлемдегі ең кассалық фильмдердің әрін келтіріп жүрген  жаңа Зеландия немесе Австралия елімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Әлемдік киноиндустрия  адамның қолымен жасалған кереметтерден жерініп,  ешкімге танылмаған табиғатқа басымдық бере бастады. Бізде әлемдік киноалпауыттарының талабына сай келетін көріністер де, тарихи орындар да көп" – деп сөзін түйіндеді  Галина  Соловьева.  

Гүлбаршын Сабаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу