«Су мен жұмыртқаға да халал сертификаты керек»

Осы және өзге де өзекті мәселелер аbctv.kz тілшісінің «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаевпен болған сұхбатына арқау болды.  

28 Мамыр 2018 16:36 Автор: Фархат Әміренов
«Су мен жұмыртқаға да халал сертификаты керек», Халал индустрия, «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығы, Марат Сәрсенбаев, мүфтият, тамақ өнеркәсібі, туризм, Мұсылман елдер

– Марат Ағыбайұлы, халал индустрияны қай салаға жатқызған жөн. Дін бе, әлде бизнес пе?

– Әрине, бизнес. Бұл туралы әлем ғұламалары әлдеқашан түсініктеме беріп те қойған. Олардың айтуынша, халал индустрияның 97-98%-ы – бизнес, алған қалған 2-3%-ы – дін. Сондықтан, оны басқаша түсінудің қажеті жоқ. Адал өнімді өндіруші де, оларға сертификат беруші орган да дінмен емес, бизнеспен айналысып жүр. Үлкен-үлкен зауыттар халал индустрияны не үшін дамытып отыр? Өзге діннің өкілдері басқарып отырған компаниялар бұл салаға неліктен қызығушылық танытуда? Әрине, рухани дүние үшін емес екені бесенеден белгілі. Олар «Осы ісім ислам дініне жасаған көмегім болсын» деген мақсатты да ұстанып отырған жоқ. Олардың көздегені – бизнесін дамыту, оны әлемдік деңгейге шығару. Өйткені, әлемде халал өнімге сұраныс жоғары. Ал мұндай өнімді тұтынушылар компаниялардан арнайы сертификатты талап етеді. Сол үшін компаниялар халал индустрияға бет түзеуде.

– Соңғы уақытта Қазақстанда халал сертификатын беретін органдар көбейді деп естиміз. «Халалды бизнес көзіне айналдырып алды» деген пікірлер де жиі айтылады. Бұған не дейсіз?

– «Бизнес көзіне айналдырып алды» деген әңгімені доғару керек. Бұл онсыз да бизнес. Кез келген орган сертификатты тегін бермейді. Ол үшін белгілі бір көлемде ақша алады. Демек, бизнеспен айналысуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сертификат береді. Олар оны тегін үлестіріп отырған жоқ қой. Сондықтан, мұны дінге телудің қажеті шамалы.

– Ал сертификатты тегін берсе не болады?    

– Түк те болмайды. Сен берген тегін сертификат ел ішінде жарамды болуы мүмкін. Бірақ бұл құжат шетелге өнім экспорттауға мүмкіндік бере ме? Мәселе осында. Шетелдік компаниялар ең алдымен сертификат беруші ұйымның әлемдік деңгейдегі абырой-беделіне қарайды.

– Қазақстанда халал сертификатын беретін қанша ұйым бар?

– Ол жағын айта алмаймын. Әркім әртүрлі айтады. Өзім біздің елде «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығына бәсекелес орган бар ма деп қана қараймын. Әзірше ондай орган жоқ. Себебі, біздің қауымдастық халықаралық деңгейдегі аккредитациядан өткен Қазақстандағы, жалпы ТМД аумағындағы жалғыз ұйым. 

– Сонда сіз басқарып отырған қауымдастық пен мүфтият арасында жұрт ойлағандай ешқандай байланыс жоқ па?

– Қандай байланыс болуы мүмкін?! Екеуі екі бөлек орган. Бағытымыз да әртүрлі. Иә, мүфтият та халал сертификатын береді. Бірақ, ол мұндай құжатты ұсынатын Қазақстандағы жалғыз орган емес. Қазақстанда біршама ұйым бар деп естимін. Ресейдің өзінде халал сертификатын беретін 30-дан астам ұйым бар. Мүфтият пен біздің қауымдастықтың жұмысында қандай айырмашылық бар? Жоғарыда айтқанымдай, біз халықаралық деңгейде аккредиттелген ұйымбыз. Басты айырмашылық осы. Мүфтият берген сертификат шетелге өнім жеткізуге жарамсыз болуы мүмкін. Ал біздің шетелмен байланыс орнатқанымызға біршама жыл болды.

– Демек, Қазақстанда бәсекелестік орта бар ғой?

– Әлбетте, бар. Мұндай орта керек. Саланы дамыту үшін керек. Жалпы, Қазақстанда сапа және қауіпсіздік сертификатын беретін 150-ден астам орган бар. Олар бір-бірінің жұмысына кедергі келтіріп отырған жоқ. Халал сертификатын беруші ұйымдар да осыған бет түзеп келеді. Қысым жасау арқылы жұмыс жүрмейді. Бізге таза бәсекелестік орта керек. Бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуге дағдыланған дұрыс. Заманның талабы осы.  

– Сертификаттарыңыздың құны қанша?

– Ол құпия. Сертификат бағасы әр елде әртүрлі. Алыс мемлекеттерде қымбатырақ, әрине. Ал ең арзан баға Қазақстанда.

– Өзіңіз басшылық етіп отырған қауымдастық қашан құрылды?

– 1998 жылы қажылық сапарға барып келген соң, түс көрдім. Түсімде халал индустриясымен айналысып жүр екенмін. Әуелде мұның не екенін түсінген жоқпын. Кейін ұғына бастадым да, қызығушылық артты. Шетелдік тәжірибені, халал индустрияға қатысты ережелерді зерделедім. Осылайша, халал стандартын жаза бастадым. Стандартты 2004 жылы жазып бітірдім. Оны сол жылы үкіметке бекітуге бердім. Өйткені, үкіметке халал стандартының керек екенін дәлелдеу қажет болды. Себебі, мұны әуелде көпшілік дұрыс түсіне бермеді. Мен жазған стандарт 2005 жылдан бері қолданыла бастады. Осы жылы «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығы құрылды.

Бүгінде 600-ден астам отандық компания біздің қауымдастықтың берген сертификатын пайдаланып отыр. Халықаралық орган болғандықтан біз Қазақстанмен ғана шектелмейміз. Әлемдік деңгейдегі 100-ден астам ірі компанияларға сертификат береміз. Ресейдегі, Беларусь еліндегі әлемдік брендтердің көбін біз сертификаттадық. Жалпы, біздің қауымдастықтың 50-ден астам стандарты бар.

Қауымдастықтың Ресей, Қытай, Қырғызстан, Индонезия, Оңтүстік Корея елдерінде филиалдары жұмыс істейді. Географиямыз кеңейіп келеді. «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығының сертификаты 44 мемлекетте мойындалған. Яғни, жарамды. Себебі, біздің ұйым әлемдік халал индустрияның көшбасшысы Малайзияның JAKIM жүйесінен аккредитациядан өткен. Бұл жүйенің артықшылығы өте көп.

– Халал сертификатын алған кәсіпорындардың жұмысы қаншалықты тексеріледі? Олардың көзбояушылықпен айналысуы да мүмкін ғой.

– Кәсіпорындар ондай қадамға бармайды. Өйткені, олар абыройдан айырылғысы келмейді. Ал бизнесте абырой-беделден айырылу – ауыр соққы. Ал енді сертификатқа келейік. Сертификатты алу үшін кәсіпорынның арнайы курстан өткен мамандары болуы керек. Мұндай мамандарды біз дайындаймыз. Сосын аталған кәсіпорыннан ішкі халал комитеті құрылады. Комитетке бірінші басшының орынбасары тағайындалады. Ол міндетті түрде мұсылман болуы шарт. Бұл – Еуропаның талабы. Комитет құрамына бас технолог, цех басшысы, басқа да бөлімдердің өкілдері енеді. Біздің тарапымыздан комитет құрамында бір сарапшы болады. Бәрін сол кісі қадағалайды. Ішкі халал комитетінің басшысы атану үлкен мәртебе. Оны біздің қауымдастықтың келісімінсіз жұмыстан шығара алмайды. Егер шетелдік компаниялардың өкілдері кәсіпорынды тексергісі келсе, ең алдымен осы ішкі халал комитеттің жұмысына айырықша көңіл бөледі.

– Жалпы әлемде халал индустрия бағытында қай елдің тасы өрге домалап тұр?

– Айтып өткенімдей, Малайзияның жүйесі көш бастап тұр. Одан кейінгі орынды Біріккен Араб Әмірліктерінің жүйесі иеленуде. Еуропада Францияның жүйесіне тең келер ешкім жоқ. Жуырда Куала-Лумпур қаласында әлемдік халал индустрияның өкілдері бас қосты. Олардың бәрі Малайзияның жүйесі бойынша жұмыс істеуге уағдаласты. Ал біз бұл жүйеде бармыз, құдайға шүкір.

– Қазақстанда халал индустриясын дамыту үшін не істеу керек?

– Тиісті заңдарға толықтырулар енгізу керек. Біріншіден, халал өнімдерін таңбалау туралы заң керек. Бұл заң еліміздің халал индустриясын әлемдік деңгейге көтеруге жол ашады. Әйтпесе, халал сертификатын беретін ұйымдар көбейіп барады. Біздің қауымдастық 600-ден астам кәсіпорынды сертификаттаса да, бір ғана Алматының өзінде халал өндіріспен айналысатын үш мыңдай кәсіпорын бар дейді. Мұның бәрі қайдан пайда болып жатыр? Нарықты реттеу тетігінің жоқтығынан. Біз санға емес, сапаға көңіл бөлу керекпіз. Әйтпесе, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі беделіне нұқсан келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде экспорттың дамуына кедергі келтіреді.

Екіншіден, тауарлық көршілік туралы заң керек. Бұл норма шетелдік сарапшылардың біздің халал индустриямыз қай деңгейде екенін, қандай жүйеде екенін тексеруге мүмкіндік береді. Шетелдіктердің тексеруінен өтіп, бағасын алу да маңызды міндет болып табылады.

Бізде стандарт бар. Халал индустриямен айналысатын кәсіпорын жеткілікті. Тұтынушы тарапынан сұраныс та жоғары. Ендеше бас қатырып, велосипед құрастырудың қажеті жоқ. Дайын велосипедке мініп ап, жүйтки беру ғана қалып отыр.

– Халал индустрия бүгінде тамақ өнеркәсібімен ғана шектеліп отыр ма?

– Жоқ, әрине. Бұл күні халал индустрия біздің өмір сүру салтымызға айналды. Өйткені, бұл бағыт тамақ өнеркәсібінен бөлек, қызмет көрсету, медицина, туризм, қаржы, сақтандыру, логистика, парфюмерия, фармацевтика, косметика салаларында да дами бастады. Мысал ретінде туризм саласын алуға болады. Мұсылман дінін ұстанатын әйелдер мен ерлер жағалауда ашық-шашық жүре алмайды. Сондықтан, оларға тиісті жағдай жасалуы керек. Біздің қауымдастықтың Қырғызстандағы филиалы бұл бағытта тәжірибе жасап көрді. Ыстықкөлден мұсылмандық қағидалары мен талаптарына толықтай сай келетін арнайы орын ашты. Сұраныс бар екен. Өзім де барып демалып қайттым. Тиімділігі жоғары. Жалпы, туризмнің бұл түрі Түркия мен Малайзияда жақсы дамыған. Мұны Қазақстанда да байқап көруге болады. Биылғы Рамазан айы аяқталған соң біздің елге Индонезия мен Қытайдан үлкен делегация келеді. Оларды туризм саласы қызықтырып отыр.

– Қаржы секторындағы, банк жүйесіндегі исламдық қаржыландырудың жай-күйі қалай?

–  Біздің елде бұған рұқсат берілген. Анау айтқандай дамып кете қойған жоқ. Бірақ, ілгерілеушілік бар. Ең басты кедергі исламдық қаржыландырудың Қазақстандағы салық және басқа да жүйелермен біріктірілмегендігі. Яғни, байланыс жоқ. Бұл мәселе уақыт өте келе шешілері анық. Өйткені, исламдық қаржыландыруға сұраныс бар. Банктер де ойлана бастады. Al Hilal Bank жеке тұлғаларға бет бұра бастады. Жалпы, қоғам мұқтаждық болғанда ғана дамиды. Ал исламдық қаржыландыруға мұқтаждық, яғни сұраныс бар. Тек, жоба-жоспарлар қағаз күйінде қалмаса екен дейсің. Меніңше, Қазақстандағы исламдық қаржыландыру жүйесінің дамуына әлі біршама жыл керек.

– Тамақ өнімдерінен бөлек, басқа тағы қандай халал өнімдерді шетелге экспорттауға мүмкіндік бар?

– Ет және сүт өнімдерін экспорттаймыз. Нан өнімдерін де сыртқа шығара аламыз. Бидай, сусындар, макарон өнімдері және кондитерлік өнімдер шетелде сұранысқа ие. Май өнімдері Иран, Ирак, Ауғанстан, Пәкістан, Орталық Азия елдеріне жеткізілуде. Жұмыртқамыз да шетел аса бастады. Әсіресе, Біріккен Араб Әмірліктерінде халал сертификаты бар жұмыртқаға деген сұраныс жоғары.

– Жұмыртқаға да халал сертификаты керек пе?

– Иә!

– Жұмыртқа онсыз да халал емес пе?

– Жоқ. Біз солай ойлаймыз. Ал ислам елдері мұнымен келіспейді. Шынында да қазір жұмыртқа алу үшін тауық ұстаудың қажеті жоқ. Жұмыртқаға халал сертификаты керек деген күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ, әлем елдері экспортқа шығарылатын жұмыртқаның халал сертификаты болғанын қалайды. Өйткені қазір қолдан жұмыртқа жасаушылар көбейді. Әсіресе, Қытай жұмыртқаның сары уызының орнынан желатинді пайдалануда. Ал желатиннің қандай жануардың сүйегінен жасалып жатқанын ешкім білмейді. Сондықтан, шетелдік тұтынушылар сертификат талап етеді.

– Ауызсу құйылған ыдыстардан да халал белгісін байқап қаламыз. Сонда бұл да қалыпты дүние болғаны ма?

– Әрине. Малайзияға барсаңыз, халал белгісі жоқ су таппайсыз. Бәрі сертификатталған. Неге? Өйткені қазір халал саналатын бұлақтың суын, жер асты суын пайдаланбаймыз. Өзіміз тұрып жатқан Астананы мысалға алайық. Тұрғындар тұтынған судың бәрі бір жерге жиналады. Ол терең өңдеуден өтеді. Кейін сүзгіге түседі. Одан соң бактерацидтік өңдеуге жіберіледі. Кейін активтелген көмір арқылы тағы бір мәрте сүзгіден өтеді. Ал активтелген көмір жануардың сүйегінен не какостан жасалады. Какостан жасалғаны – халал. Ал жануардың сүйегінен жасалғаны күмән тудырады. Бәлкім оған доңыздың не адамның сүйегі пайдаланылған шығар. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Суға да, жұмыртқаға да, бидайға да халал сертификаты керек.     

– Халал өнімдерді тұтынатын ірі нарықтарды атап өте аласыз ба?

– Ең үлкен нарықтар – Индонезия. Одан кейін Малайзия, Оңтүстік Шығыс Азия елдері. Бір ғана Индонезияның өзінде 280 миллион адам тұрады. Оның 80-90%-ы – мұсылман. Сондықтан сұраныс жоғары. Сонымен қатар, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар, Мысыр, Иран, Ауғанстан, Пәкістан елдерін де әлеуетті нарықтар деп қарастыруға болады.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Фархат Әміренов