"Торпедо" неге ұтылды?

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1863

"Братина кубогы" бұйырмады.

"Торпедо" неге ұтылды?

Өскеменнің "Торпедосы" Ресейдің жоғарғы хоккей лигасында сарапқа салынған "Братина кубогының" финалында 0:4 есебімен ойсырай ұтылды.

"Ижсталь" илікпеді

"Торпедо" биылғы маусымды өте жоғары қарқында өткізді. Бірақ "Братина кубогының" финалына дейін ғана... Плей-оффта бірте-бірте қарқынын жоғалта бастады. Ойыншылары титықтап қалған сияқты. Күш-жігерлерін есеппен жұмсай алмай қалғандай...

Иә, Ресейдің жоғарғы хоккей лигасының негізгі додасында 50 ойыннан 109 ұпай еншілеп, бірінші орынға ие болды. Дара шығып, топ жарды. Бұдан кейін плей-офф ойындары басталды. Бірақ "Торпедо" көшбасшы ретінде бірде-бір қарсыласын тас-талқан қылып, айқын басымдықпен жеңе алмады.

Әуелі осы лигада 16-шы орынға ие болған "Ижсталь" хоккейшілерімен кездесті. Алайда өзінен 15 саты төмен орналасқан команданы оңай ұтты деп айта алмаймыз. Иә, жалпы есепте 4:1 есебімен басым түсті. Бірақ төрт ойында да бір шайба айырмасымен ғана жеңіп, біреуінде тіпті ұтылып қалды.

"Динамо" діңкелетті

"Ижсталь" клубынан әупірімдеп өткеннен кейін, "Торпедо" ширек финалда "Динамо" хоккейшілерімен кездесті. Петерборлықтар жоғары хоккей лигасын 12- ші орынмен аяқтаған еді. Бірақ бар күш-жігерлерін плей-оффқа сақтап жүрген бе, "Братина кубогы" жолында жанкештілік танытты.

Олар 1/8 финалында азуы алты қарыс, лига біріншілігінде 5-орын алған, "Братина" кубогын үш рет жеңіп алған "Торос" (Нефтекамск) клубын жолдарынан тайдырды. "Торпедоны" діңкелеткен де осы команда болды.

Петербордың "Динамосымен" өткен дода жеті ойынға созылды. "Торпедо" өз айдынындағы бірінші ойында ұтылып қалып, екі мәрте жалпы есепте таразы басын теңестірді. Үш ойын овертаймға дейін созылды. Осылай таразы басы екі жаққа алма-кезек ауған шектен тыс шиеленісті додада Өскемен клубы жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.

"Рубин" де  күшімізді рәсуалады 

"Торпеда" жартылай финалда "Братина" кубогының ең алғашқы жеңімпазы "Рубин" (Тюмень) командасымен додаға түсті. Бұл команда маусым біріншілігінде 10-шы орын алып қалғанымен, алғашқы екі електе ТХК (7-орын) және СКА-Нева (2-орын) командаларын кубог жолынан тыс қалдырған. Негізі, екеуі де осал ұжым емес болатын.

"Торпедо" мен "Рубин" арасындағы дода алты ойынға созылды. Өскемен клубы тағы да өз айдынындағы бірінші матчта ұтылып қалды. Әйтсе де бұдан кейін түздегі үш ойында да жеңіске жетті.

Шығысқазақстандықтар үшін түзде қарсы шабуыл ұйымдастырып, гол соғуға мүмкіндік молырақ болды. Ал "Рубин" Өскеменге келгенде қорғанысқа да көңіл бөліп, өте мұқият ойнады. Сондықтан "Торпедо" олардың бекіністерін бұзып өте алмай, қара терге түсті.

Балашиха бозбалаларының бағы жанды

"Торпедо" бас бәйгені Балашиханың "Динамосымен" сарапқа салды. Әу баста қуандық. Балашиха клубы да өмірі "Братина" кубогының финалына шығып көрмеген команда болатын. 2010 жылы ғана құрылған жас клуб. Лиганың биылғы біріншілігінде 6-орынға ие болған.

Финалға дейін "Нефтяник" (11-орын), "Спутник" (4-орын) және Қарағандының "Сарыарқасын" ширек финалда жеңіп кеткен "Зауралье" (8-орын) клубтарын жолынан тайдырған. Қарсыластары сондай азулы командалар емес еді, деуге де болады. Яғни "Торпедо" жеңуі тиіс еді...

Алайда іс жүзінде бәрі де керісінше болып шықты. Құрамында тәжірибелі, егде тартқан ойыншылары көп "Торпедо" шаршап-шалдығып қалыпты. Ал негізінен жас ойыншылармен жасақталған "Динамо" (Балашиха) екпін алған екен. Хоккейшілері спорттық баптарына келіп, "тыныстары" енді ашылған екен. Құйындай орап соқты!

"Торпедо" өз айдынындағы бірінші ойында тағы ұтылды. Мән бермедік. "Екі рет осылай жеңіліспен бастаған, әлі-ақ қуып жетеді" деп ойладық. Екінші матчта да ұтылды. Сөзден тұтыла бастадық. "Дода көрігін мейілінше қыздырғылары келіп жүрген болар, түзде екі рет ұтады" деп өзімізді-өзіміз іштей жұбата бастадық.

Түздегі үшінші ойында да жеңілістің кермек дәмін татты. "Япыр-ау бұл қалай" деп Балашиха клубының сапына үңіле бастадық. "Тым болмаса, бір ойында жеңсе екен, нөл болып ұтылмаса екен" деп тықырши түстік. Бірақ "Торпедо" сол күйі еңсе тіктей алмады. Төртінші матчта да ұтылды. "Братина кубогы" көзден бұл-бұл ұшты...

Шешуші сәтте команданы алға сүйрей алмады

Финалда Балашиха командасының қақпашысы хас шебер екенін таныты. Иван Бочаров қорғаған қақпаға "Торпедо" шабуылшылары гол соға алмай, пұшайман болды. Төрт ойында – бес шайба. Тым аз. Ал "Торпедоның" үш қақпашысы да сенім үдесінен шыға алмады. Төрт ойында Павел Полуэктов, Алексей Иванов, Сергей Кудрявцев үшеуі де Балашиха хоккейшілерінің аптықтарын бас алмай, ұнжырғамызды түсірді...

Ең өкініштісі, "Торпедоның" маңдайалды үздік хоккейшілері финалдық ойындарда "көлеңкеде" қалып қойды. Гол соғып, командаластарын жігерлендіре алмады. Финалдағы бес голдың үшеуін қорғаушылар соқты.

Бұл ретте Евгений Рымарев, Талғат Жайлауов, Александр Шин, Евгений Белухин, Константин Романов, Максим Беляев сынды тәжірибелі жігіттерді бөле-жара атап өтуге болады.

Бірақ бір көңіл аударарлық жайт, Балашиханың "Динамосы" сапында Мәскеу "Динамосының" бірнеше ойыншысы болды. Ол түсінікті. Балашиханың "Динамосы" – Мәскеудің "Динамосының" фарм-клубы. Қажет кезінде, шешуші сәтте, құрамдарын сәл де болса күшейтіп алды.

Бұл ретте, А.Волков, А.Маклюков, А.Миронов, Е.Зайцев сынды қорғаушылардың және А.Фёдоров, И.Игумнов, А.Кузнецов, А.Брюквин, И.Шипов секілді шабуылшылардың, сондай-ақ тағы да басқа ойыншылардың плей-офф кезінде Мәскеуден Балашихаға "іссапарға" жіберілгендігін айта кетуге болады.

Десек те "Торпедоның" маусым бойы жоғары қарқында ойнап, плей-оффтың алғашқы екі сатысында титықтап қалғанын, ал Балашиха клубы сапындағы жас хоккейшілердің соңғы сәттерде екпін алып, көсіле шапқанын жоққа шығара алмаймыз.

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу