"Үшінші рет қайталанса, адам шығынынсыз болмайтыны анық"

2467

"АрселорМиттал Теміртау"-да газ құбырында болған апат себептерін анықтау жөніндегі комиссия жұмысына кірісті.

"Үшінші рет қайталанса, адам шығынынсыз болмайтыны анық"

2018 жылдың 12 қарашасында "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы Вадим Басин қысқа брифинг өткізді. Журналистерді зауыт басқармасының алдындағы көшеге жинап, топ-менеджер компанияның баспасөз қызметінің кешегі хабарламасында айтылғанды қайталады.

Содан кейін Вадим Басин қазіргі жүргізіліп жатқан жұмысқа тоқталып:

"Үш бағыт бойынша қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Біріншісі – бұл қысқы жағдайда комбинаттың жұмыс істеу қабілетін ұстап тұру. Екіншісі – қалыпты жұмыс істеуге шығу үшін газ құбырларында қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу. Үшіншісі бұл апат себебін анықтау. Мұны мен бірінші орынға қояр едім. Газ құбырында үлкен гидродинамикалық соққы болған. Бұған қатысты өз ойым бар, бірақ оны қазір айтпаймын. Комиссия жұмысының нәтижесін күтеміз. Апат салдарынан жанында жатқан газ құбырларына залал келген. Өйткені олардың барлығы бір эстакаданың бойында орналасқан. Ең бастысы адамдар аман, қайғылы оқиға орын алған жоқ. Тек екі адам аздаған жарақат алған, үш адам ем алып жатыр. Бұл апаттың салдарын жою үш аптаға созылады деп ойлаймын. Содан кейін өндірісті көтеретін боламыз. Апат салдарын жою мен қалыпқа келтіру, шамамен толық бір айды алады", – деді.

"АрселорМиттал Теміртау" директорының міндетін атқарушының айтуынша, газ құбырын тексеру мен сараптау регламент бойынша жүргізілген. Осы сараптамаға сәйкес кәсіпорында бұл газ құбырларын пайдалануға шектеу қойылмаған.

"АрселорМиттал Теміртау"-да апат болғаннан кейін инвестиция және даму министрлігінің индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті басшысы Алмас Батановтың төрағалығымен мемлекеттік комиссия құрылған. Комиссия 12 қараша күні жұмысқа кірісті.

"Әдетте, комиссия он күн жұмыс істейді. Егер қажет болса, ережеге сәйкес қосымша уақыт беріледі", – деді Вадим Басин.

Осыдан бір күн бұрын, 11 қараша күні, комбинатта облыс әкімі Ерлан Қошановтың қатысуымен жиналыс болып, онда қазіргі орын алған жағдай талқыланған болатын.

Алдын ала мәлімет бойынша, газ цехында 600 метр газ құбыры бұзылған. Кислородтық өндірісте ұзындығы 7000 метр болатын газ- және ауа құбыры қираған. Газ құбырларының бүлінгенімен қоса, кабельдік галереялар жанып кеткен.

Қоймалардағы құбырлар мен кабельдік өнім жеткіліксіз болып шықты, бірақ "АМТ"-ның жабдықтау бөлімі бұл мәселені шешу жолын қарастырып жатыр.

Компаниядағы abctv.kz-тің дереккөзі тап қазіргі жағдайға түсініктеме берді.

"Бұл бірінші рет болып тұрған апат емес. Ауа құбыры өткен жылдың мамыр айында да жарылған болатын. Биылғы жылдың наурыз айында оттегі құбыр жарылған. Мұның барлығы жергілікті апат болды да, үлкен шығын болмады. Ал қазір құбырлар зымырандар сияқты ұшты. 25 атмосфералық қысым темір құбырды арқанша лақтырады. Апат ауқымды, бірақ бұл бір желіден шыққан. Апаттың ауа құбырынан басталғанына 90 пайыз сенімдімін. Адамдар өміріне қауіп болды. Қалай дегенде де бұл техногендік апат. Біздің жолымыз болғыш. Осыдан біраз жыл бұрын 2013 жылы кокос химия өнеркәсібінде 80 метрлік бетон құбыр құлап, газ құбырларына зиян келгенде де, адам өлімі болған жоқ. Дегенмен шетелдіктер мұндай жағдай үшінші рет қайталанатын болса, адам шығынынсыз болмайтынын жақсы түсінуге тиіс".

Алдын ала бағалау бойынша, өнеркәсіптің шығыны 320-330 мың тонна болуы мүмкін, бірақ Вадим Басинның айтуынша, жылдық жоспар түзетілмейді.

Сондай-ақ ол егер бизнес-жоспардың 90%-ы орындалатын болса, ұжымдық келісімшарт бойынша 13-ші жалақы төленетінін айтты.

"Яғни 3,915 млн тонна өндірілу керек, жыл соңына дейін уақыт бар, көрерміз, қазір ештеңе айта алмаймын", – деді ол.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу