​"Ұзақ мерзімді несиелеуге ресурстар жетіспейді"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3560

Экономиканың дамуына кері әсер ететін фактордың бірі – осы.

​"Ұзақ мерзімді несиелеуге ресурстар жетіспейді"

Сенат отырысында есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова экономиканың дамуына кері әсер ететін фактордың бірі ретінде ұзақ мерзімді несиелеуге ресурстардың жетіспейтіндігін атады. Оның айтуынша, бұл жағдай мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілсе де, шағын және орта бизнес саласын етектен тартып отыр.

"Бүгінде ірі кәсіпорындарға қаржы жетіспейді. Осы орайда, экономиканы ақшалы ету деңгейі былтыр 2016 жылғы 42%-дан 38%-ға дейін төмендеді. Ал әлемдегі орташа деңгей 122%-ды құрап отыр. Сондықтан, инфляцияны төмендету мен экономикалық ресурстармен молайту арасындағы теңгерімді сақтау керек. Жалпы, инфляцияның динамикасы жақсы. Біздіңше, инфляцияны ғана емес, экономикалық өсімді де таргеттеу керек. Мұндай қадамға баруға мүмкіндік беретін нақты резервтер де баршылық", – деді Наталья Годунова.

Сондай-ақ, есеп комитетінің басшысы кейбір салада мемлекеттің қаржысы мақсатсыз жұмсалып жатқанын айтты. Ол мысал ретінде инвестициялар және даму министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитетін мысалға алды. Наталья Годунованың сөзінше, жолдардың қауіпсіздігі үшін сатып алынған 12 жүйе бес жыл бойы жұмыс істемей тұр. Ал оларды жыл сайын қамтамасыз етуге қаржы бөлінуде.

"Республикалық маңыздағы жолдардың көлік көп жүретін жерлеріне жүк көліктерінің салмағын өлшеу үшін арнайы қондырғылар орнатылған болатын. Мұндай қондырғылар аса ауыр жүк көліктерінің жол қабаттарын бұзуына жол бермейді. Шынымен де, қажетті дүние. Бірақ, автокөлік жолдары комитеті 2014 жылдан бері дәлі оындай 12 жүйені қолданбай отыр", – деді есеп комитетінің басшысы.

Наталья Годунованың сөзіне сенсек, комитет 2017 жылы дәл осындай 18 жүйе орнатуды жоспарлаған екен. Ал нақты іс жүзінде үшеуі орнатылған. Ал бұл мақсатқа қанша қаржы жұмсалғанын Годунова ханым ашып айтпады. 

"Өкініштісі, жұмыс істемей тұрған қондырғылардың жұмысын қамтамасыз етуге жыл сайын ақша бөлінеді. Алайда, жол сапасының қауіпсіздігі сақталмай отыр", – деді Наталья Годунова.

Еске сала кетейік, сенат отырысында 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша қаржы министрлігінің және есеп комитетінің есебі тыңдалды. Отырыс барысында сенат депутаты Дариға Назарбаева  төтенше жағдайлар комитеті мен Ұлттық гвардияның дербес бюджеттерін бекіту керектігін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі қызмет те ішкі істер министрлігінің құрамында өгей баланың күйін кешіп жүр.

Дариға Назарбаеваның айтуынша, төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінің қажетті инженерлік-техникалық құралдармен, арнайы жабдықтармен, көлікпен қамтамасыз етілу деңгейі төмен. Тиісті талаптың 30-70%-ын ғана құрап отыр. Бұл ішкі істер министрлігінің лимиттері аясында төтенше жағдайлар комитетін қаржыландыру көлемінің жеткіліксіздігін көрсетеді.

Сондай-ақ, Дариға Назарбаева кейбір жобалардың тиімсіз жоспарланатындығын атап өтті. Оның сөзінше, қаражат тиімсіз игеріліп отыр. Мәселен, өрт сөндіру деполарының құрылысына 15 жобалық-сметалық құжаттың тек төртеуі ғана пайдаланылуда.

"2017 жылы 4 жобаның мерзімі өтіп кетті. Ал оларды әзірлеуге бюджеттен 86 млн теңге жұмсалды. Әзірленуіне 100 млн теңге жұмсалған 7 жоба 2018-2020 жылдардың бюджетіне енгізілмеген. Демек, 186 млн теңге тиімсіз игеріліп отыр", – деді сенатор.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу