​Елімізде біраз ірі кәсіпорын жойылу алдында тұр

Қазақстанда ірі 20 компания жойылу рәсімдерін бастады.

04 Қыркүйек 2018 17:20 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
​Елімізде біраз ірі кәсіпорын жойылу алдында тұр, ірі компаниялар, алпауыттар, белсенді бизнес, рейтинг

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, елімізде белсенді жұмыс жасайтын, яғни өнім шығаратын немесе нақтылы қызмет көрсететін ірі кәсіпорындар саны жыл сайын азайып келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапқан.

Бүгін жарияланған ресми мәліметке жүгінсек, белсенді ірі кәсіпорындардың сапында 2018 жылғы 7 ай қорытындысы бойынша небары 2239 субъекті ғана қалыпты. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылғы сәйкес мерзімде олардың саны 2265 болған-тын. Яғни, бір жыл ішінде тағы 1,1%-ға азайып кетті.

Егер ел тарихына жүгінсек, нақты жұмыс жасайтын ірі зауыт-кәсіпорындардың ең көп саны девальвация қарсаңында, яғни 2015 жылдың шілдесінде тіркеліпті: сонда бұл көрсеткіш 2351-ге дейін барған. Алайда ірі заңды тұлғалардың қатарының сетінеуі сол жылы-ақ басталып кетті. Нәтижесінде, олардың саны 2016 жылы 0,1%-ға, 2017 жылы 3,6%-ға, биыл 1,1%-ға кеміген.

Бұл ретте биыл жойылуды бастан кешіп жатқан 20 ірі компанияның кебін басқалары да құшуы ғажап емес. Өйткені қазіргі кезде белсенді жұмыс жасамай тұрған немесе қарқынды дамуын тоқтатып, қирауға көшкен тағы 33 ірі кәсіпорын тіркелуде. Ресми дерекке жүгінсек, 2012 жылдан бері Қазақстанда 134 ірі кәсіпорын «ликвидациялауды» бастан кешкен.

Сонымен бірге, бизнес алпауыттары үшін қай өңірдің «жерұйық» болып отырғаны да анықталды. Бұл атақты еліміздің ең ірі мегаполисі иеленді: барлық ірі компаниялардың 490-ы жалғыз Алматыда шоғырланып отыр. Рас, бұл қайта кемігендегісі: бір жыл бұрын Алатау бөктеріндегі шаһарды мекен еткендердің саны 500-ге жететін.

Екінші тұғырға бас қаламыз көтерілді: Астанада азуын айға білеген 271 компания тіркелген. Былтыр олардың қатары 267 ғана болатын. Сарапшылар «Астана» халықаралық қаржы орталығының қарқын алуымен бірге бұлардың «үйірі» де қарая түседі деп күтуде.

«Үштікке» кенді өңір Қарағанды облысы ілікті: онда 171 ірі кәсіпорын орналасқан. Өткен жылы бұл көрсеткіші 169 болған.

Осылайша, үш көшбасшы Қазақстандағы барлық белсенді ірі компаниялардың 41,6%-ын меншіктеп кетті.

Ірі бизнес анадайдан тосырқай қарайтын, көп жолай бермейтін өңірлер де бар. Алпауыттар аутсайдер еткен бұл облыстар қатарына Солтүстік Қазақстан (59 ірі кәсіпорын) және Жамбыл (73) облыстары жатады. Сондай-ақ Шымкент мегаполисі өз алдына отау тігіп кеткеннен кейін олардың қасына Түркістан облысы да (73) барып қосылды.  

Қызылорда (76), БҚО (82), Ақмола облысы (84), Маңғыстау (89), Павлодар (95), Ақтөбе (97) облыстары да осылардың «одағына» кіруге таяу жүр.

Ірі бизнесі қатарын «жүздіктен» асыра алғандар арасынан тек Шығыс Қазақстан облысы (152), Алматы облысы (117), Шымкент қаласы (106), Қостанай (103) және Атырау (101), облыстары табылды

Бір қызығы, экономикалық қызмет түрлері бойынша бөліп-жара қарасақ, ірі компаниялардың ең көп саны – 524-і денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер салаларында шоғырланған. Әйткенмен, азайып келеді: бір жыл бұрын саны 544-ке жеткен.

Одан кейін 261 ірі ұйымы бар мемлекеттік басқару, қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру секторлары келеді (былтырғы көрсеткіші 257).

Өнеркәсіп саласы тек үшінші орынға жайғасты. Бұл секторда 233 ірі кәсіпорын белсенді бизнес жүргізуде. Өткен жылдан бері сапы 15-ке кеміді.

Алпауыт компаниялары аз салалар арасынан құрылыс секторы менмұндалайды: жыл өткен сайын монополияланып бара жатқан бұл саланың бар игілігін қазіргі кезде негізінен 136 ірі кәсіпорын өзара бөліске салуда. Бір жыл бұрын бұлардың саны 144-ке дейін баратын, яғни 5,6%-ға азайды.  

Басқаларына тоқталсақ, көлік және қоймалау, логистикада 87, электрмен жабдықтау, газ беру саласында 87, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет секторында 72, ауыл, орман және балық шаруашылығында небары 61, қаржы және сақтандыру қызметінде бар-жоғы 54, ақпарат және байланыс саласында тек 39 ірі компания ғана қалған.

Басқаларындағы ірі бизнес бәсекелестігі туралы айту қиындау. Мәселен, мейрамханалардан, тойханалардан, ойын-сауық орталықтарынан, кинотеатрлардан табыс тауып, республикалық деңгейдегі алпауытқа айналған ірі бизнес саны елімізде небары 35 қана екен. Қонақүй қызметтері саласындағы ірі компаниялар қатары 2017 жылғы 29-дан бүгінде 31-ге дейін ұлғайып отыр. 

Бақыт Көмекбайұлы