banner

​Мұнайдың "майлы жілігін" шетелдіктер ұстап отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3830

Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кен орындарының басшылық қызметінде қазақтар аз.

​Мұнайдың "майлы жілігін" шетелдіктер ұстап отыр

Басшылықта ат төбеліндей ғана қазақ отыр
Біздегі мұнай компанияларының "майлы жілігі" шетелдіктердің қолында екенін бұрын да естігенбіз. Әркімдер айтып та жүр. Бұл жолы мұндай пікір ресми өкілдердің ауызынан шықты. Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының жоба басқарушысы Нияз Жұматтың айтуынша, Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз секілді ірі кен орындарының басшылық қызметінде Қазақстан азаматтарының үлесі аз. Мемлекеттік сатып алу департаменттерін, техникалық жобаларды, құрылыс және инжинеринг салаларын шетел азаматтары басқарып отыр.

"Қазақстанда мұнай-газ саласындағы ірі жобалардың жүзеге асырыла бастағанына 20 жылдан асты. Негізгі басшылық қызметтерді шетелдіктер атқаруда. Өкінішке қарай, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Олар Қазақстанда үш-төрт жыл жұмыс істейді. Сосын өз Отанына тайып тұрады. Сондай-ақ олар жергілікті нарықты дұрыс білмейді. Сондықтан тек шетелдік мердігер компаниялармен байланыс орнатқанды құптайды. Осының салдарынан отандық компаниялар үнемі қағажу көріп келеді", – дейді Нияз Жұмат.

Кадрларды ұлттандыру бағдарламасы әзірленуде

Мұнай компанияларының басшылық қызметіндегі жергілікті азаматтардың үлесін қалай арттырамыз? Қайтпек керек? Бұл мәселе Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының өкілдерін де жиі толғандыратын көрінеді.

"Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағы басшылық қызметтегі жергілікті кадрлардың үлесін арттыру бағытында жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Ірі операторлармен де, мемлекеттік органдармен де жұмыс жүргізілді. Ортақ келісім бар. Бүгінде кадрларды ұлттандыру бағдарламасы әзірленуде. Бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстан азаматтарынан кем дегенде департамент басшыларын дайындап шығуымыз керек. Бұл жұмысты энергетика министрлігі бақылап отыруға тиіс", – дейді Нияз Жұмат.

Одақ – отандық компаниялар жағында
Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының негізгі міндеті – отандық компаниялардың мүддесін қорғау. Одақ мердігер компаниялармен тікелей жұмыс істейтіндіктен, нарықтағы проблемаларды да бірден біліп отырады.

"Осы уақытқа дейін отандық компаниялар шетелдік мердігерлерге жұмысшылар ұсынатын агенттік ретінде жұмыс істеп келген. Мердігер ұйым жұмыс күшін алу үшін ғана келісімшартқа отырады. Болды. Сондықтан субмердігер қызметін көрсететін отандық компаниялардың ұпайы толық болмай келді. Біз аталған бағытта бас мердігерлермен тікелей келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ қазақстандық мазмұн бойынша талаптарды түсіндірдік. Осының нәтижесінде отандық компаниялар жұмыс күшін ғана бермей, құрылыстың нақты бір учаскелеріне жауапты болатын деңгейге жетті. Бұл Қазақстан компанияларының кәсіби біліктілігін арттыруға жол ашты. Сонымен қатар қаржылық жағдайын түзеуге мүмкіндік берді", – дейді Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының жоба басқарушысы Нияз Жұмат.

Біздің нарық шетел үшін тартымды һәм табысты
Деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстан нарығында 1 мың мұнай-сервис компаниясы жұмыс істейді. Компаниялар 170 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың сөзінше, былтыр еліміздегі мұнай-сервис қызметінің айналымы 2,5 трлн теңгені құраған. Ал мұнай өндіруші барлық компанияның жалпы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,5 трлн теңгеге тең болған. Бұл ретте, барлық сатып алудың 75 пайызы Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз секілді ірі кен орындарына тиесілі.

"Қазақстан нарығы шетелдік мердігерлер үшін тартымды әрі табысты. Бүгінде бұл саладағы әлемдік деңгейдегі ірі 100 компанияның 20-сы Қазақстанда жұмыс істейді. Тағы 10 компания біздің нарықтан орын алу үшін талпынып жатыр. Олар жергілікті компаниялар арасынан өздеріне серіктес іздейді. Өйткені, қазақстандық операторлар ірі жобаларға бірлескен кәсіпорындарды немесе консорциумдарды тартқанды құптайды. Дегенмен, шетелдік компаниялар көп жағдайда ЖШС ашып, жұмысқа кіріседі", – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Оның айтуынша, бұл жерде шешімін таппаған мәселелер бар. Заң бойынша мұнай саласындағы отандық бұрғылау және құрылыс компанияларына арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, ол жеңілдіктер нақты іс жүзінде қолданылмай келеді. Сондықтан отандық бизнестің өкілдері жергілікті компаниялардың мәртебесін қайта қарауды ұсынып отыр. Оның ішінде капиталдың құрылтайшыларын қайта қарастыруды өтінуде. Олар қазақстандық тараптың үлесі 50 пайыздан кем болмауға тиіс деп есептейді.

Жергілікті компаниялардың қаржысы уақытылы төленбейді
Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, бас мердігер компания субмердігер қызметін көрсететін отандық кәсіпорындардың қаржысын уақытылы аудармайды. Тіпті, кейбір отандық компаниялар жырты жылдай уақыт өзіне тиесілі қаржыны ала алмай, пұшаймен күй кешкен күндер де болыпты.

"Көрсетілген қызмет актісіне қол қойылған соң, тапсырыс беруші бір айдың ішінде бас мердігерге қаржыны аударады. Алайда, бас мердігер компания ақша түскен соң, субмердігерге қаржыны аударуға асықпайды. Ал көп жағдайда субмердігер қызметін қазақстандық компаниялар атқарады. Опық жейтін де солар", – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Субмердігердің бас ауруы – банктік кепілдік
Сондай-ақ субмердігер компаниялар бетпе-бет келіп отырған тағы бір проблема бар. Ол банктік кепілдікке байланысты мәселе.

"Мәселен, бір нысанды бас мердігер 3-4 жыл салуы мүмкін. Ал тапсырыс беруші бас мердігерден сенімділік үшін банктік кепілдік талап етеді. Өз кезегінде бас мердігер компания субмердігерлерден банктік кепілдік сұрайды. Бұл процестердің бәріне біршама уақыт кетеді. Субмердігер жұмысты бір айдың ішінде аяқтады делік. Ол бір айлық жұмыс үшін жылдар бойы банктік кепілдіктің кері қайтарылуын күтеді. Сондықтан субмердігерлерге берілетін банктік кепілдік мерзімі бір жылдан аспауы керек. Бұл қадам отандық компаниялардың жағдайын біршама жақсартады", – дейді Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының бас директоры. 

Нұрлан Жұмағұловтің пікірінше, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодексте мердігерлерге қатысты талаптар бар. Мәселен, мердігерлер мемлекеттік сатып алуды тапсырыс берушінің ережелеріне сәйкес жүргізуі керек.

"Бұдан бөлек, тауарлар мен қызметтерді бірыңғай мемлекеттік реестр арқылы сатып алатын жеке компаниялар үшін де арнайы талаптар ескерілген. Яғни, олар тауарлар мен қызметтерді келісімшарт бағасы 100 айлық есептік көрсеткіштен асса ғана сатып ала алады. Бұл дегеніңіз – 245 млн теңге. Сол секілді мемлекеттік сатып алудың көп бөлігін алып отырған Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кен орындарына қатысты да міндеттемелер бар. Олардың тендерлік іс-шаралары жабық жағдайда өтеді. Бірақ жабық жағдайдағы тендерлік іс-шаралар мердігер ұйымдарға трансляциялануы керек. Бұл – заңның талабы. Қысқасы, осы аталған талаптар бойынша ортақ консенсуске келу керек", – дейді Нұрлан Жұмағұлов. 

ІТ-технология ақсап жатыр
Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың сөзінше, Қазақстанда ІТ-технология саласы кенже қалып отыр. Сондықтан Қазақстан Беларусь пен Украина мамандарына тәуелді.

"Бізде ІТ-технологияның мамандарын даярлайынтын инкубатор жоқ. Әркім шама-шарқынша ұсақ-түйек компанияларды құрған болып жүр. Бірақ олар Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз секілді ірі операторларлың сұранысын өтей алмайды. Біздің кем тұсымыз – осы. Жалпы, ІТ-технология әлемдегі табысты сала саналады. Мәселен, құрылыстан 20-30 пайыз пайда көруге болады. Ал ІТ-технология саласында табысты 300-400 пайызға еселейтін мүмкіндік бар. Сондықтан мемлекет пен бизнес осы мәселені бірлесіп шешуі керек деп ойлаймын", – дейді Рашид Жақсылықов.  

Одақ басшысының пікірінше, мұнай-сервис нарығындағы отандық компанияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Бірақ қолдауға иек артып, қозғалмай қоюға тағы болмайды.

"Жас мемлекетте қай салаға болмасын қолдау қажет. Біздің салаға да қолдау көрсетілуде. Алайда оның тиісті мөлшері болуға тиіс. Жалпы, кәсіпкерлік бәсекелестіктен тұрады. Ал қолдауға иек артып алған кәсіпорын дүниежүзілік сауда ұйымының есігі айқара ашылғанда бәсекеге қабілетті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан осы жағын да ескеру керекпіз", – дейді одақтың төралқа төрағасы.

Рашид Жақсылықовтың пікірінше, отандық компаниялардың мүддесі мен мүмкіндігі шетелдіктерге қарағанда жоғары болуға тиіс. Бірақ, жұмыстың сапасы мен жұмысшылардың біліктілік деңгейі шетелдік компаниялардан төмен болмауы керек. Мемлекет бұған келгенде барынша қатал болуға тиіс деп есептейді.

"Тәуелсіздік алғалы еліміздің мұнай-сервис саласында бетке ұстар, мақтан тұтар компаниялар пайда болды. Қазір біз шетелдік компаниялардың өкшесін басып келеміз. Тіпті, америкалық атақты Baker Hughes компаниясын ішкі нарықтан ығыстырып шығардық. Демек, біздің компаниялар да бәсекеге қабілетті деген сөз. Құрылыс, бұрғылау, жобалау секілді салаларда отандық компаниялар үлкен жетістікке жетті. Логистика саласындағы жұмысымызды орташа деп бағалаймын. Енді ІТ-технология мен жаңа технологияларды меңгеруге мән беруіміз керек", – дейді Рашид Жақсылықов.

Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағына 160 компания еніп отыр. Қазақстандағы 100 ірі компанияның қатарына 14 мұнай-сервис кәсіпорыны кірген. Аталған 14 компания 2017 жылы 1 млрд АҚШ доллары көлемінде салық төлеген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу