​ТҚЖБ-ның сатуға қойылған шоттарының тек үштен бірі ғана сатылған

3305

Мемлекеттік банкте сатылған салымдардың орташа үстеме бағасы 15% болды.

​ТҚЖБ-ның сатуға қойылған шоттарының тек үштен бірі ғана сатылған

Онлайн-қызмет көрсету іске қосылғалы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" (ТҚЖБ) АҚ-ның шоттарды қайта табыстау туралы  6,31 мың хабарландырудан тек 2,1 мың депозит сатылған. Бұл туралы abctv.kz-ке мемлекеттік банктің баспасөз қызметі мәлім етті.

"Онлайн-қайта табыстау жұмыс істей бастағаннан бері 2104 депозит қайта табысталған. Шоттардағы жинақтың жалпы сомасы 4,017 млрд теңге болды, ал қайта табыстау депозиттерін сатудан түскен жалпы сома 41644 млрд теңгені құраған", – деп мемлекеттік банктегілер мәліметтер келтірді.

Қайта табысталған депозиттегі жиналған ең аз сома 90167 теңге болған. Бұл депозит 168071 теңгеге сатылған. Ал ең ірі шот 13,793 млн теңге болды. Оны сатып алған адам аталған сомаға қосымша 1,226 млн теңге құйған.

Барлық сатылған шоттарға  сатып алушылар орташа есеппен 300 мың теңге үстеме ақы немесе сатылған салымның орташа мөлшерін қайта есептеуден 15%-дан сәл ғана асатын соманы төлеген. Ең көп келісім Алматыда жасалып, 410 шот сатылған екен. Одан кейінгі орында Астана қаласы тұр. Астанада 312 депозит қайта табысталған.

Еске салар болсақ, 2018 жылдың мамырында мемлекеттік банк салымдарды қайта табыстау мүмкіндігін қайтарған болатын. ТҚЖБ-де бір жылдан артық тұрған шоттарды осы уақыттан бастап тек туыстарға ғана емес, сонымен қатар үшінші тұлғаларға сатуға болады. Бұл қызмет түрі жаңа онлайн-табыстау сервисін іске қосудың арқасында қолжетімді болды. Опция "ТҚЖБ 24" интернет-банкингінде пайда болды.

Қызмет іске қосылған кезде "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова: "Жыл басынан бері ТҚЖБ-да 83 мыңнан астам қазақстандық шот ашқан. Егер олар салымдарын үнемі толтырып, банк талабын орындайтын болса, яғни жинақтаудың ең аз мерзімі үш жыл мен бағалау көрсеткішін 16 мәніне жеткізсе, онда олар тұрғын үй қарызын бес пайыз мөлшерлемемен алады. Банкте тұрғын үй қарызын алуға жетіп қалған, бірақ күтпеген жағдайдың туындауынан келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуға мәжбүр болып , жинақтарын шешіп алғысы келіп отырған  клиенттер жетіп артылады. Осы жағдайда оларға жаңа онлайн-қайта табыстау қызметі өте қажет. Ал жинақталған мерзімі мен сомасы жақсы шотты сатып алушылар қашан да табылатыны анық. Сатып алған адам көп күтпей-ақ, жақын арада төмен пайызбен тұрғын үй қарызын ала алады", – деп түсіндірген болатын.   

Қайта табыстауға тек бір рет қана рұқсат беріледі. Қызмет ақылы, сатушыдан жинақталған сомасының көлемінен 0,5% комиссия алынады. Жаңа тәсілмен сатып алынған шоттар көмегімен баспананы тек коммерциялық нарықтан алуға болады. Мұндай депозиттерге мемлекеттік бағдарламаға қатысуға тыйым салынған.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу