2017 жылы ERG Қазақстандағы салықтарының 81%-ын төледі

3379

Тау-кен металлургиялық тобы табысының 93%-дан астамын өндірісі орналасқан елдерден тапты.

2017 жылы ERG Қазақстандағы салықтарының 81%-ын төледі

Eurasian Resources Group 2017 жылы өзі жұмыс істейтін елдерге 850 млн доллардан астам салық төледі, делінген  шикізат корпорациясының тұрақты даму жөніндегі есебінде. Компания есептік кезеңде Қазақстан қазынасына өзінің барлық жаһандық нақты шығысының 81%-ын төлеген. Ал қалған салықтық төлемдердің 15%-ы  Конго Демократиялық Республикасына (КДР), 2%-ы корпорацияның жұмыс істейтін басқа африкалық елдеріне, 1%-ы Люксембургке және 1%-ы Нидерландқа тиесілі.

Еуразиялық топтың бас кеңсесі Люксембургте орналасқаны белгілі. Корпорацияның өндірістік аймақтары – Қазақстан, КДР, Замбия, ал дамушы аумақтары – Бразилия, Мали, Зимбаба, Мозамбик және ОАР болып табылады. Сонымен қатар компанияның жалпы әлем бойынша корпоративтік кеңселері немесе сату кеңселері Сальвадор (Бразилия), Маврика, Йоханнесбург (ОАР), Лубумбаши (КДА), Алматы, Астана, Дубай, Бейжің, Мәскеу, Амстердам, Люксембург және Цюрихте орналасқан. Онда жұмыс істейтін адамдар саны 236. Есепте Қазақстандағы корпорацияда 62,1 мың адам, ал Африкада 6,6 мың адам жұмыс істейді деп көрсетілген.

"2017 жылы мемлекеттік органдарға салық және басқа да міндетті төлем түрінде 850 млн доллардан астам ақша аудардық (2016 жылы – 600 млн доллардан астам). Төлемдердің өсуі Қазақстандағы салық салынатын пайданың артуы нәтижесінде жоғары кірістен түскен салықты көрсетеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қызметтің экономикалық мазмұны мен қосымша құн жасауды есепке ала отырып салық салу параметрлерін қайта қарауға бағытталған салық салынатын базаның жылыстауына қарсы іс-қимыл және пайданы салықтан босату жөніндегі іс-шаралар жоспары негізіне арқау болған принципін жақсы түсінеміз. Осыған байланысты салықтық оңтайландырудың белсенді жоспарын қолданбаймыз. ERG-ның табысқа арналған тиімді мөлшерлемесі біздің өндіру мен өңдеу жұмысын іске асыратын, яғни топтың барлық салығының 96 %-дан астамын төлеп отырған елдердегі табысқа салынатын салық мөлшермесін (2016 – 9 %-дан астам) көрсетеді", – деп нақтылады корпорация.

Бұл ретте барлық EBITDA-ның (салық , пайыз, тозу және амортизацияны төлегенге дейінгі табысы – Ред.) 93%-дан астамы Қазақстанда ферроқұймаларды 54,9%, 9,4 % темір кенін, 17,3% алюминий мен глинозем және 11,8 % энергетиканы өндіру барысында туындаған болатын. Корпорацияның небәрі 9,7% табысы ҚДР-да кобальт пен мыс өндіруде туындаған. Топтың жалпы сату көлемінің 15-20%-ы Қытайға тиесілі.  

Еуразиялық топтың жалпы базалық EBITDA-сы 2017 жылы кіріс 5 млрд доллар болғанда 2,09 млрд долларға жеткен. Алдыңғы жылдармен салыстыратын болсақ, кірістілік 31,5 %-ға өскен, ал EBITDA жылдық көрсеткіште 42,4%-ға артқан. Есептегі жақсы қаржылық көрсеткіштер корпорацияның операциялық қызметінің тиімділігі артқанынан ғана емес, сонымен қатар 2017 жылы феррохром, мыс, кобальт және алюминий бағасының өскенімен байланысты болып отыр. Бұл ретте таза берешек базалық EBITDA-мен ара қатынасы  былтыр 3,39 болған, бұл 2016 жылғы 4,77 көрсеткішінен аз. Осыған қарап, 2017 жылдың соңына қарай ERG-дың борышқорлық жүктемесі 7 млрд доллардан асқан деуге болады.

Тамыз айында "Интерфакс-Қазақстан" Moody's-ке сілтеме жасай отырып, ERG-ның борышқорлық жүктемесі 7,8 млрд доллар болғанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар 2018 жылдың шілдесінде компания 350 млн доллар сомасында жаңа ұзақмерзімді банктік несие алған.  Акционерлер Александр Машкевич, Патох Шодиев және Әлиджан Ибрагимовтен басқа тау-кен-металлургиялық корпорацияның капиталы құрамында мемлекеттің 40% үлесі бар. Сол себепті Қазақстанда салық төлемдері жоғары болғанда, ERG-ның корпоративтік борышының мемлекеттік үлесі де өсті деген сөз. 2017 жылы ERG елдегі әлеуметтік инвестицияларға 105,5 млн доллар бағыттағаны тағы бар.  Бұл қаражаттың 61 млн доллары  "Қазақстан Тұңғыш президенті – Елбасы қорына"  қайырымдылық ретінде берілген, оның жартысы Астана мен Алматыдағы демалатын және сауықтыру орталықтарын қайта қалыпқа келтіруге жұмсалған.

"21 млн доллар көлеміндегі қайырымдылық Алматыдағы жастар жобасын іске асыру үшін пайдаланылатын қор ғимаратын қайта қалыпқа келтіруге жұмсалады. Қорға қажет қосымша қаражат 2018 жылы бөлінетін болады. Ал 15 млн доллар көлеміндегі қосымша қайырымдылық Астана қаласындағы ботаникалық бақты салуға бағытталған", – деп көрсетілген есепте.

ERG-ның Африка елдеріндегі салықтық жүктемесі өсуі мүмкін. Мұндай үрдіс есептеулер арқылы нақтыланып отыр, яғни онда 2018 жылдың көктемінде ҚДР үкіметі бағалы емес металдарға арналған роялтиді 2 %-дан 3,5 %-ға арттырғаны, сондай-ақ "стратегиялық металдарға" 10 %-ға дейін роялти енгізгені және әр жобаның негіздемесінде көрсетілген жобаланған бағадан 25 %-дан жоғары шикізатқа арналған баға өсу кезінде сатылғаннан түскен табыс жоғары болған жағдайда 50% мөлшерінде салық төлеу керектігі көрсетілген.

Бұл ретте берілген есептен ERG-ның африкалық елдерде салықтық наразылықтарға тап болып отырғанын көруге болады.

Бұған қоса, топ АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларына байланысты реттеуші тәукелдерді азайту бойынша жұмыс жүргізуде.

"2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында АҚШ үкіметі бірқатар жаңа санкциялар енгізді және санкциялық тізімге Ресей және КДР-мен байланысты жеке және заңды тұлғаларды қосты. Жаңа санкцияларды енгізуде санкцияларды есепке ала отырып үшінші тұлғалармен келісімді қайта қараймыз және қажет болған жағдайда санкциялық тәртіпті сақтау үшін келісімді бұзамыз. АҚШ-тың жақында енгізген санкцияларына қатысты аталған тексерісті жүргіздік", – деп көрсетілген есепте.

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты қабылданып жатқан барлық шараға қарамастан, 2017 жылы топтың өндірістік нысандарында оқыс оқиға орын алып, алты адам қайтыс болды. 2016 жылы ERG кәсіпорындарында адам өліміне әкелген 15 жазатайым оқиға тіркелген.

Есеп беру кезінде экология саласы бойынша ERG қалдықтарды азайтуды белсенді қолға алғаны айтылды.

"2018 жылы Павлодардағы алюминий зауытында атмосфералық ауаны бақылаудың автоматты жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін кәсіпорынның санитарлық-қорғау аумағы шекарасында қашықтықтан бақылау станциясы орнатылады. Станция аспаптармен жабдықталады, аспаптар қалдықтардың деңгейі туралы мәліметті ERG-ның экологиялық қызметіне беріп отырады. Осының арқасында ауаға шығып жатқан қалдықтарды жылдам және оңай бақылайтын боламыз, сонымен қатар стейкхолдерлерге нақты мәліметтерді бере аламыз", – деп көрсетілген корпоративтік құжатта.

Топтың Павлодар, Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы электр станцияларының жалпы қуаты 3202 МВт, бұл Қазақстанда  өндірілетін электр тогының 19%-ына тең. Энергияның 86,5%-ы "Восточный" кенішінде көмірді жағу есебінен өндіріледі. Сондықтан корпорация өзінің ЖЭК-ын дамыту мүмкіндігін қарастыруда.

"Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ,  2017 жылы  электр энергиясын өзіміздің  жаңартылатын көздерімізден алды әзірлеуге бір табан жақындадық. Біздің жоспарымызға сәйкес жобалық бекітілген қуаты 150-180 МВт (бекітілген қуатты пайдалану коэффицентінің көрсеткіштеріне қарай) болады. Аталған  қуат жел және суэлектр станциясының көмегімен алынатын электр энергиясының теңдестірілген  аралас өндірісін ұсынатын болады", – деп нақтылады корпорация.

2017 жылы компания жел энергетикасының әлеуеті бар нысандарын зерттеуді аяқтады. Компания бұған Ақтөбе облысындағы Дөң тау-кен байыту кешеніне және Павлодар облысындағы "Восточный" көмір кенішіне жақын жердегі екі алаңды қарастырған болатын. Бұған қоса, топ Шығыс Қазақстан мен Алматы облысының өзендеріндегі суэлектрстанцияларын пайдалану мүмкіндіктерін қарастыруда.

Қалдықтарды утилизациялау саласында ERG шығындарды үнемдеу жұмысын ұлғайтуда.

"2017 жылы бөгде ұйымдарға 3,3 млн долларға жуық сомаға 151,077 тонна қалдық (2016: 58,000 тонна) саттық. Осының арқасында қалдықтарды утилизациялау бойынша шығыстарды 1,1 млн долларға үнемдей алдық, сондай-ақ бұл біздің қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуімізді төмендетіп, Топ үшін табысты қамтамасыз етті", – деді корпорациядағылар.

Сонымен қатар компания Дөң кен байыту кешенінде хром өндірісінің 1950 жылдан бері жиналып қалған шламдарын байыту бойынша жаңа өндіріс құрмақшы. Бұл қалдық хромды алу коэффицентін 80%-дан  90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу