2018 жылдың жаңажылдық дастарқаны қымбаттады

3600

Шампанның бағасы – 20%-ға, оливье 10%-ға өсті.

2018 жылдың жаңажылдық дастарқаны қымбаттады

2017 жаңа жылмен салыстырғанда табалдырықтан аттағалы тұрған 2018 жылдың қарсаңында шампан – 20%-ға, балалар ойыншықтары 50%-ға қымбаттады.

Аbctv.kz тілшісі 2017 жылмен салыстырғанда биылғы жаңа жылдың дастарқаны қаншалықты қымбаттайтындығын анықтап көрген еді.

Есебіміздің басын "Кеңестік шампаннан" бастасақ, оның құны интернет-дүкендерде қазірдің өзінде 0,75 литрі үшін 1050-1500 теңге аралығында сатылуда. Былтыр осынау қазақстандық жартылайқұрғақ өнім түрінің бағасы 1000-1100 теңге төңірегінде болған. Бір жыл ішінде шампанның бағасы орташа алғанда 20-25%-ға өсіп отыр. Аbctv.kz-тің есептеуі бойынша, жаңажылдық оливье салатының құны 10%-ға өскен. ҚР статистика комитетінің сайтында жарияланған биылғы және былтырғы қарашадағы бағаларды салыстыра келе, былтырғы жылы осы салаттың 1,5 келісін әзірлеу үшін ингредиенттерге 1009 теңге жұмсалған болса, биыл 1104 теңге қажет екені белгілі болды. Яғни бір жылда жұмыртқа бағасы 18%-ға, картоп – 20%, пісірілген шұжық – 7%-ға өссе, ал балғын қиярдың бағасы керісінше 7%-ға төмендеген.

Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская шын мәнінде азық-түлік жыл басынан бері 17%-ға қымбаттағанын айтады. Әрі Жаңа жыл қарсаңында олардың құны тағы да 15-20%-ға өседі. Романовскаяның болжамынша, әсіресе көкөніс, оның ішінде қияр бағасы көтеріледі. Тұтынушылар лигасының басшысы чекте көрсетілген сомаға мұқият назар аудару қажеттігін ескертеді. Соңғы уақытта сатып алушылардың аталған фактіге шағым жасауы жиілеп кеткен.

ИНФОГРАФИКА (есептеу барысында ҚР ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметтері пайдаланылды)

Статистикалық мәліметтерден ұққанымыз, өзгелермен салыстырғанда майшабақ (3%-ға) пен арақ (15%-ға) бағасы аса қымбаттамаған. "КазАлко" қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің айтуынша, азық-түлік бағаларына қарағанда, жаңа жыл қарсаңында алкоголь өнімдерінің бағасы айтарлықтай қымбаттамайды. Оның қазіргі бағасы жыл соңына дейін сақталып, ал келер жылы 11-12%-ға көтерілмекші.  

"2018 жылы арақтың 0,5 литрі үшін ең төмен баға қазіргі 850 теңгенің орнына 950 теңгені құрайтын болады. Келер жылы арақ бағасының өсуіне акциз мөлшерлемесінің өсуі себеп болғалы отыр. Егер биыл таза спирттің бір литріне акциз 2000 теңгені құраса, келер жылы 2275 теңгені құрамақ, яғни акциз 50%-ға қымбаттайды. Импортталатын алкогольдік өнім түрлерінің бағасы ұлттық валютаның тұрақтылығына байланысты", – деді ол.

Тек азық-түліктің ғана емес, балалар ойыншықтарының бағасы да айтарлықтай өсті. Олардың құнындағы өзгерісті биылғы жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығындағы сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының кодтары мәліметтерінен байқауға болады. Бүгінгі күні ол қолжетімді аса маңызды мәлімет болып отыр. Талдау көрсеткендей, балаларға ойыншық алуға кететін шығыстар 50%-дан асуы мүмкін. Егер қаңтар айында адам бейнесіндегі ойыншықтарды орташа алғанда келісін 10 доллардан тасымалдаған болса (қуыршықтардың импорты тоннамен және килограммен өлшенеді), ал қыркүйекте олардың құны келісі үшін 17 долларға дейін өсті. 2017 жылдың қаңтары мен қыркүйегіндегі доллардың орташа бағамын ескерсек, "Барби", "Монстер хай", "Винкс" және "Тильда" қуыршықтарының құны 73,8%-ға өсіп отыр. Жұмсақ ойыншықтардың да бағасы айтарлықтай жоғарылаған. Қазірдің өзінде пүліш иттерді ата-аналар қаңтардағымен салыстырғанда 19% қымбатқа сатып алуда.

Балаларды импорттық жемістермен қуанту да қымбатқа түскелі тұр. Қаңтарда апельсиннің келісі бір доллардан тасымалданса, алма 0,35 доллардан жеткізілді. Дегенмен қыркүйекте олардың бағасы сәйкесінше 50% және 70%-ға өсті.

Бір қуанарлығы, импорттық кәмпиттердің құны тоғыз айда 4%-ға арзандады. Естеріңізге сала кетейік, импорттық тауарлардың бағасында көтере сатып алушылар мен бөлшек саудалаушылардың үстеме бағасы көрсетілген жоқ.

Еркебұлан Қыздарбек, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу