2019 жылы доллар мен дамушы нарықтар валютасы қалай құбылады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4734

Былтыр бірнеше факторларға байланысты доллардың айтарлықтай қымбаттауы дамушы елдерге ауыр тиген еді.

2019 жылы доллар мен дамушы нарықтар валютасы қалай құбылады

Доллар шарықтау шыңына жетті
2018 жылы АҚШ долларының қымбаттауына елдің экономикалық қуаты, Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) төрт рет монетарлық өзгерістері және Құрама штаттарда айналысқа шығарылған құнды қағаздарға сұраныстың жоғарылығы әсер етіп, ең қатты қымбаттаған валюта ретінде жылды жапты. Бір жылда 4,4 пайызға дейін өсуі 2015 жылдан бері болмаған көрсеткіш. Дегенмен, сарапшылар 2019 жылы доллар үшін жоғарыдағы жайлы жағдайлардың сақталмайтынын айтады. 

Бірінші кезекте сарапшылар АҚШ экономикасының өсім қарқыны бәсеңдейтінін болжап отыр. Инфляцияның әсерінен ФРЖ да доллардың базалық мөлшерлемесін былтырғыдай қайта-қайта көтермей, тежей тұрмақ. Сонымен қатар, бұрын Форекс нарығында Қытаймен арадағы сауда соғысы АҚШ экономикасына айтарлықтай әсер етпейді деген пікір танымал болса, қазір сарапшылардың ойы өзгеріп жатыр. Мәселен, Financial Times басылымының мәліметінше, қазірдің өзінде сауда соғысының кесірінен 2019 жылдың бірінші тоқсанында ІЖӨ өсімі 0-дің айналасында болады деген болжам бар. Мұндай кезде Форекс инвесторлары долларға деген қызығушылықтарын төмедететіні анық, Бұл өз кезегінде доллардың өзіндік құнын әлсіретпек.

Дегенмен, Bloomberg  басылымы 2019 жылдың соңына дейін ФРЖ АҚШ қазынашылық құнды қағаздарының пайызын қазіргі 2,69 пайыздан 3,44 пайызға дейін өсіруі мүмкіндігін алға тартады. Олай болса, АҚШ доллары биыл тағы да көшбасшы валютаға айналмақ.

Дамушы нарықтар: тәуекел жоғары, пайда да мол
Былтыр АҚШ қор нарығы 2008 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке дейін құлдырап кетті. Инвесторлар енді дамушы нарықтардан пайда іздеуге кірісті. Халықаралық бірлік активтері америкалық акциялармен салыстырғанда айтарлықтай арзан болып тұр.

"Біздің ойымызша, дамушы нарықтар сатылып кетті. Бұл инвесторлардың кіруіне қолайлы орта қалыптастырып отыр", деді Сингапурдағы брифинг барысында Goldman Sachs Asset Management халықаралық нарықтар бойынша бас стратегі Джеймс Эшли.

Дамушы нарықтар инвесторларға жоғары қатермен жоғары пайда қамтамасыз ететін классикалық сценарийді ұсынып отыр. Ресей, Үндістан, Тайвань мен Бразилия секілді дамушы елдер жаһандық экономикалық өндірістің 40 пайызын қамтамасыз еткенімен, олардың нарықтық құны бар болғаны 12 пайыз шамасында. Дамушы елдер ауыл шаруашылығы мен шикізаттық тауарлар өндірісінен өңдеуші сала мен жоғары технологиялық өндіріске ауысып жатқаны инвестициялық мүмкіндіктерін арттырады. Дегенмен, бұл елдердегі тәуекелді де жоққа шығаруға болмайды. Reuters басылымы хабарлағандай, 2018 жылдың соңында дамушы нарықтар акциясы жылды 16 пайыз шығынмен жапты. Ал Түркия, Қытай мен Оңтүстік Африка елдерінің жағдайы соңғы он жылда болмаған деңгейге дейін түсіп кетті. Дегенмен, былтырғы жылды Ресей 12 пайыз "плюспен" жауып отыр.

JPMorgan Asset Management әлемдік нарықтар бойынша стратегі Габриэла Сантостың пікірінше, 2019 жылы дамушы нарықтардың жағдайымен қатар, АҚШ ФРЖ монетарлық саясаты, сауда соғысы мен Қытай экономикасының өсіміне болжам жасау қиын. Дегенмен, инвесторлар үшін қазір дамушы елдердегі акцияларды сатып алуға ең тамаша уақыт. Ал Rondure Global Advisors бас директоры Лора Гериц дамушы нарықтардың бағасы шамадан артық көтеріліп отырғанын айтады. Оның айтуынша, алдағы уақытта дамушы нарықтардағы баға төмендейді, ал АҚШ қор нарығы тұрақтылығын сақтамақ. Дегенмен, Лора Гериц дамушы нарықтар арасында Қытайға инвестиция салған адамның ұтылмайтынын айтады. Жалпы, сарапшылар Қытай мен Үндістандағы экономикалық ахуалдың өсетінін ескеріп, бұл елдердің нарығына кірген адамның ұтылмайтынын айтып отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу