2020 жылғы президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаев қатыспауы мүмкін

3982

Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев ВВС телеарнасына берген сұхбатында осындай пікір білдірді.

2020 жылғы президент сайлауына  Нұрсұлтан Назарбаев қатыспауы мүмкін

Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қазіргі басшысы 2020 жылы өтетін президент сайлауына қатыспайды деп есептейді, деп жазады "Интерфакс-Қазақстан".

"Шынымды айтсам, меніңше, президент Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы өтетін президент сайлауына түспейді, өйткені ол кісі өте ақылды, дана, ұтқыр адам. 2020 жылы өтетін президент сайлауы президент Нұрсұлтан Назарбаевсыз, басқа үміткерлермен өтеді деп ойлаймын", ­ – деді Қасым-Жомарт Тоқаев телерадио хабарламалық ұйымның сайтында жарияланған ВВС бағдарламасы эфирінде.

Ол бұл өзінің "жеке пікірі" екенін айтты.

"Бұл менің жеке пікірім.(...) Әрине, сайлауға түседі ме, жоқ па оны ол өзі шешеді, бірақ мен оның қатысатынына сенбейтінімді нақты түсіндіруім керек", – деп атап кетті парламенттің жоғары палатасының спикері.

Жүргізушінің алдағы өтетін президенттік сайлауға өзіңіз қатысасыз ба деген сауалына Қасым-Жомарт Тоқаев: "Жоқ, мен қатысамын деп айта алмаймын" деп жауап берді.

Сонымен қатар, сенат төрағасының пікірінше, "тіпті президент Нұрсұлтан Назарбаев осы елдің президенті болмаса да (2020 жылдан кейін), саясатқа, ішкі және сыртқы саясатқа үлкен ықпал ететін болады".

Қазақстанда Конститутцияға сәйкес президент мерзімінен бұрын босатылса немесе ел президенті лауазымынан кетсе, сондай-ақ қайтыс болса, онда президенттің құзыреті қалған мерзімге парламент сенаты төрағасына көшеді.

Гүлназ Ермағанбетова, Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу