21 мыңдай отбасының ипотекалық қарызы жеңілдейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
6281

Кредитор бағдарлама шеңберінде 2018 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей банкке қайта қаржыландыру туралы өтініш беруі қажет.  

21 мыңдай отбасының ипотекалық қарызы жеңілдейді

Ұлттық Банкте өткен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ипотекалық қарыз алушылардың мәселелерін реттеу жөнінде дөңгелек үстелде ведомствоның қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ипотекалық қарыз алушылардың мәселелерін реттеу саласындағы қызметінің негізгі бағыттары айтылды.     

Қазақстан Ұлттық банкі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьевтің айтуынша, қазіргі ипотекалық проблемалық қарыздардың басым көпшілігі 2004-2009 жылдары берілген қарыздарға тиесілі екен.

"2015 жылы ипотекалық кредиттеу нарығында қалыптасқан ахуалға жасалған талдау нәтижелері бойынша Ұлттық банк банктерден 2004-2009 жылдардағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. Проблемалық қарыздардың басым үлесі осы кезеңде берілген қарыздарға тиесілі, себебі қаржы дағдарысының салдарынан кіріс көздерін жоғалтуына және шарттардың талаптары бойынша сыйақы мен өсімпұл сомасының көлемін еңсере алмауына байланысты қарыз алушылар қарыздарын уақыты төлей алмай, кепілге берілген жалғыз баспаналарынан айырылу қаупі туындады.  Осыған байланысты 2015 жылғы сәуірде Ұлттық банк басқармасы қайта қаржыландыру бағдарламасын бекітті және оны іске асыруға 130 млрд теңге бөлінген болатын", – деді Терентьев. 

Бас банк өкілінің айтуынша, аталған бағдарлама қаржыландырған сомаларды шегергенде қарыз бойынша негізгі борыш қалдығын жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерлемемен қайта қаржыландырмақ. Ал қарыз алушының өсімпұл, тұрақсыздық айыбы және комиссиялар бойынша берешегін банктер кешіруге тиіс. 

"Бүгінге дейін бағдарламаның нәтижесінде Қазақстандағы 23 мыңнан астам отбасы өзінің жалғыз баспанасын сақтап, ипотекалық қарыздар бойынша төлемдерін жеңілдетті. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескере отырып қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мыңнан асуы мүмкін", – деді басқарма басшысы.

"Ипотека нарығына қосымша жүргізілген мониторинг валюталық ипотекалық қарыз алушылардың ағымдағы экономикалық ахуал кезіндегі осал болатынын көрсетіп отыр, себебі олардың борыштарының мөлшері валюталар бағамдарының құбылуына әсер етеді", – деді Тереньтев.

Александр Терентьев ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 59 қаулысымен 2015 жылғы сәуірде қабылданған қайта қаржыландыру бағдарламасының жаңа редакцияда бекітілгенін хабарлады. Жаңартылған бағдарламада валюталық ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мен 2004-2009 жылдар аралығында берілген қарыздарды қайта қаржыландыру талаптары жақсартылмақ.

"Бағдарламаның валюталық ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсетуді көздейтін блогы мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтарда берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Бағдарламаны іске асыру нәтижелері бойынша жеке тұлғалардың тұрғын және өзге де жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген барлық валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылатын болды", – деп атап өтті Терентьев.

"Бағдарлама жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейді. 2015 жылғы 18 тамыздан кейін ағымдағы бағам бойынша теңгеге ауыстырылған валюталық қарыздар және олар бойынша сот актілері шығарылған қарыздар қайта қаржыландырылатын болады. Бағдарламаға енгізілген толықтырулар 21 мыңнан аса қарыз алушының қарыздарын өтеуге оңтайлы жағдайлар жасайды", - деді бас банк өкілі.

Александр Терентьев валюталық ипотекалық қарыз алушыларға банктердің қайта қаржыландыруды  2018 жылғы 30 желтоқсанға дейін жүзеге асыратындығын және қарыз алушыларға  2018 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей өзінің кредитор банкіне қарызды бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландыру туралы өтініш беру қажеттігін баса айтты.

"Бағдарламаға енгізілген өзгерістердің екінші блогы 2004-2009 жылдардағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Осы блок бойынша жақсы талаптар қарыз алушы борышты 36,5 млн теңгеге дейін өтеген жағдайда қарызды қайта қаржыландыру мүмкіндігін көздейді. қарыз алушылардың қарыздарды қайта қаржыландырудан банктердің бас тартуларына шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялардың шешімдерін міндетті түрде орындауы; халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жатпайтын қарыз алушы үшін мемлекеттік баж сомасын  кемінде 36 ай мерзімге бөліп төлеу мүмкіндігін беру және т.б.", – деді  Терентьев.

Ол сондай-ақ бағдарлама қабылданғанға дейін банктермен, қоғамдық  бірлестіктермен және мемлекеттік органдармен қарыз алушылар үшін салықтық жеңілдіктер беруде көлемді жұмыс жүргізілгендігін атап өтті. Александр Терентьев бағдарлама қарыз алушылардың  борыштарын толық кешіруді көздемейді, тек қарызға  қызмет көрсету талаптарын жеңілдететінін айтты. Сондай-ақ Ұлттық банктің  ипотекалық қарыз алушыларға, соның ішінде халықтың осал тобына жататын қарыз алушыларға көмек көрсетудің келесі кезеңіне кіріскендігін айтып берді.

"Қазіргі кезде Ұлттық банк бағдарлама шеңберінде банктерге қарыз алушылардың борыштары бойынша олардың меншігіне өткен тұрғын үйді жалға беру құқығын беру жөніндегі маңызды заңнамалық бастама жасады. Бұл түзету  қарыз алушыларға ұзақ уақыт тұру және оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді жалдау төлемдерін төлеген соң меншігіне қайтару мүмкіндігін береді", – деді ол.

"Мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары проблемалық ипотекалық қарыз алушылармен қалыптасқан жағдайды үзілді-кесілді шешуге мүмкіндік береді және реттеушінің бұдан былайғы қызметі ипотекалық кредиттеуді ынталандыруға, көрсетілетін қаржылық қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталатын болады", – деді сөзін қорытындылай келе Терентьев.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу