5G үшін бәсеке

9231

Қазіргіден жүз есе жылдам интернет жасау жолындағы жарыста Қытай озуға жақын.

5G үшін бәсеке

Мобильдік байланыстың алғашқы толқынын АҚШ пен Еуропа компаниялары жасап, жетілдіріп бүгінгі жеткізгені белгілі. Қазір 5G дәуірі жақындап келеді. Ол да қоғамды интернет қолдану жолында трансформациялауға уәде беріп отыр. Бұл бәсекеде қай мемлекет үстем түспек: АҚШ па, Қытай ма? Екеуінде де жабдық жасаушы кәсіпорындар мен телекоммуникациялық компаниялар сымсыз интернеттің жаңа  түрін сынап жатыр. 5G қазір әлем жұрты қолданып жүрген 4G стандартынан 100 есе жылдам болады.

Және де мұндай ақпараттық желі көлікті адамның көмегінсіз жүргізуге, хирургиялық операцияларды қашықтан жасауға мүмкіндік бермек. Ал, кабель мен Wi-Fi-дың жәрдеміне жүгіну азаяды. Өйткені, құрылғыларға жүрдек интернетті арнайы мұнаралар-ақ жеткізіп береді. Сонымен қатар, бұл ақпараттық желі электр құрылғыларын "Заттар интернеті" арқылы виртуалдық және шынайы жағдайда қуаттандыра да алады. 

"Уолл стрит джорнал" газетінің мәліметінше, биыл шілдеде Қытайдың Huawei Technologies компаниясы Шэньчжэньдегі штаб-пәтерінде  5G стандартының сындарлы бір бөлігін жасағанын мерекелеп, оны ойлап тапқан түрік ғалымы Ердал Ариканға үлкен құрмет көрсеткен. Ал, Американың Бедминстр қаласының лабораториясында  инженерлерге күнге шағылыспайтын терезе қабатының супержылдам 5G интернетін үйге қалай енгізетіні көрсетілген.

5G экономикасы енді жасалып жатыр. Зерттеушілердің ойынша, оны ойлап табудың бейнетінен зейнеті зор. Бұндай жылдам интернеттің патентін иеленген компаниялар миллиардтаған доллар гонорарға кенелмек. Ал, үлкен әрі жылдам ғаламторды меншіктеген елдерде технологиялар қарыштап дамиды. Сонымен қатар, мұндай мемлекеттер өздерінің ұлттық барлау агенттіктері мен армиясын ең озық интернет-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қарсыласушы елді күйрете алатын күшке айналуы мүмкін.

"Алдымызда болашақ тұр. 5G стандарты дүниеге келсе, бұл жаңа өмірдің бастамасы болар еді", – дейді Huawei компаниясының  президенті Эрик Ху.

Verizon-ның атқарушы директоры Ханс Вестбергтің ойынша, 5G қоғамның медиа, көңіл көтеру, сауда-саттық тәрізді көптеген индустрияларын өзгеріске ұшыратуға қауқарлы.

Қытайда 5G стандартын жасаумен айналысатын компанияларға мемлекеттен көмек бар. Оған бір мысал – бүгінде Бейжіңнің солтүстігіндегі Ұлы Қорған маңында үкіметтің қолдауымен  5G зертханасы жұмыс істеп тұр. Ал, Құрама Штаттар үкіметі жекеменшік кәсіпорындардың ісіне араласпауға тырысады. "Уолл Стрит Джорналдың" мәліметінше, кейбір америкалық технологиялық фирмалар бірқатар қиындықтар кесірінен 5G интернетін дамыту жұмыстарын доғарып отыр немесе оны баяу жүргізіп жатыр. 

Мобильдік желінің бұрынғы толқынын жетілдіру жолында Қытай Батыс елдеріне есе жіберді. 2000-шы жылдардың соңына АҚШ 4G стандартымен әлемде жетекші позицияға шығып, Inc. және Qualcomm тәрізді компаниялардың жұлдызы жанды. Және де осы үстемдіктің арқасында Америкада смартфондарға арналған талай тұтынушылық қосымшаларды жасауға жол ашылды. Ал, 3G стандарты еуропалықтардың бақылауында болды.

Бірақ, биыл тамызда жарияланған статистикаға жүгінсек, 2015 жылдан бері Қытайда 350 мыңға жуық ұялы байланыс станциясы салынса, АҚШ-та олардың 30 мыңы ғана салынған. Сонымен қатар, бүгінде Қытайда әрбір 10 мың адамға 14.1, ал Құрама Штаттарда 4.7 станциядан келіп отыр. Бұл мәселенің  5G үшін де маңызы өте зор. Өйткені, 5G стандарты 4G-ге қарағанда байланыс станцияларын көбірек қажет етпек.

Болжамдарға қарағанда, Қытайда 5G қызметі 2020 жылға қарай коммерциялық қолданысқа әзір болады. Бірақ, оның болашағы әлемнің өзге елдеріне тиісті техникалық стандарттар орнатуға,  және сол мемлекеттердің  5G-ді пайдаланғаны үшін роялти немесе лицензиялық гонорар төлеуіне байланысты болмақ.

Дегенмен, Huawei және China Mobile  компанияларының басшылары мәлімдегендей, олар ештеңеге қарамай 5G интернетті қайте де жасауға күш салмақ.

"5G – Қытай үшін маңызды стратегиялық жоба. Егер олар 5G –дің  табалдырығын аттаса, кейін 6G, 7G, 8G-лердің де есігін ашады", - дейді Гонконгтегі "Джеффрис" инвестициялық банкінің телеком жөніндегі сарапшысы Эдисон Ли өткен айда Американың WSJ басылымына берген сұқбатында.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу