Әбдірахымов Шымкент жұртын велосипедке отырғызбақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3677

Әкім үшінші мегаполистің келешекте қалай өзгеретінін айтты.

Әбдірахымов Шымкент жұртын велосипедке отырғызбақ

Осы жылдың 19 маусымында президент шешімімен Шымкент республикалық маңызы бар қала атанды. Енді еліміздің үшінші мегаполисінде көп өзгеріс орын алмақ. Оның бір парасын қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте атап өтті.

Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентті велосипедшілер шаһарына айналдыруды көздеп отыр. Әуелде велосипедпен аты шыққан әкім қарамағындағы шенеуніктерді ғана емес, шымкенттік жастарды да велосипедке отырғызбақ ниетте.

"Шымкентті велосипедшілер қаласы атандырғымыз келеді. Барлық студент, жалпы жастар велосипедпен жүрсе екен дейміз. Өйткені, бұл Шымкент үшін қолайлы көлік. Өңірдің климаты жылы. Қыс екі айға ғана созылады. Оның өзінде ауа температурасы аса төмен болмайды. Велосипед болашақта шымкенттіктердің негізгі көлігі болады. Өзім де біржола велосипедке көшемін. Қол астымда жұмыс істейтіндерді де осыған шақырамын. Бірақ, міндеттемеймін. 2019 жылдағы негізгі жұмыстардың біразы велосипедке арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталады", – дейді Ғабидолла Әбдірахымов. 

Әкімнің айтуынша, ТМД елдерінің 2020 жылғы мәдени астанасы ретінде Шымкент қаласы бекітілген. Осыған орай шаһарда үлкен жобалар қолға алынбақ.

"Шымкентте жаңа әуежай терминалы салынады. Оның жалпы құны 50 млн АҚШ долларына тең. Бұған бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Жеке инвестиция тартылады. Аталған мақсатқа қазіргі терминалдың дәл жаңынан үш гектар жер бөлінді. Сондай-ақ осы жылдың 29 желтоқсанынан бастап Шымкент – Дубай тікелей әуе қатынасы ашылады. Fly Dubai компаниясының ұшақтары аптасына екі рет қатынайтын болады. Жолдың ұзақтығы – үш сағат. Бұдан бөлек, Шымкент – Қазан бағытын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде", – дейді Ғабидолла Әбдірахымов.

2019 жылы Шымкенттің теміржол вокзалы да жөнделмек. Сонымен қатар келер жылы қала ішінде қатынайтын 1 мың жаңа автобус сатып алынады деп жоспарлануда. Осыдан соң қаладағы қоғамдық көлік мәселесі біржола шешіледі деген сенім бар. Қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізілетінін де атап өткен жөн.

Әкімнің сөзінше, қаладағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион УЕФА талаптарына сәйкес қайта жөнделмек. Сондай-ақ енді Шымкенттің өз Конгресс холлы, аквапаркі, Диснейленді болады. 1 желтоқсанда жаңа Арбат ашылады.

"Біздің ең басты жобамыз – Shymkent City. Мұны шымкенттік Манхэттен деп те атауға болады. Оның аумағы – 400 гектар. Мұнда көп қабатты тұрғын үйлер салынады. Аумағы 75 гектарды құрайтын саябақ болады. Жалпы алдағы уақытта құрылыс қарқын алмақ. Қазірдің өзінде Highwell, BAZIS-A, BI Group секілді ірі компаниялар Шымкенттен филиалдарын ашты. Мәселен, бір ғана Highwell компаниясының өзі жобаларын жүзеге асыру үшін 130 млрд теңге инвестиция тартпақ", – дейді Шымкент қаласының әкімі.

Қала басшысы шаһардың қақ ортасындағы Қошқар ата өзенін қалпына келтірмек.

"Жуырда Сеулге барып келдім. Сапар нәтижелі болды. Кореялықтардың көмегімен Қошқар ата өзенін көріктендіреміз. Сеулде де Қошқар ата секілді өзен болыпты. Олар соны абаттандырып көрікті орынға айналдырған екен. Бізде сөйтпекпіз", – дейді үшінші мегаполистің әкімі.

Шымкентте алдағы уақытта 50 мың бейнекамера орнатылады. Бұл іске арабтар қол ұшын созбақ. Әкім шым қаланың халық үшін қауіпсіз шаһар болғанын қалайды. 

Айтпақшы, Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындарды қабылдаудың жаңа форматына көшпек.

"Өңір әкімдері айына бір рет қана тұрғындарды қабылдайды. Ал әкімнің қабылдауына бару деген машақаты көп жұмыс. Тұрғындардың көбі оған кіре алмайды. Сондықтан біз 1 желтоқсаннан бастап арнайы жүйені іске қоспақпыз. Аталған жүйе арқылы әкімнің қабылдауына бару қолжетімді болмақ. Ол үшін әкімдіктің ресми сайтына кіріп, кезекке тұру керек. Әр аптаның жұмасында екі сағатты тұрғындармен кездесуге арнайтын боламын. Әрбір тұрғынға 15 минут жеткілікті. Осылайша, бір аптада шамамен 20 адамды қабылдамақпын", – дейді Ғабидолла Әбдірахымов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу