Абыройлы борыш, қастерлі парыз

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3911

Президент әскери қызметшілердің антқа адал болатынына сенім білдірді.   

Абыройлы борыш, қастерлі парыз

Мемлекет басшысы-ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жамбыл облысындағы "Отар" 40-әскери базасының аумағында өткен жауынгерлік шеру армиямыздың айбынын асқақтатты.  

Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шарада елбасы Қарулы Күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі екенін тілге тиек етіп: "Қазақстанның әскери қызметшілері барлық дәуірдің тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңген батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен көзсіз батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Бүгінде Қазақстан армиясы ел тәуелсіздігін сенімді қорғап тұр. ҰҚШҰ аясында ұжымдық қауіпсіздікке табысты жәрдемдесуде. Сонымен қатар БҰҰ аясында маңызды бітімгерлік қызметтерді абыроймен орындап келеді", – деді.

ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы әскеріміздің әлеуетін нығайтуға ерекше назар аударылып отырғанын алға тартып, Қазақстан 2030 жылға қарай мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтайтынын жеткізді.

"Мемлекет армиямыздың нығаюы әлеуетіне барынша қолдау жасауда мен ерекше назар аударуда. Жүйелі түрде соңғы буынды қару мен әскери техника үлгілерін сатып алу жүргізілуде. Сондай-ақ бірқатар маңызды жауынгерлік техника мен құралдар түрін өндіру табысты игерілді. Әскери басқару жүйесі жаңғыртылуда. Біздің мақсат - қазіргі заманғы, мобильді, жоғары кәсіби білікті армияны құру. Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінеді. Қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлерге орай тиімді әрекет ету үшін арнайы операциялардың жоғары мобильді күштері мен аумақтық әскерлер құрылып, қорғаныс жүйесіне біріктірілді", – деді президент.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, қазіргі заманғы геосаяси шынайылық күтпеген жағдайларға әрқашан дайын болуды ескертеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жауынгерлік шеруге 3 мыңға жуық әскери қызметші, 300-ден астам әскери техника және 40-қа жуық авиация техникасы қатысты.

Жауынгерлік шеруде ҚР Қарулы Күштеріне 5 тактикалық тапсырма жүктелді. Іс барысында әскери бөлімшелердің қызметшілері әуе және  құрлықтағы ұрыс техникаларын пайдалана отырып, шартты деп белгіленген жау нысандарын жою шеберлігін паш етті.

Бірінші эпизодта көрермендерге жау нысандарын барлау барысында табу машықтары көрсетілсе, екінші эпизодта әуе артиллериясы оларды ракеталық соққылармен жоюға тырысты. Екінші эпизодта брондалған тактикалық топтың шабуылы мотоқару топтары мен Т-72 танкілерінің, БМП-2 әскери көліктерінің, БТР-82А бронетранспортерлерінің, "Терминатор" БМПТ  көліктерінің қарулы жауға қарсы шабуылына ұласты. Үшінші эпизодта Аэроұтқыр десант әскерилерінің әуедегі жойқын шабуылына ұласты. Мұнда көрермендер әскери десантшылардың үш тәсілмен жерге қонуын тамашалады. Төртінші эпизодта әскерилер жау әскеріне елді мекен ішінде  "Василек" 82 мм автоматтық минометтерімен, КамАз көліктеріне орнатылған зениттік ЗУ-23-2 қондырғыларымен, арнайы жасақ ұландары Toyota Pick UP көліктерінде орнатылған пулеметтерімен жауға тойтарыс берді. Бесінші эпизодта жаудың заңсыз қаруланған нысандары жойылды. Осы кезде С-295 ұшағынан парашютистердің түсуі көрсетілді.

Бұдан кейін мемлекет басшысы әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты, сондай-ақ далалық жердегі ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату сәтіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін парадқа қатысушылардың барлығына алғыс айтты.

"Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңізді және даладағы жаттығуларға бейімделгендеріңізді нақты көрсетті. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі арта түсуіне септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу