Адал кәсіпкерлер артық ақша төлеп отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2704

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша несие алған адал кәсіпкерлер несие серіктестігіндегі өзге қатысушылардың да үлесін өтеуге мәжбүр.

Адал кәсіпкерлер артық ақша төлеп отыр Фото: atameken.kz

Әсіресе, мұндай мәселе Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында белең алып отыр. Мемлекеттік бағдарламадан шыққан аталған мәселе "Атамекен" ұлттық палатаның кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінде қаралды.

Палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленконың айтуынша, "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге 5 жылға 3 млн теңге несие беріледі. Алайда, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында бағдарламаның орындалуы дауға ұласып отыр. Атап өтерлігі, өзге өңірлердегі жағдай бұлайша жаппай наразылық тудырған емес.

"Шығыс Қазақстан мен Атырау облысының кәсіпкерлері несиені бір емес, екі мәрте төлеуге мәжбүр. Олар өздеріне тиесілі 3 млн теңге көлеміндегі несиені төлеп қана қоймай, жауапсыздық танытқан өзге кәсіпкерлердің несиесін өтеуде. Өйтпеген жағдайда, олардың дүние-мүлкі мен салымдары бұғатталмақ", – дейді Олег Савеленко.

Мәселен, шығысқазақстандық Әбдірайымов есімді кәсіпкер 2012 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы 3 млн теңге несие алыпты. Келісімшартқа сәйкес, ол бұл ақшаға шаруа қожалығын дамыту мақсатында 10 бас ірі қара мал сатып алған. Кәсіпкер несиені уақытылы әрі толықтай жапқан. Оны растайтын тиісті құжаттары да бар. Ал 2016 жылдың желтоқсан айында кәсіпкер сот шешімімен тағы 8 млн теңгеден астам ортақ қарызды өтеуге міндеттелген. Ол сот шешімін орындамағандықтан, үйі, жер учаскесі, техникасы және басқа да мүлкі тәркіленген.

Дәл осындай жағдай Атырау облысында да орын алған. "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының талап-арызы бойынша сот орындаушылары 23 кәсіпкерге тиесілі 18 млн теңгені несие серіктестігінің екі қатысушысынан ғана өндіріп алған. Ал екі қатысушы да өз міндеттемелерін ойдағыдай орындаған кәсіпкерлер. Осылайша, екі кәсіпкер өзгелер алған несиені толықтай өтеп шыққан.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, өзгелердің несиесін төлеу мәселесімен бетпе-бет келген екі кәсіпкер тіпті өз-өзіне қол да жұмсаған.

Арнайы жүргізілген тексерістің қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарында орын алған жағдайға негізсіз құқықтық реттеулер мен бағдарламаны жүзеге асыруға міндетті ұйымдардың қарыз беру тәртібін бұзуы себеп болған.

Белгілі болғандай, мемлекеттік бағдарламаның қаржысы несие серіктестіктеріне беріліп отырған. Ал бұл процесс үкіметтің қаулысы арқылы реттелген. Алайда, қазіргі уақытта аталған қаулының күші жойылған. Несие серіктестіктеріне берілген қаржы "Атырау" және "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы кәсіпкерлерге үлестірілген.

"Заңнамаға сәйкес, несие серіктестіктері жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасында ғана құрыла алады. Тиісінше, оның қатысушылары несие серіктестігінің міндеттемелеріне жауапты емес. Дегенмен, несие серіктестігінің жұмысына қатысты белгілі бір дәрежеде тәуекелдер де барын ұмытпау керек. Бірақ, ол қатысушылардың міндетті жарналарының шегінде ғана болмақ. Қарызды өтеу үшін несие серіктестігінің мүшелері міндетті түрде кепілдікпен қамтамасыз етуі керек. Яғни, барлық қатысушыға алынған несие үшін ортақ жауапкершілік жүктелген", – дейді Олег Савеленко.

Шығыс Қазақстан облысында "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында несие серіктестіктерімен 13,024 млрд теңгеге 485 келісімшарт жасалған. Несие серіктестіктері міндеттемені орындамауына байланысты сот жалпы сомасы 1,936 млрд теңге бойынша 156 талап арызды қараған. Соның нәтижесінде 131 келісімшарт бұзылып, 25 келісімшарт бойынша келісім бұзылмай-ақ қаржы кері қайтарылған. Бүгінде несие серіктестіктерінің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары алдындағы жалпы қарызы 5,5 млрд теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, облыста тағы 354 келісімшарт үзілудің аз-ақ алдында тұр.

Ал Атырау облысында несие серіктестіктерімен 2,734 млрд теңгеге 86 келісімшарт жасалған. Соттар 1,1 млрд теңгені құрайтын 66 талап-арызды қараған. Бүгінде несие серіктестіктерінің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация алдындағы қарызы 1,4 млрд теңгені құрап отыр.

"Ортақ жауапкершілік азаматтық заңнамада көрініс тапқан және заң бойынша реттеледі. Ал қазіргі жағдайда кәсіпкерлер қандай жауапкершілік арқаларын білмей тиісті құжаттарға қол қоя салған. Өйткені, жергілікті атқарушы органдарға, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдеріне, жалпы бағдарламаның жүзеге асырылуына жауапты мамандарға сенім артқан. Егер оларға мұның салдары алдын ала ескертілгенде мұндай жағдай орын алмас еді. Ал несие серіктестігінің мүшелері бір-бірін бұрын көрмеген, бейтаныс адамдар болып отыр", – дейді Олег Савеленко.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарламаға қатысты бұл мәселені үкіметке жеткізбек. Бас прокуратураны да құлағдар етпек. Сондай-ақ, ұлттық палата кәсіпкерлерге құқықтық қолдау көрсетуге әзір.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу