banner

Адамдардың малын да, жанын да алудан тайынбайды

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
7470

Барымташылар бассыздыққа барып, қолдарын қанға бояп жүр. 

Адамдардың малын да, жанын да алудан тайынбайды

"Қазақтың міні – мал ұрлығы" депті Абай Құнанбаев. Әлі де солай. Еліміздің қай аймағын алсақ та, жыл сайын соғым науқанында ірі қараларынан қапыда көз жазып қалушылар көбейеді. Тіпті мал үшін кісі өлтіріп жатқандар қаншама?! Биыл да жер қатып, барымташылардың атқа қонатын уақыты жақындап қалды. Арғысын айтпай-ақ, күздің қара суығында аш бөріше жалаңдайтын шіркіндердің жұртқа 2016-2017 жылдары келтірген шығындарын бір шолып көрейік.

Былтыр Ақмола облысы бойынша 200-ден астам мал ұрлығы тіркелген. Аймақ сақшылары олардың 107-сін әшкерелеп, 1200-ден астам малды  иелеріне қайтарып берген. Ал биыл облыстық ішкі істер органдары мен ветеринарлық инспекцияның өңірлік қызметтері өзара бірлесіп, кең көлемді "Мал ұрлығы" жедел алдын алу шарасын өткізді. Оған 5 мың адам қатысты. Осылайша елді мекендерден шығар жолдарға 500-ден астам бекет орнатылып, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға да осынша тосқауыл қойылды. Нәтижесінде жедел топтар ешқандай құжатсыз мал тасымалдауға қатысты 149, ал ет өнімдері бойынша заңға қайшы 159 фактіні анықтап, 86 бас малды тәркіледі. Мал мен ет өнімдерін сатып алу және өткізу орындарына тексеру жүргізілгенде де ұрланған малды сатып тұрған 56 және ұрланған малдың етін сатып тұрған 38 адам ұсталған. Бұған қоса сотты болған бұрынғы 1,5 мың барымташының кейінгі барымталарға қатыстылығы тексерілді. Шара қорытындысы бойынша, биылғы ұрлықтарға қатысы бар 259 күдікті және 28 қылмыстық топ анықталды. Оның ішінде аумақтың тұрғындарынан құралған бір қылмыстық топ  9 рет мал ұрлағаны белгілі болды.

Батыс Қазақстан облысында биыл бір кәсіпкердің жайылымда жүрген 17 бас ірі қарасын ұрлағаны және одан басқа 11 рет мал ұрлығын ұйымдастырғаны үшін 4 адам қолға түсті. Мұндағы жедел алдын алу шарасы кезінде 485 әртүрлі мал басы табылып, олардың бәрі заңды иелеріне қайтарылды.

Енді Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері мал ұрлығы Ырғыз ауданында 2,5 есе, Шалқар ауданында 13, Ойыл ауданында 14, Мұғалжар ауданында 6, Алға ауданында 29, Қарғалы ауданында 50%-ға артыпты. Ал былтыр 452 мал ұрлығы тіркелсе, оның 90%-ы қараусыз жайылымнан қолды болған. Облыстық ішкі істер департаменті 5 рет "Мал ұрлығы" жедел алдын алу іс-шарасын жүзеге асырса да, жағдай осылай болып тұр.

Ел бойынша барымтадан тақымы құрғамаған жырындылар оңтүстік өңірлерде басым. Мәселен былтыр Түркістан қаласында полицейлер 40-тан астам қылмыс пен 1,5 мың құқық бұзушылықты анықтаған. Соның басым бөлігі – мал ұрлығы. Негізгізін айтсақ, жергілікті сақшылар Түркістан-Балтакөл тас жолында "Мерседес" маркалы автокөлігін тоқтатып, күдікті 3 азаматты ұстаған. Олардың мал ұрлығы бойынша 13 дерекке қатыстылығы анықталып, үстерінен ҚР ҚК-нің 188-бабымен "Ұрлық" дерегі негізінде қылмыстық іс қозғалған. Ордабасы ауданында да былтырдан бері 500-ден астам қылмыс тіркелген. Оның тең жартысын мал ұрлығы құраған.

"2016 жылдың 12 айында Қазалы ауданында тіркелген 638 қылмыстың 104-і мал ұрлау дерегіне жатады. Оның 72-сі жайылымдардан, 32-сі қорадан айдалып әкетілген. Бұдан бөлек жүргізілген жедел жұмыстар нәтижесінде, 42 барымташылық анықталды", – дейді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры  Еркін  Есахаев.

Қыркүйектің алғашқы аптасында Оңтүстік Қазақстан облысында жұрт бір түнде 17 ірі қарасынан айырылып қалды. Оларды белгісіз біреулер 15 жылдан бері мал соңында жүрген Ерболат Ешанқұлов есімді малшының үйінің алдындағы қоршаудан алдына салып, қуып кеткен. Қазір жергілікті халық малдарын қораға түнеп күзетуге мәжбүр болып отыр. Ал полиция мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері Қаракөз Әбдәлиев ауылдық округінде мал ұрлығына қатысты 24 оқиға тіркелген. Оның 68%-ы ашылса, әлгі 17 жылқыға қатысты тергеу амалдары әлі жүріп жатыр.

Жыл басынан бері Қазығұрт ауданында да осы санаттағы 84 қылмыс тіркеліп, оның 53-і ашылған. Тергеу амалдары кезінде 10 қылмыстық топ пен барымташылыққа қатысы бар деген 28 күдікті анықталған.

Алматы облысының Жамбыл ауданында болған қаралы оқиға айтпаса да түсінікті шығар. Өйткені адал еңбегімен мал сатып, отбасын бағып жүрген үш бірдей азаматтың қандықол қарақшылардың қолынан ажал құшқанынан бейхабар жан жоқ. Күдіктілерге қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-тармағы (екі және одан да көп адамды өлтіру) бойынша айып тағылған еді. Бұл да мал үшін болған оқиға.

Таяуда Жамбыл облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг өткізген облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Бейсеев, 2016 жылы ондағы мал ұрлығы дерегі 12,4%-ға төмендегенін мәлім етті. Бұл ретте нақтырақ криминалдық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бектұрғановтың сөзіне сүйенуге болады.

"Өткен жылы 2 мың 596 (854 жылқы, 1 мың 191 қой, 630 ірі қара) мал ұрланған. Оның ішінде 702 жылқы, 370 қой, 76 ірі қара өз иелеріне қайтарылды. Қолды болған малдың көбісі өрістен жоғалған. Әккі ұрылар 5 рет қоршау ішінде жүрген, 221 рет қорадағы қамаулы тұрған малды ұрлап әкеткен. Өткен жылы мал ұрлығымен айналысқан құрамында 72 адамы бар 22 топ ұсталды", – дейді ол.

Талас аудандық ішкі істер басқармасы басшысының бірінші орынбасары Берік Махамбетов болса, ауданда былтыр 77 мал ұрлығы тіркеліп, оның 26  пайызы ғана ашылғанын растап отыр. Ал Жамбыл аудандық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Жарас Тохабаев, өткен жылдың алғашқы 10 айы бойынша 62 мал ұрлығы тіркеліп, оның 24-і ашылғанын айтады.

"Бұл іспен полиция айналысып жатқан жоқ деп айта алмаймыз. Кейбір қылмыс дер кезінде ашылуда. Бірақ мал ұрлығы азаяр емес. Ұрылар ұстатпай тұр. Қазір шынымызды айтайық, бір-бір мылтығымызды ұстап, қорамызды қарумен күзететін жағдайға жеттік. Мезгілсіз уақытта жүрген адамға мылтық кезенуге мәжбүрміз. Себебі кісіге сенуден қалдық. Түн жамылып келе жатқан шаруаға да күдікпен қараймыз. Жылқылар үйірімен жоғалып жатқан соң, басқа амалымыз қалмады. Мәселен мен 15-16 жылдың ішінде ұзын саны 60 жылқымды ұрлаттым", – дейді Жамбыл ауданындағы "Байелі болыс" асыл тұқымды жылқы шаруашылығының басшысы Жұмасейіт Нұрбаев.

"Мал ашуы – жан ашуы" дегендей, осылайша төрт түлігі қайта-қайта қолды болып, едәуір шығынға ұшырап жатқан ауыл тұрғындары қаруға жүгінбегенде, қайтсін?! Ал "Ұрлық түбі – қорлық" дегенге келсек, елімізде ұрыларға қарсы Қылмыстық Кодекстің 202-бабы (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) қолданылады. Осы Кодекстің 188-бабында ұрлық үшін кінәлі адамның мүлкін тәркілеп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да көзделген. Тіпті мал иесіне де әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабына сәйкес, ауыл шаруашылық жануарларын дала жайылымына бағымсыз жібергені үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.

Биыл бас прокурордың төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Сонда күн тәртібінде ұрлықтың алдын алу шаралары талқыланды. Еске сала кетсек, бұған дейін бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі бірлесіп, "Ұрлыққа тосқауыл!" жобасын бастаған болатын. Оның мақсаты – ұрлық санын түбегейлі азайту, азаматтардың қауіпсіздік жүйесін нығайту, жаңа ұрлықтардың жасалуын ескерту.

"Соңғы 25 жылда Қазақстанда 2 миллионнан астам ұрлық фактісі тіркелген. Оның тең жартысынан астамы, яғни 1,5 миллион ұрлықтың кімнің қолымен жасалғаны құпия қалпында қалған. Дәл бүгінгі күні Қазақстанда тіркелетін жалпы қылмыстың 64 пайызын ұрлық құрайды екен. Ал жыл сайын мемлекет бюджетіне ұрлық жасаған адамдар орташа есеппен 40 миллиард теңге айыппұл төлеп отырады. Сонда да, тек соңғы 5 жылдың ішінде ұрлық 70 миллиардтан астам теңге шығын əкелді", – дейді бас прокурор Жақып Асанов.

Оның айтып отырғаны – ірілі-ұсақты жалпы ұрлық. Ал мал ұрлығының ауылдық аймақтарда шаруа қожалықтарына үлкен зардап әкеліп отырғанын ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті. Бұл жайт ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына да едәуір кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Министрдің сөзінше, мал ең көп ұрланатын ауылды аймақтарда GPS-трекерлерді пайдаланбаса, тағы болмайды.

"Сондықтан біз криминалдық полиция комитетінде тек мал ұрлығымен айналысатын арнайы топ құрдық. Мұндай жасақтар әр облыста болады. Тіпті қазіргі таңда авиакомпаниялармен келісімшартқа отырып, енді іздеу жұмыстарына тікұшақтарды пайданалатын боламыз", – дейді Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы.

Осы орайда ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арманбек Баймурзиннің де өз пікірі бар. Ол қадағалаусыз және қараусыз жүрген малдарды уақытша ұстау үшін қоралар салу, сонымен қатар, мал ұстаудың бірыңғай ережесін қабылдау туралы ұсынысын білдірді. Айтуынша бұл шаралар бақылаусыз мал бағуды болдырмай, жайылымдардағы мал ұрлығының азаюына  мүмкіндік бермек.

Қалай десек те, қазақстандық барымташылар аттан әлі түскен жоқ. Жоғарыдағы деректердің жылда жаңарып отыратын жағдай екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда атты ұрыларды айдалада жолықтыру үшін тікұшақ пайдалану ісін тезірек қолға алмаса болмайды. Өйткені дәл соғым науқанында сан соғып қалып, болар іс болғаннан кейінгі статистиканы жасап отырудың өзі біртүрлі.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу