Әдиев шәкірттері Дания және Финляндия құрамаларымен кездеседі

1140

13 қазан күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Копенгагенге жол тартады.

Әдиев шәкірттері Дания және Финляндия құрамаларымен кездеседі Фото: Никита Басов

Қазақстан құрамасы Дания мен Финляндияға қарсы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарына дайындық жұмыстарын өткізуде. 6 қазанда басталған оқу-жаттығу жиыны 12-сіне дейін жалғасады. Одан кейін команда Копенгагенге аттанады.

Құрамамыз 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңін жалғастыруда. Сондықтан жыл соңы Магомед Әдиевтің шәкірттері үшін барынша тартысты өтетіні сөзсіз. Қазақстан құрамасының Еуро-2024 додасына жолдама алудың тағы бір жолы бар. Егер команда іріктеу кезеңінде бірінші немесе екінші орын ала алмаса, наурыз айында Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алу үшін таласады. С лигасындағы төрт топтың жеңімпаздары өзара ойнайды.

Өткен турнирдің үшінші дивизионындағы үздік командалар Түркия, Грекия, Грузия және Қазақстан болды. Бірақ егер бұл командалардың бірі Еуроға іріктеу арқылы өтсе, олар бұдан былай плей-офф кезеңіне қатыспайды. Бүгінгі күні Түркия бұл жетістікке біртабан жақын. Бұл жағдайда плей-офф кезеңінде оны Люксембург алмастырады.

Қазақстан ФИФА рейтингінде осы командалардың барлығынан төмен тұр. Сондықтан жартылай финал (бір матч) сырт алаңда өтеді. Команда рейтингі жоғары қарсыластармен - Түркиямен (немесе түріктер Еуроға тікелей өтсе, Грекиямен) ойнайды. Бұл матч 21 наурызда өтеді.

Ал финал 26 наурызға жоспарланған. Финалға шыққандардың бірі өз алаңында ойнайды. Бұл жеребе арқылы шешіледі. Сондықтан Қазақстан құрамасы іріктеу арқылы Еуроға өте алмаса, Түркия, Грекия, Грузия немесе Люксембургпен текетіреске дайындалуы керек. 23 қарашада Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінің жеребесі тартылып, Қазақстанның жартылай финалда кіммен ойнайтыны және финалда өз алаңында кімді қабылдайтыны анықталады.

Естеріңізге сала кетейік, 14 қазаннан 15-не қараған түні Магомед Әдиев шәкірттері Данияға қарсы ойнайды. Ойын Копенгагенде, Паркен стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен 00:45-те басталады. Қос команда да қазақстандықтардың Еуропа чемпионатына жолдама үшін күрестегі тікелей бәсекелестері.

Үш күннен кейін біздің құрама Финляндияға қарсы ойынға Хельсинкиге аттанады. Ойын "Олимпиястадион" стадионында өтеді. Матч Астана уақытымен 22:00-де басталады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу