Агенттік делдалдарды аулауға кіріседі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1549

Астана қаласы әкімі орынбасарының заңсыз әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Агенттік делдалдарды аулауға кіріседі

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахиннің баяндауынша, Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошунға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдарын жүргізуге жоғары лауазымды шенеуніктің үстінен түскен арыз себеп болып отыр. Арыз түсіруші – "Тамыз Инвест Групп" құрылыс компаниясының басшысы Валим Машуров. Ол өз арызында Сергей Хорошун тарапынан жасалған қамқорлық үшін оған өзіне тиесілі мүлікті беріп отырғанын айтқан.

"Қазір Машуровтың дәлелдері тексерілуде. Қылмыстық-процессуалды кодекстің 201-бабына сәйкес, бұл іске қатысты басқа ақпараттар тергеу барысына әсер етуі мүмкін болғандықтан жария етілмейді", – деді Нұрлан Жахин агенттікте өткен жиында.

Журналистердің "Тергеу жүргізіліп жатқан кезде Сергей Хорошунның жұмыс істей беруіне бола ма?" деген сұрағына агенттіктің ресми өкілі түсініктеме бере алмайтынын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун тұрғын үй, құрылыс мәселелеріне жауапты. Белгілі болғандай, кәсіпкер Валим Машуров 11 жылға сотталған екен. Ал оның ұлы Фарух мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа арызданып, әкесінің жазған уәждерін назарға алуды сұрапты.

Агенттіктегі жиында сыбайлас жемқорлыққа қатысты көп дүние айтылды. Соның бірі – халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы тегін мемлекеттік қызметтерді қомақты сомаға сататын делдалдар жайы. "Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық" қоғамдық ұйымының төрағасы Төлеген Байғұловтың айтуынша, жыл соңына дейін жұмыртқадан жүн қырқып жүрген делдалдардың 70-80 пайызының "көзі" жойылмақ.

"Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында делдалдар қаптап жүреді. Олар көп жағдайда көші-қон және көліктерді тіркеу бойынша "қызмет көрсетеді", – дейді Төлеген Байғұлов.

Оның айтуынша, делдалдар кеше ғана пайда болған топ емес. Заңсыз ақша табуға бағытталған бұл жүйенің тамыры тереңде жатыр. Тіпті, оған құқық қорғаушылар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері де тартылған болуы әбден ықтимал. Ал делдалдар күніне 100 мың теңгеге дейін ақша табады екен.

"Делдалдар мемлекеттік қызмет көрсетілетін барлық мекемеде бар. Оны арнайы жүргізілген зерттеу де растап отыр. Облыс орталығында ғана емес, аудандар да жетерлік. Олар бір жүйемен ғана жұмыс істейді. Пара алушыға да, пара берушіге де жағдай жасап қойған. Сондықтан, делдалдармен күрес күшейтіледі", – деді Төлеген Байғұлов.

Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық жетекшісінің сөзінше, агенттік көпшілікке көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын жақсарту үшін қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөліп отыр.

"Делдалдар Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарында өте көп кездеседі. Жалпы, қазір делдалдар үшін тиімді боп тұрған қызмет – көлік жүргізу куәлігін беру. Бүгінде мұндай куәліктер әрбір өңірде ашықтан ашық сатылып жатыр. Оның бағасы – 50-70 мың теңге көлемінде", – дейді қоғамдық ұйымның басшысы.

Ал ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова мемлекеттік қызметшілердің смартфон ұстауына рұқсат берілуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселенің талқыланып жатқанына біршама уақыт болыпты. Сан алуан ұсыныстар да айтылған екен.

"Қыркүйек айында мемлекеттік қызметшілердің смартфон ұстауына рұқсат беріледі деген мәлімет бар. Бірақ оның қаншалықты ақиқат екенін айта алмаймын. Бір анығы смартфон мәселесі қаралып жатыр. Мемлекеттік қызметте смартфонға шектеу қою шетелде де бар тәжірибе. Мәселен, Ұлыбританияның мемлекеттік органдарында смартфонның кейбір функцияларын өшіріп тастайды. Қазір жаңа технологиялар қарқынды дамып келеді. Сондықтан, бұл мәселені жан-жақты пысықтау керек", – дейді Фатима Жақыпова.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу