Аграрлық несие корпорациясы Ұлттық банктің сақтандыруын күтіп отыр

Валюталық тәуекелден сақтандыру Еуропалық инвестициялық банктен алынатын 100 млн еуро несиені игеру үшін қажет.

Аграрлық несие корпорациясы Ұлттық банктің сақтандыруын күтіп отыр

Аграрлық несие корпорациясы (АНК) Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) және Ұлттық банктің сақтандыру құралдарын әзірлеп жатыр. Бұл туралы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев мәлімдеді.  

Спикердің айтуынша, бүгінгі күні валюталық тәуекелді түпкілікті қарыз алушының мойнына артып қоймау  негізгі мәселе  болып отыр. 

"Жақында барлық процестерден өтеміз, жыл соңына дейін ақша қолжетімді болады. ЕИБ айтарлықтай жеңілдетілген шартты ұсынып отыр, сонымен қатар Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасымен осы несиелерді берудің имплементациясы бойынша бірлескен бағдарлама әзірлеп жатырмыз", – деді АНК басқарма төрағасы.

ЕИБ-дан алынатын несие экологиялық және "жасыл" жобаларды қаржыландыруға жіберіледі.

Сондай-ақ 2017 жылы аграрлық несие корпорациясы ресейлік экспорттық орталықпен және Росэксимбанкпен Ресей ауылшаруашылық техникасын Қазақстанға жеткізуге қатысты келісім жасаған.

АНК мәліметі бойынша, осы келісім аясында Қостанай облысының бірнеше ауылшаруашылық тауар өндірушілері қаржыландырылған және Росэксимбанкпен пайыздық мөлшерлеме мен сақтандыруды арзандату туралы келіссөз жүріп жатыр. Қазір пайыздық мөлшерлеме рубльмен  5% шамасында. Егер пайыздық мөлшерлеме мен сақтандыру бағасы төмендейтін болса, онда қазақстандық фермерлер ресейлік техниканы 3 млрд рубльге ала алады.

Еске салар болсақ, "ҚазАгро" холдингінің еншілес компаниялары – аграрлық несие корпорациясы мен ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының операторлары. Осы бағдарламаның шеңберінде 6,5  жылға жеңілдетілген несие беріледі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-дан аспайды. Бағдарлама 2017 жылдың басынан бастап іске асып жатыр.

Былтыр бағдарлама бойынша 29 млрд теңгеге  6,5 мың несие берілген, несиенің 56%-ы стартап-жобаларға тиесілі болған.  2018 жылы 44 млрд теңге беру жоспарланып отыр. Алғашқы жартыжылдықта шамамен 10 млрд теңге бөлінген. Бөлінген қаражаттың 80%-ға жуығы мал шаруашылығын дамытуға арналған жобаларға берілген. Қалған 20%-ы қызмет көрсету, ТЖО, наубайхана, жиһаз жасайтындарға, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге қатысты салаға ұсынылған.

Аграрлық несие корпорациясының ақпары бойынша, ақшаны қайтару 95%-ды құрап отыр, бірақ бұл жерде бағдарламаның тек екінші жыл ғана жұмыс істеп жатқанын және қарыз алушылардың жеңілдік кезеңі 1,5 жыл ғана екенін естен шығармаған жөн. Қарыз алушылардың басым бөлігі несиені қайтаруды әлі бастамаған.

Гүлназ Ермағанбетова, Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу