АХҚО басқарушысы мен реттеушінің ұстанымы ұқсас болып шықты

1670

Криптовалютаны реттеу мәселесінде Қайрат Келімбетовтың Ұлттық банкпен пікір қайшылығы жоқ, тек тәсілдерінде айырмашылық бар.

АХҚО басқарушысы мен реттеушінің ұстанымы ұқсас болып шықты

2 шілде күні криптовалютаны реттеу мәселесі бойынша реттеушімен арадағы әртүрлі ұстанымға қатысты түсініктеме берген "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов "цифрлық" ақшаны мемлекеттік реттеу жайын сөз еткенде, екі деңгейлі тәсіл бар, ал халықты қорғау және білікті инвесторлар үшін қаржы индустриясын құруды айтар болсақ, инвесторлар табыссыз қалу жауапкершілігін өз мойындарына алады деп атап кетті.

Оның сөзінше, криптовалюталар, оның ішінде аса танымал биткоин мен эфириум секілді жаңа қаржы құралдары нарығы, шамамен 500 млрд долларға жеткен.

"Криптовалютаны қолдануға келер болсақ, яғни белгілі бір ойын ережелері. Бізде Ұлттық банкпен және үкіметпен АХҚО тек Қазақстан үшін ғана емес,осы немесе басқа да блокчейн-технологиялар сынақтан өтетін және криптовалютаны қолдану мәселесі түсінікті реттелетін жалпы өңір үшін пилоттық платформа болады деген нақты келісім бар", - деп түсіндірді ол.

Оның келтірген ақпары бойынша, АҚШ, Жапония және Швейцарияда бұл процесті жақсы реттеуге үйренген, тіпті бұл индустриядан салық алуды да үйреніп алған. АХҚО криптовалюталар түріне (цифрлық немесе виртуальды) нақты түсініктеме бермек, ICO өткізу мүмкіндігін және жалпы осы процесті реттеуді, сонымен қатар криптобиржаны реттеу мәселесін қарастырады.

"АХҚО-ның тәсілі ойластырылған, өзіміздің веб-сайтымызда көпшіліктің талқылауы үшін осы саладағы алғашқы заң жобасын жарияладық, бұл әлем бойынша үлкен қызығушылық туғызды. Тіпті қазір осы саладағы АҚШ, Жапония секілді ірі операторлардың өзі біздің алаңда бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сондықтан Ұлттық банк барлығына тыйым салады, ал АХҚО қолдайды дегенде, бізде екі деңгейлі тәсіл бар екенін ескерген жөн", – деді Қайрат Келімбетов.

АХҚО басшысы бұл құралдарға әлем бойынша тыйым салынбағанын атап кетті. Көптеген білікті инвесторлар осы құралмен жұмыс істеуге қатты қызығушылық танытып отыр және әлемде осы сала үшін қолайлы жағдай жасау үшін нақты бір бәсекелестік бар екені байқалады.

"Біз блокчейн-технологияларды қолдаймыз және криптовалютаның ұзақмерзімді келешегіне күмәнмен қараймыз. Әлемдегі көптеген орталық банктер мен қаржы министрліктерінің пікірі осыған саяды. Сондықтан блокчейн-технологияларды құру мәселесі АХҚО-да қолдау табады. Өйткені бұл жаңа технология, бұл технологиясыз әлемде қаржы ландшафтының келешегін елестету мүмкін емес", - деп қорытындылады Қайрат Келімбетов.

Ол Ұлттық банк барлығын дұрыс жасап жатқанын атап кетті. Жақында өткен G20 елдерінің қаржы министрлері жиынында криптовалютаның жаһандық қаупі жоқ деген шешімге келді.

"Бірақ әрбір елдің қаржы реттеушісі бәрін қадағалап отыруға тиіс. Біздің реттеушіміз, яғни Ұлттық банк бәрін дұрыс істеп жатыр. Себебі жаңа теxнологиялар шыққанда алаяқтар көбейеді. Олар xалықты алдайды, ақшаны сан алуан жолдармен иемденіп кетеді. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, жалпы халық, әсіресе, халықтың тұрмысы нашар тобы, 2004-207 жылдары баспанаға қаржы салған кездегідей жағдайға тап болмау үшін Ұлттық банк белгілі бір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр" , - деп қорытындылады АХҚО басшысы.

Гүлназ Ермағанбетова, Ботагөз Омар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу