АХҚО салтанатты түрде іске қосылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2376

Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы орталығының тұсауын кесті.

АХҚО салтанатты түрде іске қосылды Фото: akorda.kz

Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ірі жобалардың бірі – "Астана" халықаралық қаржы орталығы салтанатты түрде іске қосылды. Әлем көз тіккен қаржы институтының тұсауын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кесті. АХҚО-ның ашылуы Астана күнімен орайластырылғанын да атап өткен абзал. Сондай-ақ, "Астана" халықаралық қаржы орталығының ресми түрде ашылуы – бірнеше күнге созылған Astana Finance Days форумының негізгі шарасы.

"Ұзақ уақыт күткен тамаша сәттің орындалуымен баршаңызды құттықтаймын. Осы сәттен бастап "Астана" халықаралық қаржы орталығы ресми түрде өз қызметіне кірісті. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 27 жыл ғана болды. Бұл тарих үшін қас-қағым ғана сәт. Десе де, біз осы аралықта үлкен қадамдар жасадық. "Астана" халықаралық қаржы орталығы да осы мақсатқа қызмет ететіндігіне сенімдіміз", – деді қаржы институтының тұсауын кескен Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, "Астана" халықаралық қаржы орталығы – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа парағы. Оның ашылуы ел үшін маңызды қадам болып отыр. Елбасы жаһандық сын-тегеуріндерге жауап ретінде АХҚО-ны құру туралы идеяны ең алғаш рет 2015 жылы айтқанын еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО қатысушылары 50 жылға дейін салық төлеуден босатылатынын айтты. Сондай-ақ визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдіктер қарастырылғанын еске салды.

"Бұл – жұмысы ағылшын құқығына негізделген бірегей орталық. Тәуелсіз сот, халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. Менің шешіміммен АХҚО судьялары ретінде Англия мен Уэльстен келген абыройлы 9 судья тағайындалды. Оларды Англияның бұрынғы Жоғарғы судьясы лорд Вульф мырза басқарады. Сондай-ақ, арбитражды орталыққа 23 халықаралық арбитраж енді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысынің айтуынша, АХҚО-ны тиімді басқарудың қағидаттары мен прагматизмі сақталып, барлық инвесторлардың мүдделері қорғалатын болады.

"Қор нарығын дамытатын қатысушыларға ыңғайлы болу үшін АХҚО биржасы құрылды. Бүгін осы биржаның жұмысы басталды. Оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы және Шанхай қор биржасы қатысады", – деді мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, Астана – еліміздегі барлық бастамалар мен оң өзгерістердің флагманы. Халықаралық қаржы орталығының ашылуы соның нақтың көрінісі.

"АХҚО-ның құрылуы – халықаралық бизнес қауымдастықтың Қазақстанның даму жолына деген сенімінің белгісі. Қаржы орталығы әлемдік деңгейдегі ірі орталықтардың тарихы мен тәжірибені терең зерделеудің нәтижесінде құрылды. Астана" халықаралық қаржы орталығы – бұл қазақстандық модель. Ол әлемдік қаржы құрылымдарының озық үлгілерін шоғырландырып отыр", – деді елбасы.

АХҚО-ның ашылу салтанатына бейнеүндеу жолдаған Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартидің сөзінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығында "Бір белдеу, бір жол" жобасының хабы атанатын мүмкіндік бар.

"АХҚО-ның ашылуы қай жағынан алсақ та, маңызды болып отыр. Ол – өте ауқымды бағдарлама. Қаржы институты алдағы уақытта Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосады деген ойдамын. АХҚО-ны дамыту елдегі жалпы реформаларды жүзеге асыруда маңызды рөлге ие. Орталық отандық және шетелдік инвестицияларды бағыттауға, өсімді ынталандыруға, корпоративтік басқарудың жаңа стандарттарын қалпына келтіруге өз септігін тигізеді. Сонымен қатар ол ірі компанияларды жекелешендіру бағытында да маңызды рөлге ие", – деді Сума Чакрабарти.

Ислам Даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар Қазақстанның исламдық қаржыландыруды дамыту бастамасын қолдайтындығын жеткізді. 

"Астана" халықаралық қаржы орталығы ТМД аумағында исламдық қаржы қызметі индустриясын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл дегеніңіз –180 млн тұрғыны бар жаңа нарық. Ислам даму банкі тобы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен исламдық ифрақұрылымдық интеграция бастамасына қолдау көрсететін болады. Өйткені, бұл Қазақстан мен біздің топқа мүше елдердің арасындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың дамуына серпін береді", – деді Бандар Хаджар.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлімдегендей, 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін қаржы орталығына 50-ден астам компания тіркелген. Аталған компаниялардың өкілдері АХҚО-ның ашылуына қатысты. Қайрат Келімбетовтің сөзінше, жыл соңына дейін орталыққа 100 компания тіркеледі деп күтілуде. Ал 2020 жылы олардың саны 500-ден асуға тиіс. 

Еске сала кетейік, 2015 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға қол қойған еді. Қаржы институтының мақсаты – қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі орталық қалыптастыру.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу