АИ-80-нің бағасын нарық реттейді

Бұл туралы энергетика министрі тіс жарған жоқ.

30 Мамыр 2018 14:51 Автор: Бұлбұл Болат
АИ-80-нің бағасын нарық реттейді,  Тэг: АИ-80, Бензин, бензин бағасы, сұйық отын, бензин тапшылығы, энергетика министрлігінің түсіндірме хаты, Қанат Бозымбаев

Биылғы жылдың алғашқы айынан бастап еліміздің мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) АИ-80 маркалы бензиннің өндірісін тоқтатуға тиіс еді. Алайда МӨЗ-дің жаңғыртудан өтіп үлгермеуіне байланысты бұлай болмады.

Бір қызығы, тоқтаусыз өндіріліп жатқан АИ-80 жанар-жағармай бекеттеріне жетпеді. Бұл сұйық отынның дәл осы түрін тұтынатын көлік жүргізушілерін тығырыққа тіреді. Дегенмен мұның да себебі бар еді.

Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов АИ-80 маркалы бензиннің тапшылығына дейін: «Мұнай зауыттары жаңғыртудан өткен соң мотор майларының сапасы К-4 және К-5 стандарттары негізінде өндіріледі. Өкінішке қарай, АИ-80 маркалы бензин бұл жоспарға кірмейді. Қазіргі таңда АИ-80 маркалы бензиннің өндірісі тоқтатылды. Бұл бензиннің белгілі бір бөлігі ғана қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша өндіріліп жатыр», – деген.

Департамент директоры жанар-жағармай құю станцияларында АИ-80 маркалы бензин болмайтынын бүкпесіз баяндап: «Қазіргі таңда біз АИ-80 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасын мемлекеттік реттеуден алып тастау механизмін қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта аталған бензиннің бағасын нарық реттейді. Бұдан былай АИ-80 маркалы бензиннің белгілі бір бөлігі сырттан экспортталуы мүмкін», – деп мәлімдеген.

Осыдан бір жыл бұрынғы әңгімені таяуда үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңғыртты. Ол мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың депутаттық сауалына жауап беріп, мәселенің мән-жайын тәптіштеп түсіндірді.

«Қазіргі уақытта отандық МӨЗ-ді жаңғырту жұмысы аяқталуға жақын. Бұл жұмыс бензиннің октандық көрсеткіштерін ұлғайту бойынша ірі тонналы технологиялық қондырғыларды пайдалануға беруді (изомерлеу, каталитикалық риформинг, олигомеризация), сондай-ақ жоғары октанды бензин компоненттерінің сапалы сипаттамаларын ескере отырып, МӨЗ-дің технологиялық схемаларын өзгертуді көздейді», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы мәжілісменге берген жауабында АИ-80 маркалы бензин еліміздің әлеуетті құрылымдары үшін «ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС-ның арнайы тапсырысы бойынша ғана өндірілетінін нақтылады.

«ҚазМұнайГаз Өнімдері» ЖШС үкіметтің 2014 жылғы 12 желтоқсандағы № 1304 қаулысына сәйкес, Қазақстанның қарулы күштеріне мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бірыңғай оператор болып бекітілген. АИ-80 маркалы бензинмен ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында үкімет оны импорттау мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ бүгінгі таңда АИ-80 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы бағасы мемлекеттік реттеуге жататынын және литрі 89 теңгеден аспайтынын айтқымыз келеді», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Естеріңізге салайық, өткен айда депутат Айқын Қоңыров АИ-80 маркалы бензинді жаппай өндіруді тоқтату мезгілсіз жүргізілгенін алға тартып, ел азаматтары мен кәсіпорындардың мүддесін қорғау үшін үкімет нақты шара қабылдауға тиіс екенін алға тартты.

«2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аумағында К2 және К3 экологиялық санаттағы отынды өндіруге және импорттауға тыйым салынған. Бұл техрегламент АИ-80 (К4 және К5) бензинін өндіруге және импорттауға тыйым салмайды, алайда жанар-жағармай бекеттерінде АИ-80 бензині жоқ», – деген еді депутат.

Ол халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы АИ-80 маркалы бензинмен жұмыс істейтін ЗИЛ, ГАЗ, УАЗ, ЗАЗ, ЕРАЗ, ИЖ сынды көлік құралдарын пайдаланатынын айтып, ІІМ мәліметін келтірді. Онда АИ-80 маркалы бензинді пайдаланатын көлік құралдарының жалпы саны 484 692 бірлікті құрайтыны көрсетілді.

«АИ-80 маркалы бензинді еркін сатып алу мүмкіндігі болмаса, жоғарыда аталған автокөлік иелері АИ-92 бензинін тұтынуға мәжбүр болады. Ал бұл жоғары октанды бензинге сай отын жүйесі мен көлік құралдарының агрегаттарын қайта жабдықтауды қажет етеді. Салдарынан кәсіпорындар мен азаматтардың бюджеттік жағдайына нұқсан келеді», – деп мәлімдеген халық қалаулысы.

Энергетика министрлігінің АИ-80 маркалы бензиннің бағасын нарық реттеуіне беру туралы таяудағы ұсынысы жоғарыдағы әңгіменің тұздығы болды. Министрлік АИ-80 маркалы бензин арзан бағамен сатылып жатқанына назар аудартып, сұйық отынның дәл осы түрінің бағасын  мемлекеттік реттеуден алып тастау мезгіл мәселесі екенін мәлімдеді.

Мақсатқа жету үшін энергетика министрлігі осыған дейін қабылданған құжаттардың заңдық күшін жоюға әрекеттеніп жатыр.

Осыған қатысты түсіндірме хатта министрлік АИ-80 маркалы бензиннің 1 литрі - 89, АИ-92 - 161 теңгеден сатылып жатқанын, баға айырмасы 72 теңгені құрайтынын атап өтті. Министрліктегілер нарықтың кейбір жосықсыз ойыншылары АИ-80 мен АИ-92-ні араластырып, оны жоғары октанды бензин деп сататынын да жасырмады.

Біз министрліктің түсіндірме хатынан ел нарығында АИ-80 маркалы бензиннің тапшылығын болғызбау үшін оның құнын мемлекеттік реттеуден алып тастап, нарықтың реттеуіне беру қажет екенін ұқтық. Бұл түптің түбінде АИ-80-нің бағасы қымбаттауы мүмкін дегенді білдірсе керек.

Қисыны келіп тұрғанда тілге тиек етейік, бізге сұйық отынның қымбаттауынан қорқудың қажеті жоқ сияқты. Себебі энергетика министрі Қанат Бозымбаев осыдан біраз бұрын мәжілісте өткен  үкімет сағаттарының бірінде әлем бойынша салыстырғанда Қазақстанда бензин арзан екенін мәлімдеген.

«Салыстыру үшін 167 елдегі мұнай өнімдерінің бағасы бойынша жасалатын халықаралық «Глобал Петрол Прайсес» агенттігінің рейтингін ұсынуға рұқсат етіңіздер. Бұл рейтингті халықаралық агенттік ай сайын жасайды. Елімізде мұнай өнімдері қымбат екені жиі айтылады. Бензин бағасы бойынша Қазақстан рейтингтің соңынан есептегенде 12 орында, дизель отыны бойынша 14 орында тұр. Яғни әлемнің 167 елінің 11-де ғана бензин біздегіден арзан. Олардың арасында Венесуэла, Иран, Кувейт, Түрікменстан бар. Дизель отынының бағасы 13 мемлекетте ғана төмен, олардың арасында Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Түрікменстан бар», – деген болатын Қанат Бозымбаев.

Әлем елдерімен салыстырғанда арзан болғанмен, Қазақстан бензин бағасы тез өсетін мемлекеттердің көшін бастап тұр. Мысалы елімізде АИ-95 маркалы бензин бір жылда 20%-ға қымбаттаған.

Айтпақшы бүгін таңертең министр Қанат Бозымбаев бензин бағасына қатысты пікір білдірді. Алайда ол АИ-80-нің бағасы туралы тіс жарған жоқ.

«Жанар-жағармай нарығында бағаның қалыптасуына екі негізгі фактор ықпал етуі мүмкін. Біріншісі - Ресейде бензинге бөлшек және көтерме бағалардың өсуі. Екіншіден, біз ел ішінде қажеттіліктен 1,5 есе артық қор жинадық. Шын мәнінде біздің зауыттар мен трейдерлерге бензинді өткізу қажеттігі бар. Сондықтан осы тұрғыда үнемі қандай да бір тепе-теңдік болады. Біздің мұнай өңдеушілерге бензинді өткізу керек. Атап айтқанда, бұл отын түрінің жинақталуы артып келеді. Себебі екі зауыт жаңғыртудан өткізілді», – деп журналистерге жауап берді министр мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі сұхбатында.

Қанат Бозымбаевтың баяндауынша, алдағы уақытта Қазақстан АИ-92, АИ-95 маркалы бензинімен жеткілікті мөлшерде қамтылады.

«Бес айдың қорытындысында ішкі нарықтың 90%-ға жуығы қазақстандық бензиннің өндірісі есебінен, ал 10%-ы ресейлік отын көлемімен қамтылды. Ресейде бағаның өсуі Қазақстанның ішкі нарығына айтарлықтай ықпал етіп тұрған жоқ. Бұған қазақстандық бензиннің көбірек ұсынылуы себеп болуда.

Өздеріңіз білесіздер, ҚМГ бензин бағасын төмендетті. ҚМГ нарықтағы ірі ойыншы болғандықтан, қалғандары оның іс-қимылын бағып отырады. Егер олар бағаны көтерсе, бұл сұраныстың артқанын білдірмейді. Сондықтан аталған екі фактор арасында қандай да бір тепе-теңдік сақталады», – деп қорытты ойын энергетика министрі.

Бұлбұл Болат