Айбек Нұғымаров екінші рет "Әлем барысы" атанды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3098

Алматыда қазақ күресінен "Әлем барысы" айдарымен әлем чемпионаты өтті.

Айбек Нұғымаров екінші рет "Әлем барысы" атанды

Биыл Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен "Әлем барысы" турниріне 33 балуан қатысты. Дүниежүзінің 30-ға жуық елінен келген балуандарға қойылған басты талаптың бірі салмақтарының 90 келіден жоғары болуы еді. Ал ең ауыр балуан Жаңа Зеландиядан келген Чико Реремоана Пембертон болды (161 келі). Иран алыбы Жафар Пахлеванижагхаргх одан сәл ғана жеңілдеу екен (156 келі). Салмағы аурлар үштігін эстон Танель Карро түйіндеді (143 келі).

Алатау бөктеріне төселген боз кілемдегі белдесулер өте тартысты өтті. Шетелдік балуандар да қазақтың ұлттық өнеріне төселіп қалыпты. Мысалы, Ираннан келген Жафар Пахлеванижагхаргх бірінші айналымда біздің Руслан Әбдіразақовтан (125 келі) басым түсті. Ал Армения жампозы Якоб Аркелян алғашқы белдесуінде Нұрдәулет Жарылғаповты жолынан тайдырды.

Биылғы "Әлем барысында" ел намысын қорғаған бес балуанымыздың үшіншісі ширек финалда сүрінді. Атап айтқанда, Айбат Сейтен тәжірибелі грузин балуаны Гурам Тушишвилиге есе жіберіп алды. Әйтсе де, финалға екі қазақ шықты. Айбек Нұғымаров жартылай финалда Гурам Тушишвилиді жеңсе, Ерсұлтан Мұзаппаров ресейлік Роман Бобиковты жықты.

Қола белбеу үшін Грузия және Ресей балуандары белдесуі керек болатын. Бірақ Гурам Тушишвили қазақ күресі ережесін бұзып, жартылай финалдағы жеңілісінен кейін қарсыласымен қол алысу үшін ортаға шықпай, боз кілемнен аластатылды. Биыл да ұтылып қалғанына қапаланды ма, белгісіз... Сөйтіп, үшінші орын ресейлік Роман Бобиковке бұйырды.

Финалда Шығыс Қазақстан облысының қыраны Айбек Нұғымаров пен Түркістан облысының тарланы Ерсұлтан Мұзаппаров күресті. Ерсұлтанның салмағы едәуір жеңіл болатын. Әйтсе де, ол ширақ қимылдап, ұпай қорын молйта бастады. Бірақ салмағы ауыр, тәжірибесі мол Айбек белдесудің төртінші минутында әдіс қолданып, жеңіске жетті.

Айбек финалға дейін Камерун балуаны Диеудонне Долассемды, Литва үміті Эрик Бизуновичты, өзбек Мухсин Хисомиддиновты және жоғарыда жазғанымыздай грузин Гурам Тушишвилиді ұтқан болатын. Ал Ерсұлтан Норвегия жігіті Маркус Леонардсенді, Иран алыбы Жафар Пахлеванижагхаргхты, тәжік Дадахон Қурбаналиевті және ресейлік Роман Бобиковты жеңген.

Сөйтіп, Айбек Нұғымаров екінші жыл қатарынан "Әлем барысы" атанды. Әрі 10 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ерсұлтан Мұзаппаров күміс белбеумен қоса, алты миллион теңгеге қол жеткізді. Ресейлік Роман Бобиковке қола белбеу және үш миллион теңге бұйырды. Жүлдегерлер салтанатты түрде марапатталды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу