Айдар Шәрібаев: Жеңілсең, жалғызсырап қалады екенсің

Күрзі жұдырықты кәсіпқой боксшының жүрекжарды сырлары.

30 Шілде 2018 12:15 Автор: Маруан Түсіп
Айдар Шәрібаев: Жеңілсең, жалғызсырап қалады екенсің, кәсіпқой бокс, Айдар Шәрібаев, салмақ

Қазір кәсіпқой бокс шаршы алаңында шойын жұдырықты қазақ жігіттері де өз бақтарын сынап жүр. Негізінен, барлығы дерлік жеңістен жеңіске жетіп, бүкіләлемдік рейтингте жоғары өрлеп келеді. Иісі қазақты қуантып жүрген, талпынысы зор сондай боксшыларымыздың бірі Айдар Шәрібаев (7-1, 6 KO) еді. Әрине, спорт тек жеңістен ғана тұрмайды. Өзекті өртер жеңілістер де болады. Осындай сәтсіздікті Шәрібаев та басынан өткерген...

Айдар сәуір айында Эндрю Канчио (18-4-2, 14 KO) деген АҚШ боксшысынан ұтылып қалды... Неге ұтылды? Қапыда қалай сүрінді? Ендігі ой-жоспары қандай? Көкейдегі бұл сұрақтарымызды бірден емес, боксшы біраз ой түйген соң көлденең тартқымыз келіп еді. Сондықтан Айдармен хабарласып, сөзге тарттық. Енді осы сұхбатқа назар аударыңыздар.

– Айдар, Ислам дінінде «Адам асығушы табиғатта жаратылды» және «Адам өте асығушы» деген біз көп мән бермейтін сөздер бар екен. Сіз өмірде асығасыз ба? Мәселен, қандай да бір жетістікке тез жетуді ойлайсыз ба?

– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім... Нені меңзеп тұрғаныңызды да ұқтым... Шынымды айтсам, мен өмірде асығамын. Достарым жақсы қырымды да, жаман жағымды да осы асығыстыққа тірейді. Жаратылысым солай ма, әйтеуір, асығатын кездерім болып тұрады. Кейде асығым алшысынан түссе, енді бірде өзім ойлағандай болмай жатады. Мысалы, Америкада Эндрю Канчиомен өткен соңғы жекпе-жегім жайлы да көбісі «неге асықтың» деп жатыр. Алайда «тәуекелге бел будың, дұрыс істедің» деушілер де бар. Бәлкім, асыққан да болармын...

Бірақ... Егер, сол жекпе-жекке жеңіске жеткенімде, көпшілік бұлай айтпас еді. Керісінше, бәрі сүйсінер де ме еді... Джон Кеннедидің «Жеңістің мыңдаған әкесі бар, ал жеңіліс үнемі – жетім» деген ғажап сөзінің мағынасын әбден түсіндім. Мен де, сол жеңілісімнен кейін жалғыз қалғандай күй кештім. Алайда жеңілген соң, бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. «Көрпеңе қарай көсіл» деген ұғымды да білемін. Әйтсе де, менің мықтылармен жұдырықтасқым келеді. Деңгейі жоғары қарсыласпен кездесу керек деп ойлаймын.

– Кәсіпқой бокстағы салмақ қуу қияметі әуесқой бокстағыдан әлдеқайда асып түсетіндей. Оның машақатын сіз де тартып көргендейсіз.

– Салмақ қуу бұрыннан бар. Әлде де болады деп ойлаймын. Жалпы, салмақ қуудың өзі – бір үлкен өнер. Кәсіпқой боксқа ауысқалы соған мейілінше көз жеткізіп жүрмін. Мәселен, Эндрю Канчиомен өткен соңғы кездесуімді алайық. Мен бұл жекпе-жекте өзімнің емес, қарсыласымның салмағында жұдырықтастым, соның салмағына түстім. WBA InterContinental белбеуі үшін екінші жартылай жеңіл салмақта айқасуға бел будым. Яғни 10 келі салмақ қудым.

Басында 7-8 келіні аса қиналмай түсіріп едім. Кейін 2-3 келі салмағым түспей, әбден әбігерге салды. Былайша айтқанда, 68 келіден 58 келіге дейін салмақ қудым. Негізі, менде артық салмақ та жоқ қой, өзі. Өзіңіз білесіз, әуесқой бокста 64 келіде өнер көрсеттім. Онда осынша салмақ қуып, көп қиналып көрмеппін. Ал кәсіпқой боксқа ауысып, Америкаға барғалы өзіме-өзім диетолог болып алдым. Жалпы, салмақ қуу оңай емес. Қаншалықты қиын екенін естігенмін, ал осы жолы оған көзім әбден жетті. 

– Айдар, сіз ырымға сенесіз бе? Спорт пен саясаттың қатар жүретіндігіне ше?

– Жалпы, ырым және жораға сенбеуге тырысамын. Ал саясатқа келсек, екіұшты ойға жетелейтін дүдәмал тұстары жоқ емес сияқты. Мысалы, менің соңғы жекпе-жегімнің алдында қарсыласым... 4-5 рет ауысты. Соңғысы кездесуге аз қалғанда белгілі болды. Мен біресе ана, біресе мына боксшыға дайындалып, әбігерге түстім. Сонда ойлаймын, мен солай әр боксшыға қарсы дайындалып, әрқайсысын зерттеп жүргенде, қарсыласым әу бастан маған қарсы әзірленіп, уақыт ұтқан жоқ па? Бұл да кәсіпқой бокстың бізге беймәлім бұлтарыстары емес пе екен деп те, терең ойға батамын...          

– Сегізінші жекпе-жегіңізде жеңіліске ұшырауыңыздың бір себебі, бұған дейінгі қарсыластарыңыз тым осал болғандықтарынан емес пе? Босаңсып қалған жоқсыз ба?

– Эндрю Канчиомен өткен кездесуге дейін жеті жекпе-жек өткізген болатынмын. Бәрін де де жеңіске жетіп, рейтингте 95-орынға көтерілдім. 20 жекпе-жек өткізіп, жүздікке іліге алмай жүргендер де бар ғой. Жүздікке жедел ілігуім, бұл менің қарсыластарымның мықты болғандарын білдіреді. Керек десеңіз, америкалықтар іш тартып, таңданыстарын да жасырмаған. «Қалай бірден жүздікке еніп кеттің, жалпы, қазақ жігіттері өте қарымды» деп сұқтанған да...  

– «Сүріну ұят емес, қайтадан еңсе тіктеп, алға жүрмеу – ұят» деген мағыналы аталы сөз бар. Айту оңай ғой, бірақ бәрін де мойынмен көтеру қиын шығар. Соңғы үш айдағы ішкі сезімдеріңіз бен жадыңызға түйгеніңіз қандай ұстаным?

– Әуесқой бокста жеңілсең, кішкене жеңілдеу, жүре бересің ғой. Ұмытылуы да оңай дегендей. Ал кәсіпқой бокста қиындау екен. Бәрі сақталып, жеке нәтижеңе (BoxRec-те) жазылып қалады. Қыр соңыңнан қалмайды. Сондықтан жауапкершілік жүгі ауырлау. Ел арасында көп талқыланады. Ол да аузы бітпеген жараның аузын тырнай бергендей әсер етеді. Себебі боксты түсінетіндер де бар, жете түсінбейтіндер де бар. Байыбына бармай сөгетіндер де жоқ емес. Менің соңғы жекпе-жегімнен кейін де сын айтушылар аз болған жоқ. «Неге ұрмадың?», «Неге ұйықтадың?» деген сыңайда мін тағушылар да болды...

«Әлем чемпионы емес боксшыдан ұтылып қалдым, промоутерлерімнің сенімін, елімнің үмітін ақтай алмадым» деп, өзімді-өзім жер-жебіріме жете іштей жазғырып жүр едім. Промоутерім керісінше, қолтығымнан демеп, намысымды жанып, жігерлендіре түсті. «Сенің жеңілісің – бәріміздің жеңілісіміз, бұл жекпе-жек бәрімізге де сабақ болады, алған бетімізден қайтпауымыз керек. Бір сәтсіздікке бола мойымайық! Бір-екі жекпе-жек өткізіп, толықтай бабыңа кел. Америкаға қайта барамыз, қадалған жерден қан алмай қоймаймыз», – деп жебеп жіберді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, промоутерімнің осы сөздерінен кейін әжептәуір жеңілдеп, сергіп қалдым. Санамды шырмаған ауыр ойлар сейілді. Оның мұндай шешімі мен ой-пікірі маған қуат берді. Түйгенім – алған бетімнен қайтпау! Жаттығу жұмыстарын үзбей, шүмектетіп тер төгіп жатырмын. Жалпы бұл жекпе-жек пен жеңілісім мен үшін үлкен сын және баға жетпес сабақ болды.      

– Айдар, сіз бокстың суығына тоңып, ыстығына күйіп, ащысын да, тәттісін де басыңыздан өткерген жансыз. Балаңызды боксқа берер ме едіңіз?

– Берер едім, әрине. Себебі бокс мені шыңдады. Жеткеніңе тасымауды, жетпегеніңе жасымауды да үйретті. Өзімнің бұрынғыммен салыстырғанда, көп өзгердім. Бокс та, спорттың басқа түрі де, бірінше кезекте адамның өзі үшін қажет. Әсіресе ұл балалар үшін керек-ақ. Өзін қорғауды үйренеді. Ысылады.   

– Бір байқағаным, көптеген жанкүйерлер сіздің сақал қойғаныңызды хош көрмейтіндей. Өзіңізге ұнай ма? Әлде сақал өсіруіңіздің басқа да себептері бар ма?

– (күліп) Осы сұрақты өзіме тікелей қоятындар да бар. Бірақ менің сақалыма таңырқай қарайтындар – отандастарым ғана. Иектегі сақалымды хош көрмейтіндер тек Қазақстанда болып тұр. Америкада сақалдылар біздегіден де көп, сондықтан олар бұған соншалықты мән бермейді. Оларда сақал қою заман талабы болмаса да, сән үлгісі сияқты. Тоқ етерін айтқанда, мен мұсылманмын, бұл менің стилім десем де болар.    

– Әлгінде, бетімнен қайтпаймын дедіңіз. Ендеше, алдағы мақсат-жоспарыңыз қандай?

– «Diamond Ring» промоутерлік орталығы күзгесалым бокс кешін өткізбекші. Нақты уақыты мен қай жерде өтетіндігі әлі белгісіз. Алла қаласа, сол кеште шаршы алаңға шығамын. Қазір үздіксіз жаттығып, шүмектетіп тер төгіп жүрмін. Алматыда «Айдар» деген өзімнің кәсіпқой клубым бар. Сонда қазақстандық кәсіпқой боксшы Виктор Коточигов (6-0, 2 KO) екеуміз спарингтік кездесулер өткізіп, бірге дайындалып жүрміз.

– Ендеше, іске сәт! Жеңістеріңізбен қуанта беріңіз.

– Рахмет. Сіздерге де сәттілік, жұмыстарыңыз алға бассын.

Сұхбаттасқан Маруан Түсіп