Әйел, авто, экономика

5789

Сауд Арабиясы әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат бере отырып, миллиардтаған доллар үнемдеуден үмітті.

Әйел, авто, экономика

Тарихи күн
Маусымның 24-і (2018) – Сауд Арабиясындағы 15,1 әйел үшін тарихи күн. Олар 60 жылдан астам уақыттан бері алғаш рет көлік айдау құқығына ие болды. Енді, әсіре-консервативтік корольдіктің көшелерінде "темір тұлпар" тізгіндеген нәзік жандыларды көру ешкімді таңсық болмайды. Олар мұндай құқыққа оңай қол жеткізген жоқ. Әйелдер ондаған жылдар бойы күрес жүргізді, оларды жақтап монархия үкіметіне сырттан да өтініш тастағандар болды. Бірақ, күрес мұнымен тәмам емес.

Әйелдерге неліктен көлік жүргізуге рұқсат берілді?
Сауд Арабиясында қазір "Көрініс-2030" деген ауқымды әлеуметтік және экономикалық реформа жүргізіліп жатыр. Ол тақ мұрагері – 32 жастағы Мұхаммед бин Салманның жетекшілігімен екі жыл бұрын басталды. Әйелдерге көлік жүргізуге тыйым салу заңы жойылса, талай қыз-келіншек жұмысқа тұрады. Бұл – ханзаданың негізгі мақсаттарының бірі. Бүгінге дейін әйелдер жүргізушілікке ер адамдарды жалдап, отбасы бюджетін шығындап келді.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Саудияда жұмыс істеп жүрген 1,67 миллион шетелдік ер адамның 1,38 миллионы - жүргізуші. Ал, әйелдерге машина айдауға рұқсат берілсе, солардың санын 50 пайызға қысқартып, жылына 5 миллиард доллардан астам қаражат үнемдеуге болады. Айта кетсек, бұл мемлекетте "шопырлық" қызметте жүргендердің көбі – Үндістан мен Бангладештен. Олар әдетте үй шаруашылығындағы әйелдерді тасымалдауға және олардың күнделікті тапсырмаларын орындауға жалданады.

28-жылдық күрес
Саудия әйелдері жүргізушілік құқықты талап етіп сонау 1990 жылы әр-Риядта шеруге алғаш рет шықты. Сол кезде олардың 47-сі қала көшелерінен автокеруенмен жүріп өткені үшін тұтқындалған. Одан бері де талай белсенді әйел қамалды. Мысалы, 2014 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінен Сауд Арабиясына көлікпен кірмек болған Лужайн әл-Хатлул 73 күнге ұсталды. Ал, 2013-те Эман әл-Нафджан есімді әйел бұл тыйымға наразылық ретінде әр-Риядда машинамен жүргені үшін темір тордың ар жағына тоғытылды. Жүргізушілік құқықты талап еткен әйелдердің ең үлкені – 70 жаста. Ол -  Әзизе әл-Юсеф. Бұл азаматшалардың өткен айда қайта қамалуы тақ мұрагерінің модернизациялық реформаларына күмән тудырып отыр.

Әйелдер тағы қандай құқықтарды жеңіп алды?
Былтыр Сауд Арабиясында алғашқы кинотеатр ашылды. Сонымен қатар, мораль туралы бірнеше заң жеңілдетілді. Жаңа ережелерге сәйкес, әйелдер жол жүру, білім алу, жұмыс істеу, тіпті дәрігерге қаралу үшін бұрынғыдай ер адамнан рұқсат алмайды. Және де, олар күйеуімен ажырасқан жағдайда, баласын өзі бағу немесе спорттық шараларға қатысу құқықтарына да ие болып отыр.

2015 жылы саудиялық әйелдер мунициалдық сайлауда дауыс берді. Бірақ, әйел кандидаттарға сол кезде ер сайлаушылармен сөйлесуге және сайлауалды штабтарында бір кеңседе отыруға тыйым салынды. Бұл сайлаудың нәтижесінде кемінде 17 әйел басқару органдарына сайланды. Ал, марқұм король Абдулланың 2011 жылғы қаулысымен әйелдер дауыс беруге рұқсат алып қана қоймай, Консультативтік кеңесте 20 орынға ие болды.  

Саудиялық әйелдерде әлі қандай құқық жоқ?
Әлемде сүнниттік исламның ең қатаң канондарын ұстанатын Сауд Арабиясы әйелдердің құқығын ресми түрде төмендетті деп көп жылдан беріп айыпталып келеді.

Мұнда әйелдер әлі күнге дейін өз өмірлерін реттеп отыратын қамқорлық туралы заңға бағынуға тиіс. Бұл ережеге сәйкес, олар күнделікті тіршіліктің көп саласында әкесі болмаған жағдайда, күйеуінің, ағасының немесе інісінің, тіпті ұлының рұқсатын алуға міндетті. Сонымен қатар, әйелдер ер адаммен араласа алмайды. Алайда, бұл ереженің күші ауруханаларға, банктерге, медициналық колледжерге тарамайды және  олар көпшілік алдында қара абайа немесе кең әрі ұзын етекті киім киіп жүруі қажет.

Адам құқығы жөніндегі Amnesty International ұйымы бейсенбі, 21 маусым күні мәлімдеме жасап, Сауд Арабиясында әйелдерге көлік жүргізуге берілген құқыққа қошемет білдіріп, монархия үкіметін реформа аясында "дискриминациялық заңдар мен тәжірибелерді" тоқтатуға шақырды.  Бұған қоса, халықаралық топ әйел құқығы белсенділерінің түрмеге түсуіне және олардың терроризмге қарсы сотқа тартылуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп отыр.

"Егер тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман өзін, шын мәнінде, реформатор деп санаса, әйел құқығын қорғау белсенділерін қамаудан босатып, азаматтық қоғам мүшелерін Сауд Арабиясында қолға алынған реформаларға тартуы керек", – дейді Amnesty International.

Көлік саудасы 10 пайызға өседі
Иорданияның "әл-Бауаба" газетінің мәліметінше, әйелдерге жүргізуші құқығын беру нәтижесінде, Саудияда автомобиль агенттері әйелдер үшін тартымды көлік модельдерін шоу-румдарға жаппай шығара бастады. Басылымның болжамынша, биыл монархия аумағында 405 мыңнан астам автомашина сатылып, көлік саудасы 10 пайызға артады. Ал, "Ихтисадия" бизнес апталығының дерегінше, 2015 жылы Сауд Арабиясы 1,27 млн автомобиль импорттаған. Бұл көрсеткіш былтыр 605 мыңға дейін азайды.

Еңбек нарығындағы әйелдер үлесі
Сауд Арабиясында әйелдерге 1957 жылдан бері жүргізуші куәлігі берілмеген. Ал, PwC  компаниясының болжамына қарағанда, 2020 жылға дейін мұнда көлік айдайтын әйелдер саны 3 миллионға жетуі мүмкін.  

Мұнай өндірісінің әлсіреуінен өткен жылдың соңғы тоқсанында Саудияның жалпы ішкі өнімі 0,5 пайызға қысқарды. Ел экономикасын әртараптандырып, оны шикізатқа тәуелділіктен құтқаруға бағытталған "Көрініс-2030" бағдарламасына сәйкес, жұмыссыздық деңгейі 11,6 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеуі керек. Ал, жұмыс істейтін әйелдер қатарын 22 пайыздан 30 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Парсы шығанағы зерттеу орталығының болжамынша, әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат беретін заң жұмыссыз жүрген 0,43 миллион әйелдің көбін еңбек нарығына тартуға мүмкіндік беріп, экономиканың өсуіне үлес қосады. Осы орталықтың тағы бір есебіне  жүгінсек, мектептер мен дайындық мекемелерінде білім-тәжірибе жинап жүрген 1,5 миллиондай әйел алдағы жылдары жұмыс күштерінің санатына қосылады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу