"Айта" фильмі Мәскеу мен Якутияны араз етті

4710

Сарапшылардың пікірінше, көркем туынды айналасындағы дау якут қоғамына "азаттықты аңсау" дәнін сеуіп кеткенге ұқсайды. Тұрғындар өз "Ұлт көшбасшысын" іздеп жатыр.

"Айта" фильмі Мәскеу мен Якутияны араз етті Фото: snob.ru

Якутия – табиғи қазынасы жөнінен Ресейдегі ең бай республика саналады. Бүкілресейлік алмас қорының 82%-ы, сүрменің (сурьма) 82%-ы, уранның 61%-ы соның аумағында шоғырланған. Сондай-ақ Сібір мен Қиыр Шығыстағы барлық көмірдің 47%-ы, табиғи газ бен мұнайдың 35%-ы және басқа да қазба байлықтардың мол қоры Якутия жерінің астында тұнып тұр. Жай жатқан жоқ, Мәскеу бекіткен олигархиялық топтар оның бәрін қарқынды өндіріп жатыр.

Алайда шикізаты кетіп, елге шаңы қалады. Осынау ен байлықтың үстінде отырған Якутия – Ресейдегі ең кедей өңір саналады. Росстат, РФ денсаулық сақтау министрлігі, қаржы министрлігі, Орталық банкі және басқа да меморгандары бірлесіп шығарған зерттеуде айтылғандай, Якутия өз халқының өмір деңгейі жөнінен 2021 жылғы 70-ші орыннан 2022 жыл қорытындысында 71-ші орынға құлдырады.

Яғни, жыл өткен сайын республика деградацияға ұшырап, халқының ахуалы тым нашарлап барады. Бұл ретте Ресей федерациясына кіретін 85 субъект (республикалар, өлкелер, облыстар) арасында ең соңғы орынға Тува республикасы түсті. Бұл қарқынмен Якутия болашақта Туваны ығыстыруы ғажап емес.

Энциклопедияларға жүгінсек, якут сөзі түркі тіліндегі "Jaka", яғни жаға, шекара деген сөзден шығады. Сондықтан бұл түркітілдес ұлтты қазақша жақұт деп алуға да болады. РФ-та 478,1 мыңы ғана қалған осы ұлттың өкілдері өзін саха (сақа) атағанды жөн көреді. 

Осы орайда ресейлік және шетелдік сарапшылардың айтуынша, күтпеген жерден "Айта" фильмі қаналған халықтың сана-сезімін көтеріп жіберді.

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ. 2023 жылғы 19 қыркүйекте РФ Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызмет (Роскомнадзор) ресейлік барлық видеосервистерден якутиялық "Айта" кинотуындысын жоюды талап еткені белгілі болды. Сылтауы: "ұлттық нышаны бойынша адамдардың теңсіздігін паш етеді".

Яғни, ведомство бұл картинадан "жергілікті ұлтшылдық белгілерін" байқапты. Бұл туралы мекеме өкілінің түсініктемесіне сілтеме жасаған "Ведомости" хабарлады.

Тоталитарлық елде бұйрықты талқылау деген жоқ, айтылды – орындалды. Салдарынан, режиссер Степан Бурнашевтің туындысын шетел түгіл, ресейлік көрермен де көре алмай қалды (қарақшылық онлайн киносервистерді айтпағанда). Роскомнадзор талабы түсе салысымен, барлық ресейлік заңды видеосервистер якутиялық фильмді дереу киноқорларынан жоя салды.

"Аталған кинокартинада адамдардың ұлттық нышаны бойынша тең еместігі паш етіледі. Бір ұлттың жағымды кейіпкерлерінің оң қырлары басқа ұлттың кейіпкерлерінің теріс мінездеріне жарқын түрде қарсы қойылған. Сондықтан аудиовизуалды сервистердің мұндай ақпаратты таратуына тыйым салынады. Роскомнадзор аудиовизуалды сервистердің иелеріне анықталған бұзушылықты жою туралы талабын бағыттады", – деп мәлімдеді Роскомнадзор өкілі.

Бұл суыт хабар режиссер Бурнашевтің наразылығын туғызды. Ол төл туындысының миссиясы адамдарды біріктіру екенін мәлімдеді.

"Ондағы хикаяның мәні де, тәмсілі де сонда: адамдарды "өзіміздің адам" және "бөтен" деп бөлу трагедияға соқтыруы мүмкін екенін көрсетеді. Кез келген, тіпті қайғылы жағдайда бойдан күш тауып, диалог жүргізу қажет. Сонда ғана шындыққа жетуге болады. Өз фильмім арқылы мен халықтар арасындағы алауыздықтың соңы неге әкелетінін көрсеткім келді", – деді режиссер.

"Айта" Якутия тарихындағы ең көп касса жинаған кинотуындыға айналды: Ресейдегі прокатта 26,4 миллион рубльден астам қаражат жинады. Мәскеу оны кинотеатрларда, киносервистерде, телеарналарда 16 жастан ересектерге көрсетуге болатынын растап, 2022 жылғы ақпанда прокаттық куәлік берген болатын.

Одан да көп табыс табуы мүмкін еді: биылғы мамырда фильмді "Кинопоиск", Okko, Wink, Premier сервистері өздерінде орналастырды. Бүгінде бұл платформалардан картина алып тасталды. Бірақ Мәдениет министрлігі прокаттық куәлігін қайтарып алмағандықтан, оны шетелдік прокатқа шығаруға мүмкіндік қалып еді.

Сюжет бойынша оқушы қыз Айта өзіне өзі қол салады. Оның қалтасындағы хатында: "Афоня, сені жек көремін!" деп жазылған. Афоня – жергілікті орыс полицейінің есімі. Ол соның алдында сыныптастарымен бірге, кеште болған қыз баланы үйіне апарып тастайды. Мұны куәгерлер көрген. Бірақ тергеу кезінде Афоняның өзі қызды және онымен арасында не болғанын есіне түсіре алмайды. Бойжеткен ауруханада көз жұмады. Оның аяғы ауыр екені анықталады.  Айтаның әкесі Айаал және жергілікті тұрғындар орыс полицейін қолға түсіріп, жазалауға шешім қабылдайды. Тәртіп сақшыларына күдіктіні қару күшімен қорғауға тура келеді. Соңында марқұм қыздың әкесі полицейді кешіреді.

Киносыншылардың байламынша, фильмде ұлтшылдық нышандары байқалмайды. Бірақ орыс полицей якуттарды үнемі кемсітумен, менмендік танытумен болады. Мысалы, ол: "Барлық азиялықтардың түрі – бір" деп кекетеді. Бұған намыстанған жергілікті ішкі істер органдарының жетекшілері жиын үстінде өздері үшін де "барлық орыстардың түрі бір-бірінен аумайтынын" айтады. Картина барысында үнемі жауын жауып тұрады. Бұған орыс полицей: "Мұндай ит байласа тұрғысыз жерде қалай тұрасыңдар?" деп Якутия табиғатын әжуалайды.

Фильмде кейіпкерлер негізінен саха тілінде сөйлеседі (оны кадр сыртындағы дауыс орыс тіліне аударып отырады), содан жергілікті ұлттың тілін үйренуді жөн санамаған орыстар олардан орысша сөйлеуді талап етеді.

Қалай болғанда, осының бәрі Мәскеуге ұнамады. Оның қысастығы республикада қарсылық туғызды. Жергілікті бас басылым "Якутск вечерний" газеті бірінші беттегі бас мақаласына "Роскомпозор" деп айғайлатып тақырып қойып, шықты. Оның фотосында Роскомнадзор бұғаттап тастаған "Айта" фильмінен кадр берілген.

Якутия басшысы Айсен Николаев саха елінде жасалған, алайда Мәскеу "ұлтшылдық" пен "ЛГБТ уағызы" нышандарын байқап, тыйым салып тастаған "Айта" және "Кандидат" фильмдерінің режиссерлары Степан Бурнашев пен Дмитрий Щадринді қолдап, мәлімдеме жасады. Sakhaday басылымының хабарлауынша, республика басшысы қолдау сөзді тікелей желі кезінде айтты. 

"Мен "Айта" және "Кандидат" фильмдерінің екеуін де көріп шықтым. Қос картинаны түсірген режиссерларды жақсы білемін. Екеуі де патриоттар. Олар национализм мен дәстүрлі емес құндылықтарды уағыздайтын фильм түсіруге бармайды. Ондай ойлары да жоқ", – деп кесіп айтты Якутия басшысы.

Оның пікірінше, бұл фильмдер саха елінің мақтанышы, олар якутиялық киноның прокатта касса жинай алатынын, нарықтық әлеуеті жоғары екенін паш етті. Сол себепті, Якутия басшысы Мәскеудің бұл қадамын "сахалық кинематографты кемсіту, шектеу талабы" деп бағалайды.

Бұдан орталықтың менмендігін байқауға болады.

"Егер Дима Шадриннің "Кандидатына" тыйым салған екенсіңдер, онда "Джентльмены удачи", "Здравствуйте, я ваша тетя" және басқасына да тыйым салып тастаңдар. Бұған бір күліп қоя салуға болар ма еді, бірақ шынында қатты түңілтетін жайт", – деп қамықты Айсен Николаев.

Ол қос режиссерға Якутия қолдау көрсететінін, олардың жаңа фильдер түсіруіне жәрдемдесетінін жеткізді.

"Ресейлік нарықтағылар бізден қорқа бастады. Сондықтан біздің кинематографымыздың өрісін қадағалаушы орган арқылы шектеуге тырысып жатыр. Туған республикаңыз әрдайым сіздермен бірге. Біз өз адамдарымызды талауға тастамаймыз, қолдайтын боламыз!", — деп мәлімдеді Якутия басшысы.

Саха сайттарында пікір білдірген жергілікті жұртшылық одан құр мәлімдемемен шектелмей, орталықтың қиянатына пәрменді қарсы тұруды талап етті.

"Шешенстан халықтардың депортациясы бөлімі дұрыс жазылмаған деп, Мединский редакциясындағы жаңа Тарих оқулықтарын Шешенстанда тәркіледі. Ал біздің басшылардың міңгірлегені жөн емес. Қуатты ұлт көшбасшымыз қайда?" – деп жазады Тобық есімді Sakhaday оқырманы.

Бірақ бодан елдің қолынан келері аз, қылар қайраны шамалы.

27 қыркүйекте РФ Мәдениет министрлігінің сахалық "Айта" фильмінің прокаттық куәлігін кері қайтарып алғаны белгілі болды. Тиісті ақпарат ведомство сайтындағы тиісті реестрде жариялады. РФ мәдениет министрі арнайы бұйрық та шығарыпты.

Сонымен бірге Роскомнадзор белгілі киносыншы, танымал блогер BadComedian (Евгений Баженовтың) арнасын бұғаттап тастады. Себебі, ол "ВКонтакте" парақшасында "Айта" фильмінің бұғатталуының әділдігіне күмән келтірген еді.

"Құрметті Роскомнадзор, „Айтаға“ қатысты сараптамамен танысуға бола ма? Бұл фильмге сондай шешім шығарған адам кәсіби жарамсыз болса керек", – деп пікір жазды Баженов Роскомнадзордың әлеуметтік желідегі тиісті постының астында.

Соған қарағанда, "Novaya Gazeta Europe" пікірінше, Мәскеу ұлттық өлкелердегі ұлттық сана-сезімнің оянуымен аяусыз күресетінге ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу