Айжани Нұрланова Forbes тізіміндегі 50 миллионерге киім тігуді армандайды

Жас кәсіпкер Қазақстан президентіне костюм тігу мүмкіндігіне қалай ие болды?

01 Қаңтар 2017 11:58 Автор: Аида Есеналина
Айжани Нұрланова Forbes тізіміндегі 50 миллионерге киім тігуді армандайды, Айжани Нұрланова,сән салоны,Made in KZ,Ұлттық бренд,Атамекен ҰКП

Бір соққыдан соң бір соққы

Өткен жылға дейін кәсіпкер әйелдерге арналған сән салоны бизнесімен айналысқан болатын, ал бүгін Қазақстанның бизнес өкілдері мен саяси таңдаулы топқа киім тігеді. «Made in KZ» бастамасы туралы естіген Айжани Нұрланова бірден алғашқы отандық сауда үйін ашуды ұйғарды.

Ол жерде тек киім сату емес, шағын мейрамхана мен супермаркет те ашу жоспарланған болатын. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы өкілдерімен бірге ол өңірлерді аралап, отандық тауар өндірушілермен кездесіп, тауар жеткізу  жөнінде келіссөз жүргізе бастайды. Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінен 500 шаршы метр көлемдегі үйжай алған жас кәсіпкер қымбат құрылыс материалдарын сатып алып, жөндеу жұмысын бастап та кетеді.

Бірақ, кейінірек бұл тұрғын үйдің әлі пайдалануға берілмегені әрі оның пайдалануға берілу мерзімін ұзақ күту керегі мәлім болады. Бұл, әрине, ынталы кәсіпкер үшін күтпеген соққы болды. Өйткені, қымбат жөндеуге жұмсалған қаражат текке күйіп, ал бағалы материалдарды нарықта көк тиынға сатуға тура келеді. Бірақ, бел буған кәсіпкер алған бетінен танбайды.

Көп ұзамай  «Нұр Отан ғимараты» деген атпен жұртқа танымал «Водно-зеленый бульвар» бизнес-орталығынан өз ісіне лайықты тағы бір үйжай табады. Ойланбастан жалға алып, тағы жөндеу жүргізіп, жиһазбен жабдықтап, жұмысын бастайды.

Бірақ, осы кезде доллар құны 258 тенге болып, ел девальвацияға душар болады. Үйжай қожайындары төлемді доллармен талап етіп, жалдау ақысы айына 1,2 миллион теңгеге дейін шарықтап кетеді. Мұндай ақша төлеуге мүмкіндігі болмаған соң, кәсіпкер өз ісін тоқтатуға мәжбүр болады.

Оның айтуынша, үйжай қожайындары отандық өнім үлкен сұранысқа ие болады дегенге, оның жалгер ретінде жалгерлік ақыны уақтылы төлеп тұратынына сенбепті. «Мен барлығын жабуға мәжбүр болдым. Небір қиындықты бастан кешірген соң таныс, туыстарыңның қолдау көрсетпегені қанша ауыр екенін білесіз бе, олар жөнсіз ұрысып, орынсыз ақыл айтып, мүлде мезі қып жібереді. Мен шынымен не істерімді білмей тығырыққа тірелдім. Өйткені, сауда үйінің ашылатындығы туралы ақпарат таратылып, жарнама жасалған болған. Мен тура 10 күн сарыуайымға салынып, салым суға кетті. Селқос күйге түскенім соншалықты, тіпті шашымды тарауға шамам келмеді, сенесіз бе?! Ештеңеге зауқым соқпай, құр сүлдерім қалды, –  деп ол қинала есіне алады қазір.

«Жаман айтпай жақсы жоқ»

Бір кезде оған Шымкент тігін фабрикасынан қоңырау шалады, олармен кәсіпкер өңірлерді аралап жүрген кезде кездесіп, бірге жұмыс істеуге ниет білдірген болатын. Келіссөз сәтті аяқталады, бірлесіп тігін фабрикасын қайта жандандыруға уағдаласады. Серіктестер арасында тек ауызша келісім болған, ешқандай құжатқа қол қоймаған. Қалпына келтіруге тура бір апта уақыт кетеді.

Таныстыру рәсімінде көрсету үшін фабрика технологымен бірге ерлерге арналған костюмнің 12 жаңа түрінің үлгісі бекіткен. Айжани Нұрланованың айтуынша, олар Қазақстанда алғаш болып, нақты  айтқанда, ауқымды форум аясында Шымкентте отандық брендтегі ерлер киімінің көрсетілімін өткізеді.

«Біз форум қонақтарына өзіміздің костюмдерімізді кигізгіміз келді. Мен алдым да бір ірі қатысушы-компанияның басшысына қоңырау соғып, оның костюмінің өлшемін сұрадым, нақты өлшемін алған жоқпын. Біз ол Астанадан Алматы арқылы Шымкентке ұшып келгенше 4 сағаттың ішінде кашемирден костюм тігіп шықтық, келген бойда жаңа костюмді сыйға тарттық, костюм құйып қойғандай үстіне қона кетті.

Біз өз өнімімізге осылайша жарнама жасадық. Осы көрсетілімнен кейін кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың назарына іліктік. Көрме өткіздік, онда біз Елбасына оған арнап тігілген костюмді беріп жібердік», – деп мақтанды жас кәсіпкер.

Астанадағы алғашқы дүңгіршік

Шымкентте бір ай болған соң ол Астанадағы сауда үйлерінің бірінен дүңгіршік жалдап, бір тәулік ішінде жөндеп, өз өнімін саудаға қояды. Бүгін бұл бренд еліміздің барлық өңірінде сатылады. Қазір дүкенде костюм ғана сатылмайды. Оның айтуынша, жоғары сапалы ерлер жейдесін тігетін қызылордалық компания, астаналық аяқ киім бренді, семейлік марка, отандық сағат өнімдері де бар.

Ұсынылып отырған отандық тауардың барлығы сапалы екеніне, шетелдік бәсекелестерден еш кем түспейтініне Айжани Нұрланова сенімді. Баға саясаты тұрғысынан да қазақи өнім импорттық тауардан қымбат емес. Мысалы, костюмдердің бағасы 45 мыңнан басталады, жейделер – 8-11 мың теңге, футболкалар – 5-6 мың, ал қысқы аяқ киім 25 мың теңгеден басталады.

Сауда-ойын-сауық орталығы туралы «жыр»

Айжани Нұрланова басқа да отандық тауар өндірушілер сияқты, Астанадағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының жалға берушілеріне наразы. Оның айтуынша, бұл орталықтардағы дүңгіршіктер отандық тауар өндірушілер үшін тым қымбат, ешқандай жеңілдік қарастырылмаған, ал ірі шетелдік брендтер үшін жалдық бағасын төмендетуге әзір көрінеді.

«Мен бір нәрсені түсінбеймін: олардың жүрек түкпірінде отаншылдық сезім деген мүлде жоқ па сонда? Неге олар бізді, отандық маркаларды қолдамайды?» – деп ашынады жас кәсіпкер. Наразы болудың қажеті жоқ! Киім тігетін мата мен фурнитураның барлығы шетелден әкелінеді.

Қазақстанда бар өнім, кәсіпкердің айтуынша, олардың костюмдерін тігуге жарамайды екен. Дегенмен, ол жақында Оңтүстік Қазақстан облысында ашылатын мата фабрикасына үлкен үміт артып отырғанын жасырмады. Бұл өнімнің бағасына да айтарлықтай әсер етеді деп отыр.

Айжани Нұрланова отандық тауар өндірушіге ешкім көмектеспейді деп шағымдана бермей, білекті сыбанып іске кірісуге шақырады. Ол отандық брендтердің қазіргі басты өзекті мәселесі жақсы маркетинг пен PR-дың, сондай-ақ сапалы менеджменттің жоқтығы дейді.

«Еуропалықтар болсын, орыстар болсын, Қазақстанда шығарылған өнім десең, еш таңқалмайды.  Ал өзіміздің жерлестер үшін бұл ақылға қонымсыз нәрсе, олар қазақтар бірдеңе тіге алады дегенге сене алмайды. Бұл, әрине, көңілге тиеді. Қазақтар тігу біледі, тіпті өте жақсы тігеді», – дейді Айжани Нұрланова.

«Танымал» клиенттер

Айжани Нұрланова өнімінің бас «пиарщигі» президент Нұрсұлтан Назарбаев екені ешқандай құпия емес. Естеріңде болар, Елбасы Атырауға іссапармен барғанда өзінің отандық тауар өндіруші тіккен костюмін елге көрсетіп, замандастарын отандық өнім сатып алуға шақырған болатын.

Содан кейін кәсіпкер қыз Ресей президенті Владимир Путиннің туған күніне костюм тігіп беріп жіберген болатын.  Мемлекет басшыларынан бөлек, бүгін компания клиенттері қатарында Қазақстанның көптеген белгілі шенеунігі мен саяси қызметкері бар, олардың ішінде Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Бренд қожайынының айтуынша, оның костюмдері іскер киімдерді тани білетін мәртебелі, консервативті саясаткер ер адамдарға арналған.

Оның компаниясы шоу-бизнес өкілдеріне киім тікпеуге тырысады. Өйткені, олар сән үрдісіне сай іскер костюм имиджін басқаша көрсетуі мүмкін. Мәселен, смокингті кроссовкимен киіп алуы ғажап емес қой.

«Мен қазір Forbes тізіміне енген 50 миллионерге отандық киім кигізуді жоспарлап қойдым. Мен оны жасаймын. Менің костюмдерімді «Казкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев жарнамаласа екен деймін, бұл – менің үлкен арманым. Бірақ, бұл сәл киінірек, бір саты жоғары бренд пайда болған кезде жүзеге асады, ол брендтің өз атауы болады», – деп арманымен бөлісті Айжани Нұрланова.

Аида Есеналина