Ақадырлықтар күкірт қышқылымен тыныстағылары келмейді

2981

Темір жол маңына орналасқан Ақадыр кентіне күкірт қышқылын сақтайтын қойма салу жоспарлануда.

Ақадырлықтар күкірт қышқылымен тыныстағылары келмейді

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінің тұрғындары стансада күкірт қышқылын сақтайтын қойма құрылысына қарсылық білдіріп, шу көтерді. Бұл стансаға күкірт қышқылы темір жолмен жеткізіліп, арнайы цистерналарға құйылады, сосын осы жерден Кеңшоқы ауылының арғы бетіндегі Алмалы кен орнына жүк көліктерімен жеткізіледі. Ақадыр халқы "онсызда кент арқылы тасымалданатын мырыш денсаулығымызды құртып біткен" деп қынжылады. Өйткені Ақжалдағы кен орнынан мырыш өндірісіне қажетті кенді Ақадыр арқылы тасымалдайды, әрі бұл жерде оны сақтайтын нысандары орналасқан.

"Осы Ақадыр арқылы мырышты тасымалдайды, соның базасы орналасқан. Оған наразы болып едік, ешкім бізді тыңдамады, сосын еріксіз көндік, енді мына күкірт қышқылдарына көне алмаймыз. Балаларымыз ертең осының салдарынан ауру, мүгедек болып туады", – дейді Ақадыр кентінің тұрғыны Бағдат Аймирова.

Қойма құрылысына қатысты жекеменшік компания өкілдерімен билік қоғамдық тыңдау өткізді. Бұған дейін бірінші қоғамдық тыңдау 4 мамырда Қарағанды қаласында өткізілген. Сол жерге Ақадыр кентінің төрт тұрғыны мен әкімі ғана қатысқан. Бұл қоғамдық тыңдауға бара алмай қалған ақадырлықтар әлеуметтік желі арқылы шу шығарған соң елдімекенде екінші рет жиналыс өткізген. Залға лық толы жиналған халықтың барлығы кентте күкірт қышқылын қоятын қойманың салынуына қарсы шықты. Ақадыр кентінің дәрігері Манат Ахметованың айтуынша, соңғы жылдары елдімекен тұрғындарының денсаулығы күрт нашарлап кеткен.

"Біздің кентіміз арқылы құрамында ураны жоғары мырыш кені тасымалданады. Оны тасымалдаған кезде қауіпсіздік ережесі сақталмайды. Материалды қаппен тасып жатады, ал ереже бойынша оны жабық контейнерлерде тасымалдаулары қажет. Бұл да біздің экологиялық жағдайымызды ушықтырып тұр. Менің учаскемде екі жарым мың адам тіркеуде тұрса, соның ішінде соңғы бес жылда төрт адам лейкоз, яғни ақ қан ауруынан көз жұмды. Олардың барлығы жастар. Сондай-ақ кент тұрғындарының арасында қатерлі ісік, қан ауруы, жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдануы тәрізді ауыр дертке шалдыққандар бар. 2017 жылмен салыстырғанда жүрек-қан тамыры сырқаттарына шалдыққандар мен одан көз жұмғандар қатары артып отыр", – деген мәліметті келтірді кент дәрігері Манат Ахметова.

Кент тұрғындарының айтуынша әзірге ешқандай рұқсаты болмаса да жекеменшік компания қойманы салуға кірісіп кеткен. Бүгінде жер аумағы қазылып, құрылыс материалдары жеткізіле бастаған. Ақадырлықтар бұл нысанның үйлеріне жүз метрдей жерде ғана орналасқанын айтып қынжылады.

Шет ауданы әкімінің айтуынша, компанияға жер телімін темір жол торабын ұзарту үшін беріпті.

"Халық қарсы болып шықты, елдің пікірі қалай да ескеріледі деген ойдамын. Рұқсатты сәулет-құрылысты бақылау саласы береді. Дегенмен әлі рұқсат етілген жоқ. Сондай-ақ бұл мәселені қарайтын мемлекеттік экологиялық сараптама бар. Олар да тұрғындардың пікірін есепке алады", – деп мәлімдеді Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов.

Алайда қойманы салуға ниет білдіріп отырған "Saryarka Copper Processing" компаниясының өкілдері тілшілерге сұхбат беруден бас тартты.

Экологтар күкірт қышқылының адам денсаулығына зиян екенін айтқанмен, егер оны тасымалдау ережесі бұзылмаса, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді деп пайымдайды.

"Бізге жобаны қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау үшін  көрсеткен, дегенмен жоба жаман емес. Алайда оларда сызба жоқ. Сызбада бұл қойманың елдімекендегі тұрғын үйлер арасындағы қашықтықтың қанша екені көрсетілуге тиіс. Бұл ең басты мәселе. Мұндай нысандардың үйлермен арақашықтығы 500 метрдей жерді құрауға тиіс", – дейді тәуелсіз эколог, Қарағанды экологиялық мұражайының директоры Дмитрий Калмыков.

Дегенмен ақадырлықтардың үрейін туғызған күкірт қышқылын сақтау қоймасына қатысты нақты шешім қабылданған жоқ.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу