Әкімдер ағылшынша жауап беруге міндеттеледі

21176

Инвесторлар үшін жаһандық шайқаста өз "несібесінен" айырылып қалмау мақсатында ел үкіметі теңдесі жоқ шараларға бармақ.

Әкімдер ағылшынша жауап беруге міндеттеледі

Биыл аяқталатын Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 2019 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін 4,5 триллион теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылған болатын. Бұл мақсатқа толықтай қол жеткізу мүмкін бе?

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестициялардың ағымы 20,8 миллиард АҚШ долларын құрады. Егер қазіргі бағамға шақсақ, бұл шамамен 6,5 триллион теңге.

"Бұл ретте дәл осы Индустриаландыру бағдарламасы аясында нысанаға алынған салалар инвестиция үшін тартымды болуда. Біздің елде инвестициялық саясат инвестрларға барынша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Бүгінде Қазақстан инвестициялық әлеуеттің жоғары деңгейін паш етуде және тікелей инвестицияларды тарту бойынша Орта Азияда көшбасшы болып табылады. Еліміздің үлесі Орта Азияға тартылған барлық тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 70%-ын құрайды", – дейді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.  

Оның мәліметінше, тәуелсіздік жылдарда Қазақстанға шамамен 300 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Құпиясы жоқ, бұл қаражаттардың басым бөлігі шикізат өндірісіне, мұнай-газ, тау-кен саласына салынған. Бірақ қазір жағдай өзгешелеу көрінеді.

"Атап өтуіміз керек, егер 2009 жылы, яғни бірінші бесжылдықтың басында тікелей шетелдік инвестициялар құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі небары 8,5% ғана болса, ал қазір инвестицияның төрттен бір бөлігі, яғни 5,2 миллиард доллары өңдеу өнеркәсібіне келеді. Ал тұтастай алғанда, шикізаттық емес сектордың үлесі 51,5%-ға жетті және 10,7 миллиард долларды құрайды", – деді министр.  

Осы орайда біраз өңірлердің жатжұрттық инвесторлар тарту бойынша көш соңында қалғаны аз болғанындай, кейбірін тіпті инвестициялар жатсынып, кетіп жатқаны анықталуда. 

"Өңірлерге қатысты тарата айтсақ, 2017 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік инвестицияларды тарту жөнінен көшбасшылық орынға Атырау облысы шықты: оның көрсеткіші бір жыл ішінде 36,7%-ға артып, 7,7 млрд доллар болды. Екінші орынға 19,3%-дық өсіммен және 4 млрд доллар сомамен Алматы қаласы шықты. "Үштікті" 14,1% өсіммен және 2,9 млрд доллар инвестиция көлемімен Шығыс Қазақстан облысы тұйықтайды. Инвестициялардың ең аз ағыны Ақмола облысына (өсім 0,4%, сомасы 0,07 млрд доллар), Солтүстік Қазақстан облысына (0,1%, 0,02 млрд доллар) тиесілі. Ал Қостанай облысынан 0,1 млрд доллар көлемінде кері кету-отток байқалады", – дейді министр.

Елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 24 индустриалды аймақ құрылып, іске қосылды. Алайда АЭА аумағындағы жобаларға салынған инвестициялардың төрттен бір бөлігінен сәл астамын ғана шетелдік инвестициялар құрайды.

Қазақстан үкіметінің "климатты" жақсартқанына сеніп, миллиондарын бізге алып келген жаңа ірі инвесторларды санап шығуға да болады. Үкімет олардың қатарында "Альстом", "Тальго", "Еурокоптер", "Трансмашхолдинг", "Тенарис", "Бемер", "Кеппел", "ИзоПлюс", "Аселсан", "Парамаунт групп" сияқты трансұлттық компанияларды атайды.

Сонымен бірге, ең үздік деп саналатын "Астана" АЭА-сының өзі қазір 95%-ға толтырылған. Бұл аймақ аумағында өндіріс көлемі 1 триллион теңгеден асты, 3700 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Жалпы, арнайы экономикалық аймақтар құрылғалы бері 165 жоба, ал индустриялық аймақтарда 115 жоба іске қосылыпты. 13 мың жұмыс орны ашылды.

"Біздің министрлік "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" жаңа заң жобасы әзірледі және парламент мәжілісінің қарауына енгізді. Бұл заң АЭА және ИА қатысушылары жер учаскелерін алуы үшін жеңілдетілген тәртіпті енгізеді, АЭА және ИА-лардың басқару органдарын жер және мүлік салығынан, сондай-ақ жердің арендалық төлемдерінен босатады. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар мәртебесін нығайтады әрі функционалын кеңейтеді", – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, Қытай жақтан инвестициялардың үлкен толқыны келеді деп күтілуде. Қазіргі кезде бірлескен қазақ-қытай инвестиялық жобаларының тізімінде жалпы құны 27,7 миллиард долларды құрайтын 51 жоба бар көрінеді. Бұл ретте шың елінің инвесторлары бұған дейін Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына тамыр жайып үлгерген: олар бұл өңірлерімізде машина жасау, мұнай өндеу, химия, тамақ өнеркәсібі және логистика салалары бойынша жалпы құны 143 млн доллар болатын 4 жобаны жүзеге асырды.

Енді қытайлықтармен бірлескен жобалар Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінде қолға алынатын болады. Бүгінде жалпы көлемі 7 миллиард доллар қаржы салынатын 11 зауыт-кәсіпорынның құрылысы бастау алған. Оның алтауы осы 2018 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда.

Олардың арасында инфрақұрылым, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен металлургиялық кешен, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы жобалар бар. Бұлар ойдағыдай іске асар болса, қазақстандықтар үшін ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс.

Әрине, бұл істе Қытаймен шектелуге болмайды. Бір елдің монополиясы сол мемлекетке тәуелділіктілікті туғызады. Сондықтан Қазақстан өзге шетелдерден де экономиканың басым секторларына инвесторлар тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

Осы мақсатта инвестициялар және даму министрлігі жүзеге асырылып және қазір пысықталып жатқан барлық инвестжобалардың 2018-2020 жылдарға арналған үлкен портфелін қалыптастырған. Бұл тізімге шетелдік бизнес қатысатын 140 жоба кіріп отыр. Олардың барлығы аяғына дейін жеткізілсе, қазақ елінің экономикасына екі жыл ішінде 43,8 миллиард доллар инвестиция құйылады.

Бірақ алда әлемнің әр атырабынан бізге қарай арқырап ағатын инвестициялар тасқынын еселеп арттыру үшін оның арнасын кеңейту көзделуде. Осыған орай бұрын елдің көзі көріп, құлағы естімеген шаралар жүргізіледі. Және олар ел өмірінің әр саласына түбегейлі дерлік өзгерістер әкелуі мүмкін. Бұл жаңашылдықтар жайын жақында "Kazakhstan Global Investment Roundtable" жиыны аясында инвесторлармен жүздескен үкімет басшысының өзі жария етті. Ол үкіметтің "бизнеске тиімді, жақсы жағдай жасау" үшін ең батыл шешімдерге баруға дайындығын мәлімдеді.

"Біріншіден, біз инвесторларға ұсынылатын консультациялық қызметтерді күшейтеміз. Бұдан былай мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жіберген сіздердің әрбір сұрағыңызға жауап он жұмыс күні ішінде және ағылшын тілінде берілетін болады. Екіншіден, 2020 жылдан бастап, біз шетелдік инвесторларға мемлекеттік қызметтерді ағылшын тілінде ұсынуға кезең-кезеңмен көшеміз. Сол себепті Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО), мемлекеттік клиникаларға, мектептерге, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен бала бақшаларға, көші-қон және салық қызметтеріне арнайы түрде ағылшын тілін білетін қызметкерлер жұмысқа қабылдана бастайды", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Үшіншіден, Қазақстанда инвесторлар үшін барлық негізгі нормативтік және құқықтық актілер, заңдар әділет, инвестициялар және даму, сыртқы істер министрліктерінің интернет ресурстарында және "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының сайтында ағылшын тілінде жарияланып тұрады. Бұған дейін Ата заң талабы бойынша заңдар тек мемлекеттік тіл мәртебесі бар қазақ және ресми тіл саналатын орыс тілдерінде ғана басылатын.

Төртіншіден, үкімет шетелдік инвесторларға елге еркін кіруі үшін жақсы жағдай жасауды жалғастырмақ. Оның аясында ең алдымен электрондық виза енгізіледі, шекарадан өту, көші-қон есебіне тұру оңайлатылады.

"Барлық осы төрт бағыт бойынша әрбір уәкілетті орган қажетті жұмысты жасайды", – деп түйді премьер.

Осылайша, Қазақстан шетелдік инвесторларды жаңа іскерлік биіктерді бірге бағындыруға шабыттандырмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу