Ақсайда сұйық азот өндіріледі

3939

Қарашығанақта қазақстандық үлес көбейіп келеді.  

Ақсайда сұйық азот өндіріледі

Мұнай өңдеу және өзге де салаларда сұйық азотқа деген сұраныс жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Ақ Жайық өңірінде сұйық азотты негізінен Қарашығанақ кен орны пайдаланады. Бұған дейін кеніштің қажеттілігін Орал азот зауыты ішінара қанағаттандырып отырды. Ал жетпеген шикізат Ресейден тасымалданды.

Алдағы уақытта көрші елдің сұйық азотына тапсырыс беру тоқтатылады.  Себебі "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В." ("ҚПО б.в.") компаниясы күзде Ақсай қаласынан сұйық азот өндіретін цех ашады. Мұнда тәулігіне 20 тонна, айына 600 тонна сұйық азот өндіріледі. Ал кенішке орта есеппен бір айда 80-90 тонна сұйық азот қажет.

Сұйық азот өндіретін цех құрылысын батысқазақстандық "РТ-Альянс" компаниясы жүргізіп жатыр. Аталмыш компания бұған дейін "ҚПО б.в."-ға Ресейдің Новотроицк қаласынан сұйық азот жеткізіп тұрған.

"Құрылтайшыларымыз сұйық азотты Қарашығанақ пен Атыраудағы кеніштерге Ресейден тасымалдап жүрді. Логистикалық шығын шаш етектен еді. Бұған қоса Новотроицктегі зауыттан сұйық азот алу үшін жарты жыл бұрын кезекке тұратынбыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті жерде өндіріс орнын ашу туралы шешім қабылданды. Ізінше Қытай мен Ресейден сұйық азот өндіруге қажетті құрал-жабдық  әкелінді. Жақында арнайы көлік және сұйық азот сақтауға арналған сыйымдылығы 20 тонна болатын бес бөшке сатып алуды жоспарлап отырмыз", – деді "РТ-Альянс" ЖШС-ның қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі Арман Есекенов.

Оның сөзінше, цехтың Ақсай қаласында салынуы кездейсоқтық емес.

"Ақсай мен Қарашығанақ кенішінің арасын шамамен бір сағатта жүріп өтуге болады. Бұрын тапсырысты дер кезінде орындау оңайға соқпайтын. Болашақта біз уақыттан ұтамыз және қаржы үнемдейміз", – деді Арман Есекенов.

Аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген жоба аясында әзірше 10 жас маман жұмыспен қамтылды.

Айта кетейік, "РТ-Альянс" ЖШС мұнай құбырларына қызмет көрсету ісін де қолға алды. Бұрын бұл жұмысты шетелдік компаниялар атқаратын.

Осылайша Қарашығанақ кен орнында қазақстандық үлес біртіндеп көбейіп келеді. Бұл отандық компаниялардың бәсекеге қабілетті бола бастағанының белгісі болса керек.

Сәкен Мұратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу