АҚШ ОПЕК-ті сотқа беруі мүмкін

100 долларлық мұнай дүниежүзілік экономикаға қалай әсер етеді?

03 Қазан 2018 07:03 Автор: Арыстан Рысбек
АҚШ ОПЕК-ті сотқа беруі мүмкін,  АҚШ, ОПЕК, мұнай, Иран, Дональд Трамп

Мұнай қымбаттап жатқандықтан, оның бағасы 2014 жылдан бері алғаш рет 100 долларға жетеді деген болжам жиі айтыла бастады. Бұдан ұтатындар да, ұтылатындар да болады: энергетикалық отын экспорттаушылар компаниялар мен мемлекеттердің қазыналарын қайта толтырса, импортерлер-елдерде инфляция өсіп, сұраныс төмендейді.

Дегенмен Bloomberg Economics-тің зерттеуіне жүгінсек, 2018 жылы мұнай құнының 100 долларға дейін көтерілуі әлемдік өсімге 2011 жылдағыдай соншалықты әсер етпейді. Өйткені қазіргі экономика энергияға бұрынғыдай қатты тәуелді емес.  

Қымбат мұнай отбасылық табысты төмендетіп, тұтынушылық шығындарды арттырады.  Бірақ мұның әсері әртүрлі болуы мүмкін. Еуропа қымбат «қара алтынның» алдында осалдау. Себебі бұл континенттің көбі мұнай импорттаушылар. Қытай да – энергетикалық шикізатты сырттан сатып алатын ең ірі мемлекеттердің бірі. Сондықтан көмірсутегінің бағасы шарықтаса, мұнда да инфляция жоғарылауы ықтимал. Болжамдарға қарағанда, мұнай осылай қымбаттай беретін болса, жер шарының теріскей бөлігінің тұтынушылары көп шығындалмау үшін биологиялық отын мен табиғи газға көше бастайды. Мысалы қазір Индонезия экономикасының импорттық отынға тәуелділігін шектеу үшін биологиялық отынды көбірек қолдану жолдарын қарастырып жатыр.

Әлем экономикасы 100 долларлық мұнайды қалай қабылдайды?
Bloomberg Economics-тің мәлімдеуінше, бағасы 100 долларлық мұнайдың әлемдік өсімге пайдасынан зияны зор. Себебі 2011 жылдан бері дүниежүзілік экономика маңызды өзгеріске ұшырады.

«Америкадағы тақтатас революциясы, энергетикалық нарық қарқынының төмендеуі, жалпылама бағаның біршама жоғарылауы әлемдік өсімге бұрынғыдан аздау ықпал етеді», – ­деп жазылған Джеймс Мюррей бастаған экономистердің таяуда жариялаған баяндамасында.

Иран мен Трамп мұнай нарығына қалай әсер етеді?
АҚШ-тың Иранға қайта санкция жариялауы қазірдің өзінде бұл мемлекеттің мұнай экспортын шектеп отыр. Президент Дональд Трамп ОПЕК-ті шикізатты көптеп шығарып, бағаны түсіруге үндеп келеді. Бұған қоса Венесуэла, Ливия, Нигерия тәрізді елдерде экономикалық құлдырау мен азаматтық көтерілістердің салдарынан көмірсутегін өндіру мен әлемдік нарыққа жеткізу мұңға айналып отыр. Соған қарамастан Goldman Sachs банкі сарапшыларының болжамынша, мұнай бағасының 100 доллардан асып кетуі екіталай.

Қымбат мұнайдан кімдер ұтады?
Сауд Арабиясында энергетикалық шикізат нарығы 2016 жылы жалпы ішкі өнімнің 21 пайызын иеленді. Яғни Ресеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Ресей тұтушы елдер арасында Саудиядан кейінгі орында тұр. Bloomberg Economics қымбат мұнайдан табысқа кенелетіндер санатына Нигерия мен Колумбияны да енгізген. Кірістің артуы бұл мемлекеттерге бюджетті қайта толтырып, қаржы тапшылығын жойып, үкіметтерді шығынды арттыра отырып, экономикаға инвестиция тартуға мүмкіндік бермек.

Кім ұтылады?
Үндістан, Қытай, Тайвань, Түркия, Мысыр, Украина – ұтылатындар қатарында. Мұнай бағасы шарықтаса, бұл елдерге оңай болмайды. Өйткені оларға энергетикалық шикізатты сырттан қымбатқа сатып алуға тура келеді, қарыз қайтару қиындап, валюта азаяды, инфляция көтеріледі.

Қымбат мұнай әлемнің ең ірі экономикасы үшін нені білдіреді?
Бірқатар экономистердің пікірінше, әлем нарығында мұнай бағасының өсуі АҚШ экономикасына бұрынғыға қарағанда азырақ қауіп төндіреді. Өйткені Құрама Штаттарда тақтатастан отын алу өнеркәсібі өркендеп, мұнай импорттау деңгейі жыл өткен сайын төмендеп келеді. Дегенмен бұл жағдай өндірістік деңгейде экономикаға оң әсер еткенімен, қарапайым тұрғындар отын бағасының өскенін сезбей қалуы мүмкін емес. Себебі америкалықтар салық төлегенге дейінгі табысының 8 пайызын бензинге жұмсайды.
 

Қымбат мұнай дүниежүзінде инфляцияны көтере ме?
Энергетикалық отын құнының шарықтауы тұтынушылық бағаларға әрдайым ықпал еткен. Сондықтан, кейбір мемлекеттерде саяси басшылық энергетикалық шығындарды азайтуға тырысады. Экономистердің ойынша, бүгінде мұнай бағасының өсуі жалпы инфляцияның тұрақты түрде көтерілуіне себеп болады, егер шығындар тасымалдауға және коммуналдық қызметтерге байланысты болса.

Көмірсутегі құнының өсуі орталық банктер үшін нені білдіреді?
Bloomberg Economics-тің өзге бір болжамынша, егер мұнай құны өсе беретін болса, орталық банктерде монетарлық саясатты шектеуге себеп азаяды. Энергетикалық қымбатшылық алдында өзін осал сезінетін елдер қатарында Үндістан бар. Оның ұлттық банкінің жетекшілері қазірдің өзінде импорттық мұнайдың экономикаға  әсер ететінін ескертіп отыр. Сонымен қатар бағаның өсуі Таиланд, Индонезия тәрізді мемлекеттерді ақша-несие саясатын жедел түрде қатаңдатуға итермелеуі ғажап емес.

Арыстан Рысбек