АҚШ Ресей экономикасына қалай көмектесіп қойғанын өзі де білмей қалды

Трамптың Теһранмен тайталасы тамыздан бері мұнай бағасын 14 пайызға көтеріп, РФ бюджетіне түсетін салмақты айтарлықтай жеңілдетіп отыр.

18 Қазан 2018 10:17 Автор: Арыстан Рысбек
АҚШ Ресей экономикасына қалай көмектесіп қойғанын өзі де білмей қалды, Ресей, АҚШ, санкция, мұнай, қымбаттау, Лукойл, Роснефть

Америка Құрама Штаттары жариялаған санкциялар әлемде энергетикалық шикізат бағасын көтеріп,  абайсызда Ресей экономикасының қайта өркендеуіне себепші болып, Кремльдің мүддесіне қызмет етіп жатыр.

Трамп әкімшілігі биыл Теһранмен жасалған ядролық келісімнен біржақты түрде шығып, Иранға қарсы санкцияларды қайта жандандырғаны белгілі. Жаңа эмбаргога сәйкес, Вашингтон өзге мемлекеттердің Ислам Республикасынан мұнай сатып алуына жол бермеуге тиіс. Демек, нарықта отын азайып, оның құны өсіп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, тамыздан бері көмірсутегінің бағасы 14 пайызға көтерілген екен.

Ақ үй «Америкада өткен президенттік сайлауға араласты, Украина мен Сирияға әскер кіргізді» деген себеппен биыл сәуірде Мәскеуге санкция жариялағаны белгілі. Содан бері рубль доллардың қасында 15 пайызға әлсірепті.

Алайда, Ресей өз мұнайын долларға ғана сатады. Ал, сол экспорттық валютаны рубльге айналдырғанда, экономикаға бұрынғыдан әлдеқайда көп қаржы түседі. Мысалы, «Уолл Стрит Джорнал» газетінің мәліметінше, 2017 жылдың соңында шетелге шығарылған бір баррель мұнай ресейлік шикізат сатушыларға 3835 рубль әкелсе, қазір 5262 рубль әкеліп, елге келетін ақша көлемін 40 пайызға арттырып отыр.

«АҚШ-тың санкцияларынан ең көп ұтқан компаниялар – «Ростнефть» пен «Лукойл». Бұл алып кәсіпорындар кіріс бәсекесінде өздерінің батыстағы «әріптестерін» оп-оңай басып озды. Екеуінің акциялары биыл, сәйкесінше, 56 және 39 пайызға өскен»,  – деп хабарлайды Американың WSJ басылымы.

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, осы мысалдың өзі Құрама Штаттар санкцияларының Ақ үйге жақпаған елдердің тәртібіне шамалы ғана әсер ететінін айғақтап берген.  Ал, Ресейдің америкалық эмбарголарға төтеп беруіне оның мемлекеттік қарызының жалпы ішкі өнімнің небәрі 17 пайызына ғана жетуі және мол валюталық резерві (500 млрд долларға жуық) себепші.

Мәскеу Карнеги орталығының ғалымы Андрей Мовчанның пікірінше, Ресейдің долларға негізделген мұнай экспорты әлеуметтік шығындарды рубльмен жеңіл өтеуге мүмкіндік беріп отыр, яғни, күшті доллар бүгінде көп рубль сатып алудың құралына айналған.  

«Батыс саясаткерлері рубльдің құнсызданып бара жатқаны туралы әңгіме айтқанды жақсы көрсе де,  Ресей валютасының биыл 25 пайызға әлсіреуі – мемлекеттік бюджет үшін игілік. Президент Владимир Путиннің бағына орай, Ресейге көмірсутегі экспортынан доллар көптеп келіп жатыр, ал, әлеуметтік шығындар мен ірі жобалар рубльмен есептеледі», – дейді Мовчан.

Вашингтонның Иранға қарсы жаңа санкциялары қараша айының басында өз күшіне енеді. Демек, Иран экспорты тіпті шектеліп, ғаламдық нарықта «қара алтын» мөлшері азайып, оның құны тағы да артуы мүмкін. Осы жағдайды пайдаланып, Сауд Арабиясымен бірге Ресей де өндірісті арттыратынын мәлімдеп үлгерді. Айта кетсек, онсыз да Ресейдің төрт энергетикалық алпауыты – «Роснефть», «Газпром», «Лукойл» және «Новатек» компаниялары биыл мұнай мен газ өндірісін рекордтық деңгейге жеткізді.

Дегенмен, АҚШ қараша айында Мәскеуге де жаңа санкция жариялауды жоспарлауда. Бұл жазалау шараларына Ресейдің энергетикалық компаниялары да іліксе не болмақ? Қазір инвесторларды осы мәселе толғандыруда.

Өткен айда Еуропа одағы, Қытай, Ресей Вашингтонның Иранға енгізген санкцияларын айналып өту жоспарын жариялады. Оның мақсаты – Теһранның мұнайын өзге валютамен сатып алу. Ал, ресейлік компаниялар санкцияға ұшырайтын, жоғарыда аталған «үштік» әлемдік энергетикалық нарықты тұрақтандыру үшін қандай әрекетке баруы керек? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.  

Көптеген сарапшылардың ойынша, Ресейдің энергетика индустриясы Вашингтонның қаһарына ілігетін болса, Еуропа одағына қиын болады. Өйткені, бұл континент елдеріне арзан мұнай мен газ сататын басқа мемлекет жоқ. Кейбір болжамдарға қарағанда, Еуропаға не сұйытылған табиғи газға (СТГ) көшуге, не санкцияларды айналып өту үшін  Ресеймен жұмыс істеуге тура келеді. Дегенмен,       СТГ өте қымбатқа түседі. Сондықтан, Брюссельге АҚШ-тың сыртқы саясатымен санаспауға тура келейін деп тұр.

Арыстан Рысбек