Ақшұқыр ауылында су тұщыту зауыты салынады

8520

Маңғыстау облысы әкімдігі мен "Халық" қайырымдылық қоры Ақшұқыр ауылында қуаттылығы тәулігіне 4000 текше метр су тұщыту зауытын салу бойынша меморандумға қол қойды. "Халық" қайырымдылық қоры бұл жобаға 300 млн теңге бөледі. 

Ақшұқыр ауылында су тұщыту зауыты салынады Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

"Халық" қоры мұндай әлеуметтік жобаларды қолдауға дайын. Бізді өңірдегі ауыз су тапшылығы алаңдатады. Бұл мәселені толығымен шешіп, Ақшұқыр ауылының 10 мыңнан астам тұрғыны сапалы су алатын болады. Қор демеушілері Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-қайырымдылық жобаларын дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлді", – дейді Нариман Әбілшайықов.

Түпқараған ауданы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Алтынғалиевтың айтуынша, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылы Ақтау қаласына жақын маңайда орналасқандықтан, қарқынды дамып келеді.

"Қазіргі таңда екі ауылда 27 мыңға жуық халық тұрады. Ақшұқыр ауылында тәулігіне келетін судың мөлшері 1500 текше метрді құрайды. Біздің демеушілерге деген алғысымыз шексіз. Жергілікті халық қала тұрғындары секілді сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады",– деді Талғат Алтынғалиев.

Ауыл ақсақалы Оңайбай Әбдірахманов су тапшылығы Ақшұқыр ауылының үлкен мәселесіне айналғанын айтады.

"2007 жылдан бастап Ақшұқыр ауылында су тапшылығы қатты біліне бастады. Тұрғылықты халық, әсіресе, бау-бақша баптайтын бағбандар бұл мәселенің шешімін тағатсыздана күтіп жүр. Аптап ыстық салдарынан жасыл желек қурап, қыруар еңбек зая кетуде. Қазіргі таңда жергілікті әкімдік суды арнайы көлікпен жеткізіп отыр. Енді 2-3 айдың көлемінде өзекті мәселе шешімін тапса, қуаныштан төбеміз көкке жетпек", – дейді ақсақал.

"Халық" қайырымдылық қорының кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламасы шеңберінде "Алека" ЖШС өкілі Олжас Қаржауов Сайын Шапағатов ауылындағы су тапшылығын шешу мақсатында арнайы су тұщыту зауытын іске қосқан.

Біз "Халық" қорының серіктестерінен 350 млн теңгеге жеңілдікті несие алдық. Нәтижесінде, Саин Шапағатов ауылында суды тұщыту үшін құрылғы салынды. Бүгінгі таңда біз 10 мың тұрғыны бар ауылға су беріп отырмыз. Қазіргі таңда зауыттың қуаттылығы тәулігіне 1200 текше метр су өндіреді. Оның 1000 текше метрін біз орталық құбырға, яғни, халықтың пайдалануына беріп жатырмыз. Алдағы уақытта жер астынан келетін судың көлемін 2600 текше метрге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Ауылдағы барлық 2000 үй сумен толықтай қамтамасыз етіледі. Ал, әзірше, 600-дей үйге ғана су құбыр арқылы жөнелтіліп отыр", – дейді кәсіпкер.

Орталық құбыр арқылы ауызсуға қолы жеткен жандардың бірі – Талшын Мақсұтқызы. Бүгінде Талшын ханым егін егіп, ауласындағы жеміс ағаштары өнім бере бастаған.

"Биылғы наурыз айынан бастап, қаладағы жүйе секілді үйіміздегі құбырларға су келді. Маңғыстау өңірінде жазда аптап ыстық. Бүгінде немерелеріммен бірге бау-бақшамызды суарып, жемісін көріп отырмын. Осы орайда, "Халық" қайырымдылық қорына алғыс айтқым келеді", – деді Сайын Шапағат ауылының тұрғыны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу