Ақтөбенің Ақтолағайына шетелдіктер таңдана қарайды

611

Ақтөбе өңірінің табиғатын тамашалауға келетін туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 103,8 пайызға артқан.

Ақтөбенің Ақтолағайына шетелдіктер таңдана қарайды Фото: Ашық дерек көздерінен

Әсіресе, Байғанин, Қарғалы аудандарына апаратын туристік маршруттар үлкен сұранысқа ие. Байғанин ауданының аумағындағы "Ақтолағай" үстірті – ерекше орындардың бірі.

Алып үстіртті көргенде құдды бір басқа планетаға түскен күйде боласыз. Көз алдыңызда иен даладағы шахмат тақтасы мен ондағы фигуралар елестейді. 

– Бастапқыда Ақтолағай жергілікті туристер үшін қызықты болса, уақыт өте келе шетелдіктердің қызығушылығы артты. Сырттан келіп жатқандар өте көп. Сұраныс үлкен турларға келсек, туристерге өзіндік тарихы, аңызы бар жерлер өте қызық. Тылсым оқиғалар болған жерді көргілері келеді. Аңыз әңгімелерді сұрайды, – деді туристік фирманың басшысы Еркебұлан Аймұратұлы.

Қазір Ақтөбе облысындағы туристік маршруттарды ұйымдастырып жүргендердің бірі – осы Еркебұлан Аймұратұлы. Байғанин ауданындағы Аққұм мен Ақтолағайдан бөлек, демалушыларды Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасына апарады. Күзге таман Орқаш тауларына апаратын туристік маршруттарын ашпақшы. 

– Ішкі туризм онан әрі дамытып, жолға қоюға тек жол қатынасы ғана кедергі. Нашар жолмен қатынау өте қиын. Одан басқа үлкен проблема жоқ. Қазір біртіндеп кемпинг аумақтар ашылып жатыр. Мысалы, орман ішінде палатканы құрып, демалуға жағдай бар. Қауіпсіздік жағын да мықтап ойластырған, – дейді Е.Аймұратұлы. 

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасындағылардың айтуынша, орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілер саны биылғы жылдың бірінші тоқсанында 35,4 мың адамды құраған. 

– Оның ішінде резиденттер – 29,5 мың адам, резидент еместер – 5,9 мың адам. Төсек-орын саны – 5 580 бірлікті құрады. Ал осы туризм саласына қаңтар-маусым айларында 9,0 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 15,2 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Әуез Арызғұлов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу